Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БҮЛІККЕ ҚАТЫСЫ БАР КҮДІКТІЛЕРДІҢ САНЫ 700-ДЕН АСТЫ

Уақыты: 13.01.2022
Оқылды: 670
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері жаппай тәртіпсіздік пен бұзақылықтарға қатысы бар деген күдікпен 700-ден астам адамды анықтады. Бұл туралы Алматы облысының бас полицейі, облыс коменданты Серік Күдебаев айтты.

Серік Кудебаев облыс аумағында жаппай тәртіпсіздіктің, дүние-мүлікті қирату мен тонау орын алғанын айтып, қылмыстық әрекеттерге қатысы бар адамдардың анықталып жатқанын жеткізді.

- Жаппай тәртіпсіздікке және дүние-мүлікті тонау қылмыстарына қатысы бар деген күдікпен жеті жүзден астам адам полиция органдарына жеткізілді. Оның 62-сі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Дерек бойынша 65 қылмыстық іс қозғалды. Арнайы операция барысында қылмыскердерден жүзге жуық атыс қаруы тәркіленді. Осы бағыттағы мақсатты жұмыс одан әрі жалғасып жатыр, - деді облыстық полиция бастығы.

Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айының басында радикалды күштер еліміздегі жағдайды тұрақсыздандыруға тырысты. Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласындағы кейбір дүкендер тоналып, әкімшілік ғимараттар бүлінді. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызметтік борышын атқару кезінде полицейлер мен Ұлттық ұлан әскери қызметшісі қаза тапты.

- Облыстық полиция департаменті мен Талдықорған қалалық полиция басқармасы қызметкерлерінің 80 пайызға жуығы әртүрлі дене жарақатын алды. Олардың бәрі өз өмірін қатерге тігіп, қасиетті антына адал екенін дәлелдеп, ел тыныштығын қорғауда табандылық пен ерлік мінез танытты, - деп толықтырды генерал-майор С.Күдебаев.

Қазіргі уақытта облыстағы жағдайды полицейлер мен әскерилер толық бақылауға алған. Талдықорған қаласының жан-жағына 4 блокпост, ал қала ішіне бірнеше жерге блокбекет қойылған. Ол жерде полицейлер мен әскери қызметшілер тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Полиция басшысының ақпаратына сәйкес, облыс орталығының көшелерінде 35 полиция көлігі үздіксіз автопатрульдейді. Күндіз тәртіп сақшылары мен Ұлттық ұлан сарбаздарынан құрылған 20 жасақ жаяу патрульдеп жүр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"