ТАЛДЫҚОРҒАН ОРТАЛЫҒЫНДА 20 ЖАСТАҒЫ ЖІГІТ ЕСІРТКІ ТАСЫП ЖҮРГЕН

Уақыты: 21.10.2021
Оқылды: 928
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорғанда аса ірі көлемде синтетикалық есірткі алып жүрген күдікті ұсталды. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматы облысының есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облыстық департаменті қызметкерлері бірлескен арнайы операция барысында Талдықорған қаласының орталығында Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 255-бабына сәйкес жүргізілген жеке тінту кезінде 20 жастағы жергілікті тұрғын сөмкесінен салмағы 150 грамм синтетикалық есірткі заты бар полиэтилен пакет алынды», - делінген хабарламада.

Ұнтақты сот сараптамасы есірткі деп таныды. Аталған факт Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігімен «аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"