ЖИГУЛИ ДАЙРАБАЕВ МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН АРАЛАДЫ

Уақыты: 16.11.2022
Оқылды: 881
Бөлім: САЯСАТ

ҚР Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Маңғыстау облысына барып, жергілікті жұртшылықпен кездесулер өткізді.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының хабарлауынша, үміткер ең алдымен Мұнайлы ауданында орналасқан «Сауқымбек» ұн тарту зауытының ұжымымен жүздескен. Бірнеше жыл бұрын іске қосылған өндіріс ошағы жоғары сұрыпты ұн өндіріп, 70-ке жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Ұн тарту зауытынан кейін мал бордақылау кешеніне барған Жигули Дайрабаев Мұнайлы ауылының тұрғындарымен кездесіп, төрт түлікке қажетті жемшөп дайындау жайын ерекше назарға алып, өзекті мәселелерді сұрады. Соның ішінде мал бордақылау кешені суды тасымалдап отырғанын, ауызсу жағдайы өзекті екенін  біліп, бүгінгі күні әлемде басты проблемаға айналған суға сұраныс толастамайтынын алға тартып, мәселені мемлекеттік деңгейде ғана шешуге болатынын ескертті.

Бұған дейін Жигули Дайрабаев үгіт-насихат тобының өкілдері еліміздің барлық аймағында, атап айтқанда, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Жетісу, Алматы, ШҚО, Абай облыстарының сайлаушылармен кездесу өткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"