ТАЛҒАРДЫҢ ӘКІМІН САЙЛАУ КЕЗІНДЕ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚ БОЛДЫ МА? РЕСМИ ЖАУАП

Уақыты: 03.11.2021
Оқылды: 1020
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Әлеуметтік желі арқылы Талғар қаласының әкімін сайлауға қатысты бейнежазба тарады. Онда бюллетеньдерді сайлау жәшігіне топтап салу оқиғасы көрсетілген. Осыған қатысты Талғар аудандық сайлау комиссиясы мәлімдеме жасады.

Талғар аудандық сайлау комиссиясының мәлімдемесіне сүйенсек, құқықбұзушылықтарға жол берілмеген. Бюллетеньдерді сайлау жәшігіне топтап тастау оқиғасы бойынша бейнежазба Талғар қаласы әкімінің сайлауына еш қатысы жоқ.

Бұл туралы Талғар аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мұхит Дүйсебаев әлеуметтік желі арқылы хабарлады. Оның айтуынша, интернетте таратылған бюллетеньдерді сайлау жәшігіне топтап тастау оқиғасы көрсетілген бейнематериалда учаске туралы деректер жоқ.

- Сайлау күні әр сайлау учаскесінде тәуелсіз бақылаушылар мен кандидаттардың сенім білдірген 43 адамы болды. Олар таңғы сағат 7-ден дауыс берудің соңына дейін, сондай-ақ, дауыстарды санау кезінде барлық уақытта дауыс беруге арналған бөлмелерде болған. Барлық қатысушылар бір мезгілде дауыс берудің соңғы қорытындыларының куәсі болды. Кандидаттардың сенім білдірген адамдары мен бақылаушылардан шағымдар мен ескертулер түскен жоқ. Осыған байланысты сайлаудағы нәтижелерге күмән келтіруі мүмкін құқықбұзушылықтарға жол берілмегенін сенімді түрде мәлімдей аламыз. Талғар қаласы әкімінің сайлауы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларына сәйкес өткізілді, – делінген ресми хабарламада.

Естеріңізге салсақ, екі күннен бері әлеуметтік желілерде бюллетеньдерді сайлау жәшігіне топтап тастау оқиғасы бойынша негізсіз материал таратылды. Бейнежазбада бұл оқиға Талғар қаласы әкімінің сайлауында орын алды делінген еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"