НЕСИЕ АЛУҒА ЖОЛ БЕРМЕҢІЗ

Уақыты: 17.03.2024
Оқылды: 428
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

ХХІ ғасыр – ғаламтор ғасыры деп текке айтпаймыз. Заман ағымына қарай жыл сайын түрлі әлеуметтік желі де, түрлі ақпараттық порталдар да жаңарып отыр. Осылайша біз заман көшінен қалмай цифрландыру дәуіріне көшіп келеміз. Бірақ мұның да өз қиындығы мен қауіпсіздігі барын ұмытпағанымыз жөн. Күні кеше ғана қазақстандық қолданушылардың 30 мыңнан астам Telegram-аккаунтының жеке деректері желіге тарап кеткені туралы ақпарат шықты. Міне, осы  тұстан бастап сіз өз деректеріңізді қорғауға сауатты болғаныңыз жөн. Ол үшін төменде жазылған мақалаға көз жүгіртіңіз.

«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ KZ-CERT компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметі интернеттің қазақстандық сегментіне мониторинг жасау барысында Telegram-аккаунттардың бірінен Telegram мессенджерін қолданушылардың жеке деректері туралы 744 мың жазба жинақталған файл табылған. Талдау барысында файлда қолданушының ID-і, аты, тегі, телефон нөмірі және «өзім туралы» бағанындағы қолданушының жазбасы сынды жеке деректер анықталған. Оның ішінде 30 мың аккаунт қазақстандық телефон нөмірлеріне тіркелгені де белгілі болған. Жеке деректердің ішінде қолданушының аты-жөні, телефон нөмірі, электрондық поштасы, жеке куәлік деректері, тіркеу және тұрғылықты мекенжайы, жұмысы туралы ақпарат, сондай-ақ, банк карталары мен банк шоттары жарияланды. Цифрлық даму министрлігі осы жайтқа байланысты «егов мобайл» арқылы азаматтарға ескерту жіберіп, істің алдын алуға барынша тырысуда.  Хабарландыру алған тұрғындарға ақпараттық қауіпсіздік комитетіне шағымдануға кеңес берілді.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ: егер несие беруге тыйым салынғаннан кейін адамның атына оның хабарламасы бойынша несие берілсе, қарыз автоматты түрде жойылады.

Мамандардың айтуынша, «электронды үкімет» порталынан дербес деректердің заңсыз таралып кетуі бойынша хабарлама алсаңыз, сізге Цифрлық даму министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік комитетіне өтінішпен жүгіну қажет. Мұндай хабарлама екі жағдайда келуі мүмкін. Біріншісі, егер сіз сол микроқаржы ұйымының тұтынушысы болсаңыз және сіздің дербес деректеріңіздің заңсыз таралған жағдайы. Бұл сәйкесінше, әкімшілік жауапкершілікке алып келеді. Екінші жағдай, ол компанияны мүлдем білмейтін, сондай-ақ өзіңіздің дербес деректеріңізді жинауға, өңдеуге келісіміңізді бермеген жағдайда келуі мүмкін. Өз деректеріңізді қорғау және жағымсыз салдардың алдын алу үшін дербес деректер тарап кеткен жағдайда жазбаша немесе e-Otinish арқылы ақпараттық қауіпсіздік комитетіне хабарласуыңыз керек. Құқықтары бұзылған дербес деректер субъектілері әкімшілік іс қозғау мәселесін қарау үшін  e-Otinish арқылы ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жүгінген жөн. Анонимді және жеткілікті деректері жоқ өтініштер қаралмайды. Өтініш беру үшін бұзушылық фактісін растайтын материалдарды ұсыну қажет.

***

Несиеге белшесінен батып отырған қазақстандықтардың саны тым көп. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауаттылығының төмендігі үлкен әлеуметтік проблемаға айналғаны рас-ақ. Қазіргі уақытта елдегі 84  пайыз адамның банкке берешегі бар.

