АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕРЕКТЕРІ ЕРІКСІЗ ЖАҒА ҰСТАТАДЫ

Уақыты: 14.09.2021
Оқылды: 1176
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қоғамның дамуына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлықпен күрес еліміз үшін аса маңызды міндет болып табылады. Өйткені, қай саланың болсын жұмысын тоқырауға ұшыратып, мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсауға апаратын парақорлық қандай асыл мақсаттың болсын тағдырына балта шабары анық. Ондайды қазақ «Дәніккеннен құныққан жаман» деп тұжырады. Шынында жемқорлыққа әуестену пендені құнықтырып, ар-ұяттан, намыстан айырады. Ондай жан болмашы сомаға елін, туған жері мен Отанын сатып жіберуден тайынбайды.

«Жетісу медиа» ақпараттық алаңында брифинг өткізген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев Жетісу жерінде жағымсыз әрекетке барған шенділердің парақорлығы мен жемқорлығы деректерімен таныстырды. Оның айтуынша, биылғы 8 айдың ішінде облыста тіркелген 87 қылмыстық құқықбұзушылықтың 68-нен сыбайлас жемқорлық дерегі анықталған. Шұғыл тергеу нәтижесі бойынша жемқорлық қылмыстарының 86,8%-ы парақорлықпен байланысты екендігі белгілі болды. Яғни, 59 қылмыс парақорлыққа байланысты қозғалған.

Сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін жауапқа алынған 154 адамның 20-сы түрлі деңгейдегі бірінші басшылар саналады. Атап айтқанда, 6 адам облыстық, 5 адам қалалық, 7 адам аудандық мекемелердің басшысы болса, 2 адам ауылдық деңгейдегі басшы қызметін атқарған. Сотталған 69 адамның 64-не 116,9 миллиард теңгеден астам соманың  айыппұлы  салынса, 2 адамның бостандығы шектелген. Мүлік-мүкаммалы тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметтен шеттетілген тағы 3 адам бас бостандығынан айырылды. Ең сорақысы, осы кезең ішінде сыбайлас жемқорлықпен жүйелі түрде айналысқандардың 8 дерегі анықталды. Кешенді шаралардың арқасында 22 тұлға қатысқан 33 қылмыс тіркеліп, 4 қылмыстық іс сотқа жолданса, бір адамға сот үкімімен жаза кесілді.

Арнайы жүргізілген құқықтық статистикаға қарасақ, есепті кезеңде жасалған жемқорлық құқықбұзушылықтың үштен бірі жергілікті атқарушы органдар мен ведомстволарға қарасты мекемелерге тиесілі екенін байқау қиын емес.

Мысалы, тіркелген 34 құқықбұзушылықтың 10-ы мемлекеттік сатып алулар, 4-і – денсаулық сақтау, 11-і білім, 2-і жер қатынастары, 3-і ауылшаруашылық салаларына қатысты орын алған. Одан бөлек сыбайлас жемқорлықпен «жүйелі түрде» айналысқан 8 дерек анықталыпты. Жедел жүргізілген кешенді шаралардың көмегімен 22 тұлғаның заңсыз әрекеті әшкереленіп, белгілі болған 33 қылмысқа байланысты 4 қылмыстық іс сотқа жолданып, бір адамға жаза кесілген. Сондай-ақ, жыл басынан бері кәсіпкерлікке заңсыз кедергі келтірмек болған лауазымды тұлғаның 10 дерегі тіркеліп, 35 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Соның арқасында кәсіпкерліктің 10 нысанының құқы қорғалған.

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында 23 қылмыс тіркеліп, 18 адам жауапкершілікке тартылды. Олар келтірген 133,3 миллион теңге шығынның 940,1 миллион теңгесі қайтарылған.

