"Қазақстан халқының 70 пайыздан астамы қазақтар қазір": Ермұрат Бапи ресейлік журналистің байбаламына жауап берді

Уақыты: 19.01.2024
Оқылды: 2719
Бөлім: САЯСАТ

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи осыған дейін Қазақстандағы тіл саясатына қатысты шу көтерген ресейлік журналист Тина Канделакидің сөзін бос әңгімеге теңей отырып, оған лайықты жауап берген әріптесі Динара Сәтжанды қолдайтынын жеткізді. 

Кезекті Мәжіліс кулуарында журналистер депутатқа аталған даулы ақпаратқа қатысты сұрақ  қойды. Ермұрат Бапи өз жауабында : «Тина Канделаки оттай береді» - дей келіп, Конституциядан орыс тілін алып тастау бастамасы туралы оз ойын ашық айтты.

«Біздің Қазақстан халқының 70 пайыздан астамы қазақтар қазір. Сондықтан орыс тілі мәселесі дегенді біз ұмытуымыз керек. 70 пайыз халықтың мүддесі бар. Орыстың үлесі 10 пайыздың ар жақ, бер жағында. Неге 70 пайыз халықтың мүддесін 10 пайыз орыс тілі үшін жығып беруіміз керек! Біз ең үлкен ұлт, халықпыз. Сондықтан, мен Динара Сәтжанның Канделакиге берген жауабын өте дұрыс деп есептеймін», – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін ресейлік тележүргізуші Қазақстандағы теміржол вокзалдарының атауын өзгертуді айыптап, бір елдің қасіретіне айналған қаралы қаңтар оқиғасы жайында да жайсыз әңгіме қозғаған. 

фото: parlam.kz