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің берген ақпаратына сүйенсек, қазақстандықтардың несиелік жүктемесі бойынша, 7,8 миллион қазақстандықтың 12 триллион теңге көлемінде несиесі бар. Мұндағы орташа сома 1,6 миллион теңге. Төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен кепілсіз несиесі бар адам саны 900 мыңнан асады. Ал олардың қарызы 1,1 триллион теңгеге жеткен. 500 мыңнан аса адамның 5,4 триллион теңге көлемінде ипотекалық несиелері тағы бар. Былтыр алаяқтарға алданғандар саны 21 мыңнан асып кеткен. Осыған орай елімізде «СТОП КРЕДИТ» жобасы іске қосылды. Енді әрбір қазақстандық азамат ерікті түрде несие алудан бас тарта алады. Бұған өтінішті қалай беруге болатынын төменнен оқып, сол тәртіп бойынша несиеге «жол жоқ» деп шешім қабылдаңыз.

«СТОП КРЕДИТ» жобасына өтініш беру үшін ЭЦҚ міндетті болуы керек. ЕGov mobile мобильді қосымшасында және eGov.kz порталында несие алудан ерікті түрде бас тартуға өтініш беруге болады. Өз еркіңізбен 6 айға несие алуға шектеу қоя аласыз. Егер қатты қажеттілік болып жатса, қайтадан арнайы порталға кіріп я болмаса мобильді қосымшаға өтіп, шектеудің мерзімін өзгертуге мүмкіндік болады. Алайда болашақта бұл өзгертулер біржола жойылуы мүмкін. Ең бірінші жасаған өтінім сол бойы сақталып қалуы да ықтимал. Бұл операцияны пайдаланған кезде қарыз алушының несие тарихында оның несие алудан уақытша бас тарту туралы шешім қабылдағанын көрсететін жазба пайда болады. Несиелік бюролардан мәліметтерді сұраған несиелік мекеме мұндай шектеу белгісін көріп, автоматты түрде клиентке несие бермеу туралы шешім қабылдайды. Аталған жоба азаматтарға кредиттік алаяқтардан қосымша қорғануға мүмкіндік береді. Яғни, кредиттік есепте жеке тұлғаның кредит алудан ерікті түрде бас тартуы туралы ақпарат болған кезде, кредиторларға  заңнамалық деңгейде кредит беруге тыйым салынады.

«Стоп кредит» қызметін пайдалану үшін eGov.kz сайтында және e-GOV мобильді қосымшасына кіріп, «6 айға банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» батырмасын басасыз. Егер бұл аталған қызметті компьютер арқылы пайдаланатын болсаңыз, «eGov.kz» сайтына ЭЦП арқылы кіріп, сайттың басты бетіндегі «Қызметтер» бөліміндегі «6 ай мерзімге банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту» арнайы хабарламаға өтіп, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» тетігін басқан соң барлық қажетті өрісті толтырып, өтінімге қол қоясыз. Бар болғаны осы. Егер бұл өтінімді ұялы телефоныңыздан қосуға ниетті болсаңыз, Электрондық цифрлық қолтаңба немесе немесе Face ID/Touch ID арқылы e-GOV мобильді қосымшасына кіріп, «Қызметтер» бөліміне өтіп, содан кейін «Салық және қаржы» тармағын таңдап, мәзірдегі «6 ай мерзімге банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» бөлімін таңдап, Электрондық цифрлық қолтаңба кілті арқылы қызметті алу келісіміне қол қойсаңыз болғаны.

Жоғарыда аталған ақпаратқа немқұрайдылықпен қарамау керек. Себебі, санаулы ғана минутта орындайтын жұмыс сіздің алаяқтардың арбауына түспеуіңізге зор ықпалын тигізетінін ұмытпаңыз. Әрбір қазақстандық өзінің қаржылық сауаттылығын арттырып, қарызсыз қоғамда өмір сүруге талпынғаны жөн.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: vlast.kz