Мұндай мәліметтер көптеп кездеседі. Атап айтқанда, Іле аудандық соты қараған қылмыстық іс бойынша Іле аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы қызметін атқарған Нұрлан Жарманов жалған шот-фактура жазып берумен айналысқан ЖШС өкілінен наурыз айында 400 000 теңге пара алғаны үшін 12 028 000 теңге көлемінде айыппұл төлеуге үкім шығарылған. Ал, Қарасай аудандық сотының үкімімен «Алматы облысы бойынша ревизиялық комиссия» мемлекеттік мекемесінің, мемлекеттік аудит бөлімінің бас маманы Гульвира Қалдарбекова 90 жекеменшік мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен 17 миллион теңге пара алғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айыру және өмір бойы мемлекеттік қызметтен шеттетілу жазасына кесілген. Қапшағай қалалық соты биылғы шілде айында әлдебір мейрамханаға жасалған тексеру нәтижесіне оң баға бергені үшін 50 000 теңге пара алған «Қапшағай қалалық санитарлы-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы болған Амантай Қамаубаевқа 1 250 000 теңге айыппұл салды. Іле аудандық соты ҚР Қылмыстық Кодексінің 106-бабы, 1-тармағы бойынша жәбірленушінің денсаулығына қасақана залал келтірген қылмыскерді жауапкершілікке тартпау үшін 10 000 АҚШ долларын бопсалаған аудандық полиция басқармасы басшысының орынбасары Б.Біләловке 26 100 000 теңге көлемінде айыппұл салып, мемлекеттік қызметтен өмір бойы шеттетуге үкім шығарды. Қапшағай қалалық соты қызметін асыра пайдаланып, бөлімнің бас есепшісі Ә. Зікірмен бірге 2020 жылдың 29 желтоқсанынан 2021 жылдың 5 ақпанына дейін 1 027 000 теңге мөлшеріндегі бюджет қаржысын жеке кәсіпкерлердің есепшотына ешқандай келісімшартсыз аударып отырған «Қапшағай қалалық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Р.Ешимованы 2 жылға бас бостандығынан айырып, мемлекеттік қызметтен өмір бойы шеттетуге үкім шығарды. Алматы гарнизонының әскери соты №54380 әскери бөлімінің байланыс батальонының рота командирі А. Қожанды Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласындағы №44793 әскери бөлімі командирінің орынбасарлығына тағайындау үшін 500 000 теңге пара сұраған №54380 әскери бөлімінің батальон командирі, ҚР Қарулы күштерінің майоры М. Мергенбаевқа мөлшері 10 миллион теңгенің айыппұлын салды. Талдықорған аудандық соты COVID-19 дертімен күреске арналған 9 дәлізді сатып алу, орнату жұмыстарын жүргізуі тиіс ЖШС директорынан 150 000 теңге көлемінде пара алған «Көксу аудандық білім бөлімі» ММ-нің басшысы Тілеумұрат Сейітниязов пен бөлім заңгері Алмас Өтелбаевке 4 500 000 теңге айыппұл салып, мемлекеттік қызметтен өмір бойы шеттетуге үкім етті. Сот үкімі шыққан соң ғана көпшілікке таныстырылып отырған мұндай деректер аз емес. Одан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бары анықталған 15 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Қысқасы, күн өткен сайын парақорлық, жемқорлық дерегі көбеймесе азаймай тұр. Ең сорақысы – мемлекеттік бағдарламаға қатысы бар салаларды сыбайластық жайлап алғаны. Бұл турасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтудай-ақ айтып жатыр. Президент «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында: «Соңғы бес жылдың өзінде субсидиялауға екі триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Өкінішке қарай агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты болып отыр. Бұған жол беруге болмайды», – деп жемқорлықтың ушығып бара жатқанын ашына жеткізді. Тіпті: «Сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресті жалғастыру қажет. Құзырлы агенттік жыл соңына дейін орта мерзімді кезеңдегі іс-қимылымыздың бағдарламасын айқындайтын стратегиялық құжатты бекітуге ұсынуы керек. Бұл ретте: «тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты» жоюға айрықша назар аударған жөн», – деп мәселені көп болып қана жеңуге болатынын ұғындырды.

Осыған орай департамент тұрғындардың жемқорлық дерегін хабарлауы үшін тәулік бойы жұмыс істейтін 1424 желісін іске қосқан. Соның арқасында биыл облыс аумағынан 57 өтініш келіп түскен. Соның нәтижесінде айыбы анықталған адамдардың қатарында көлік жүргізу құқынан уақытша айырылған «Р» есімді адамды әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін 200 000 теңге алған Талғар аудандық полиция басқармасының қос лейтенанты, мұғалімдердің жалақысынан 60-80 мың теңгеден жинаған Қарасай ауданы, Алтын ауыл орта мектебі директорының тәрбие жөніндегі орынбасары бар. Бұлардың бәрі жазасыз қалмаған. Тәртіп сақшыларына сот үкімі оқылса, директордың орынбасары жұмыстан шеттетіліп, директор тәртіптік жауапкершілікке алынған.

Жалпы, Жетісу жеріндегі әрбір парақорлық дерегін әшкерелеп, сыбайластықтың тамырына балта шабуды көздеген департамент мамандары жыл басынан бері бюджетке тиесілі 7 миллиард 500 миллион теңгені талан-таражға түсіп кетуден сақтаған. Оған мемлекеттік сатып алулар саласына сыбайлас жемқорлыққа қарсы жасалған мониторинг себеп болған. Яғни, тендер өткізіп жатқан мекеме басшылығына мақсатсыз жұмсалуы мүмкін қаржы туралы дер кезінде хабарланып, келеңсіздік тоқтатылған.

Брифингте айтылған мәліметтерге орай Президенттің биылғы Жолдауында айтылған субсидия мәселесіне қатысты қойған сұрағымызға Жандос Жұмабаев жүргізіліп жатқан тергеу амалдарына байланысты әзірше ешқандай дерек бере алмайтынын жеткізді. Соған қарап негізгі тіршілігі ауылшаруашылық саналатын Жетісу жеріндегі малшылар мен диқандарға субсидия беру ісінің аса қуанта қоймайтынын ұғындық.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды