Мәжілістің бір депутатының өкілеттігі тоқтайтын болды

Уақыты: 24.01.2024
Оқылды: 705
Бөлім: САЯСАТ

Парламент Мәжілісінің депутаты, Respublica партиясы фракциясының мүшесі Динара Шүкіжанова өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтататын болды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, депутат мандатын тапсыру бойынша өтінішті өзі берген.

Қазіргі таңда оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді.

37 жастағы Динара Шүкіжанова Қостанай облысының тумасы. 2011 жылы "Агромашхолдинг KZ" АҚ-ға жұмысқа шақырылып, 2022 жылы аталған компанияның президенті болып тағайындалған. Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі болып табылады. "Қазақстанның 100 жаңа есімі "республикалық байқауының жеңімпазы.

Мәжілісте Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі. Respublica партиясының негізін қалаушылардың бірі.

Партияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Динара Шүкіжанова партияда қала береді.

Фото: parlam.kz