Мәулен Әшімбаев Жетісу облысының жұртшылығымен кездесті

Уақыты: 29.08.2023
Оқылды: 1049
Бөлім: САЯСАТ

Жетісу облысына арнайы іс-сапармен келген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Текелі, Талдықорған қалаларына барып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, халықпен кездесті. Басқосу барысында өңірді дамыту мәселелері, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жоспары, Текелі қаласының инфрақұрылымына қатысты өзекті мәселелер және Сенат пен мәслихаттардың өзара іс-қимылының келешегі талқыланды.

Алдымен Сенат Спикері Талдықорғандағы «Салтанат» сарайында облыстың барлық деңгейдегі депутаттары және қоғам өкілдерімен кездесті. Шарада Мәулен Әшімбаев ел Президентінің бастамасымен қолға алынған реформалардың іске асырылуын сапалы түрде қамтамасыз ету Палата мен мәслихаттардың бірлескен жұмысындағы аса маңызды міндет екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ауқымды өзгерістер орын алып жатыр. Бұл ретте біздің басты мақсатымыз – баршаға тең мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстан құру. Осылайша еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Осындай ортақ мақсат жолында ел болып жұмылып, бекем бірлік таныту айрықша мәнге ие. Бұл мемлекеттілігімізді нығайтып, Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін қажет», – деді Палата Спикері.

Сондай-ақ ол Сенаттың заң шығару қызметіне тоқталып, өңірлермен тиімді өзара қарым-қатынас орнатудың маңызды екеніне баса назар аударды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев объективті және тәуелсіз сот әділетті мемлекеттің негізі екенін айтты. Соған сәйкес Сенат жанынан сот жүйесін реформалауды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін жұмыс тобы құрылды. Бұл бағытта қабылданатын заңдар тәуелсіз, ашық және кәсіби сот жүйесін құруға ықпал етеді деп сенеміз. Жаңа сессияда сенаторлардың бастамасымен әзірленген бірқатар заң жобасын қараймыз. Олардың қатарында жайылымдық жерлерді пайдалану, органикалық өнім өндіру мәселелері бойынша заң жобалары бар. Осындай ауқымды жұмыста өңірлердегі әріптестеріміздің тәжірибелері мен пікірлері аса маңызды. Сондықтан біз мәслихат депутаттарымен белсенді әрі тығыз жұмыс істеуді көздеп отырмыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата Төрағасы Сенат жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес пен «Өңір» депутаттық тобының жұмысы жайлы да айтып өтті. Аталған екі институттың қызметі аймақтардағы проблемаларды шешуге ықпал етуге арналған. Десе де өңірдің өткен жеті айдың нақты көрсеткіштеріне көз салатын болсақ, әлеуметтік-экономикалық салалардың барлығында өсім бар. Мәселен, өнеркәсіп көлемі 8,9%-ға артқан. Ауыл шаруашылығы өнімі 1,4%-ға өсіп, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,7 есеге ұлғайған. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 18,1%-ға, сауда 1,7 есеге өскен. Жыл басынан бері облыс экономикасына 119,6 млрд. теңге инвестиция тартылыпты.

– Бұл көрсеткіштер Жетісу жұртшылығының, әкімшіліктердің, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен үкіметтік емес ұйымдарымен бірлесе атқарылған ортақ жұмыстардың нәтижесі. Биылғы жылы өткен барлық деңгейдегі депутаттар сайлауының нәтижесінде Жетісу облысының депутаттар құрамы 75%-ға жаңарып, 6 саяси партия филиалдарының өкілдері енді. Біз, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бойынша ашықтық мәселесіне баса назар аударамыз. Жыл басынан барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен офлайн, онлайн байланыста 1215 кездесу ұйымдастырылды. Оған 116106 адам қатысып, тұрғындар тарапынан 4607 мәселе көтерілді. Сонымен қатар, 1188 жеке қабылдау өтті.  – дей келе Бейбіт Исабаев.

Кездесуде облыс депутаттары Лепсі-Балқаш тас жолының жөндеу жұмыстарының салғырттығын және Ақши ауылындағы жарық желілерінің ескіргенін жеткізді. Сондай-ақ Талдықорған қаласының іргесіндегі саяжайларға статус берілуін сұрады. Сенат спикері бұл мәселелер көп ұзамай шешімін табатынын жеткізді.

«Жетісу облысында 2025 жылға дейінгі дамуды қамтамасыз ететін кешенді жоспар қабылданды. Онда ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті, инфрақұрылымды және туризмді дамытуға баса мән берілген. Жоспарда көрсетілген міндеттерді іске асыру үшін облыс экономикасына 1 трлн. теңгеден астам инвестиция тарту көзделіп отыр. Осы ауқымды істі жүзеге асыруға Сенат тарапынан қолдау көрсетеміз. Біз бұл бағытта бірлесіп, жүйелі түрде жұмыс істегеніміз абзал», – деді Мәулен Әшімбаев.

Осыдан кейін Сенат төрағасы «Жастар» спорт сарайына барып, боччашылармен кездесіп, жаттығуларын көрді. Айта кетейік, Бочча ойыны қазіргі боулинг пен петанктың, керлингтің атасы. Оны спорт түрі ретінде де, мүгедектерді оңалту-сауықтыру бойынша мақсатында пайдалануға болады. Елімізде бочча спорт федерациясы 2021 жылы құрылды. Бүгінде республика бойынша 10 филиалы бар.  Федерация президенті болып Мәулен Сағатқанұлы тағайындалды. Жетісу облысының құрылуына орай федерация филиалы 2023 жылдың шілде айында «Жетісу облысының бочча федерациясы» қоғамдық бірлестігі болды. Ал Талдықорған қаласында бочча спортының ашылғанына 2 жыл болды. Осы уақыт аралығында облысымыздың спортшылары  «Children parоlimpic gamеs» атты екі республикалық турнирде былтыр 1 күміс, 3 қола, биыл 4 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде жеңіп алды. Осы жылы Қазақстан Республикасы Чемпионатыда BC2  класы бойынша Куаныш Аскарбеков чемпион атанды.  Оған облыс әкімнің ай сайынғы шәкіртақысы тағайындалды.

Келесі кезекте Мәулен Сағатқанұлы Құлжабай Қасымов атындағы №28 ІТ мектеп-лицейіне барды. Ол жерде оқушылар мен педагогтардың өзін өзі дамыту тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және әкімдік тарапынан мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу жайында сөз қозғалды.

Сапар соңында Сенат Спикері Текелі қаласының тұрғындарымен кездесті. Мұнда өңірді дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.

«Қалада канализациялық-тазарту нысаны әбден тозған. Бүгінде бұл өте өзекті мәселе екенін білеміз. Осы проблеманы шешу үшін жаңа тазарту стансысы салынып жатыр. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс Сенаттың бақылауында болады. Облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспарында экономиканы дамыту және инфрақұрылымды жақсартумен бірге әлеуметтік салаға да ерекше басымдық берілген. Соған байланысты алдағы үш жылда өңірде бірқатар тұрғын үй, мектеп, медициналық мекемелер салынбақ. Осы орайда облыс басшылығы Текелі қаласының дамуына ерекше мән береді деп сенеміз», – деді Палата Спикері.

Айдар ҚАЛИЕВ