Ермұрат Бапи Ұлттық Олимпиада комитеті туралы: Шал-шауқандардың басшылығымен жеңіске жету қиын

Уақыты: 18.01.2024
Оқылды: 971
Бөлім: САЯСАТ

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Ұлттық Олимпиада комитетін олгиархтардан аластауды ұсынды.

«Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне Тимур Құлыбаев келгеннен бері елдің спорттық жетістіктері құлдырай бастады.

Мысалы, соңғы Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарында біздің спортшылар бірде-бір алтын немесе күміс медаль алған жоқ, тек 8 қола медальмен қайтты. Ал медальдық есепте біздің еліміз 83 орынға бір-ақ түсті!

1994 жылдан 2014 жылға дейінгі Жазғы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар тұрақты түрде 4-5 орын алып келген еді. 2018 жылы біз 9-шы орынға, ал 2023 жылы 11-ші орынға түстік!

Шамамен, Парижде де осының кебін киюіміз әбден мүмкін. Бұл біздің құрамамыз дербес ел ретінде Қазақстан атынан қатысатын сегізінші Олимпиада ойындары болмақ», - деді ол депутаттық сауалында.

Депутаттың мәліметінше, тәуелсіздік жылдарында қазақстандық спортшылар 11 спорт түрінен 14 алтын, 22 күміс және 35 қола медаль жеңіп алған.

«1996 жылдан 2016 жылға дейін Қазақстан барлық жазғы Олимпиада ойындарында ешқашан алтынсыз қалмай, әлемдегі үздік 40 елдің қатарынан түспеді.

Бұл ретте, елімізде футболдың біршама қарқынды дамып жатқанын атап өткен жөн. Ел Президентінің өзі ұлттық құрама ойынына қолдау көрсету үшін соңғы кездері футболға арнайы барып жүр.

Тағы бір атап өтерлік жәйт – Тимур Құлыбаев келгелі Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығына кілең Ескі Қазақстанның өкілдері іріктеліп алынды. Оның ішінде, бір-біріне айнымас құда-жекжаттар мен миллиардер күйеудің олигарх-достары өріп жүр.

Сонымен қатар комитетке мүше болып сайлануға 70 жастық шектеу белгіленген. Қазіргі мүшелердің ішінен бұл жастан асып кеткендер де, күні ертең толайын деп отырғандар да бар.

Ұлттық Олимпиада комитеті басқарушы органының осындай шал-шауқандар құрамымен қандай жеңіске жетуге болады?

Оның үстіне, баршаға мәлім, Тимур Құлыбаев Қазақстанның ең ірі 50 жеке бизнесі қатарына кіретін компаниялардың активтерін иелене отырып, бірқатар ірі бизнес жобаларды бақылайды. Оның ішінде: «АЛМЭКС» Холдингтік тобы, «Каспий Мұнай» және «Retro Retail» мұнай компаниялары бар.

Мұндай шамадан тыс жүктемемен оның олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға мүлдем уақыты жете береді деп ойлаймын. Оның ойы - елдің мұнайын сатып, қалтасын толтыру. Спортты қайтсін ол?!» - дейді Ермұрат Бапи.

Оның пайымынша, Ұлттық Олимпиада комитетінің жұмысында «Әділетті Қазақстан» бағытында трансформация әлі де жүріп жатқан жоқ.

«Осы ретте:

1. Париждегі Олимпиада алдындағы лицензиялық спорттық турнирлерге бай-бағландардың өкілін емес, ауылдан шыққан, көкірегінде намысы бар патриот, кәсіби спортшыларды апару қажет.

2. Спорт саласындағы жемқорлық пен сыбайластық, таныс-тамырлықты түбімен жою керек.

3. Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылық құрамына ревизия жасап, оларды тек жас, Жаңа Қазақстан өкілдерінен жасақтау керек», - деді Мәжіліс депутаты.

Фото: Ермұрат Бапидің жеке архивінен