22 жасар қыз есірткімен ұсталды

Уақыты: 16.04.2024
Оқылды: 378
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісулық полиция мен облыстық ҰҚКД қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен синтетикалық есірткі өндіретін ірі есірткі лабораториясын жою бойынша бірлескен арнайы операция жүргізді.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құқық қорғау органдарымен Алматы облысы Іле ауданының аумағындағы саяжай үйінде синтетикалық есірткіні өндірумен айналысқан 22 жастағы алматылық аруды ұстады. Жауап алу кезінде ол жоғары ақы төленетін жұмысты Telegram-каналы арқылы тапқаны белгілі болды», – дейді Жетісу облысы ПД бастығы Сарқытбай Құсаинов.

Саяжай үйін тінту кезінде шамамен 44 кг мефедрон және 2 кг «пирролидиновалерофенон - @PvP» синтетикалық заты, есірткі өндіруге қажетті реактивтер мен құралдар, сондай-ақ 28 000 АҚШ доллары табылып тәркіленді.

«Құқық қорғау қызметкерлері 45 кг астам синтетикалық есірткіні тәркіледі, бұл бір рет қолданатын 90 мың дозаға тең. Оның құрамы тиісті сараптамамен расталды. Есірткі заттарын заңсыз жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда», дейді С.Құсаинов.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, есірткі Қазақстан аумағында сатуға арналған.

Мұхтар КҮМІСБЕК
Фото: polisia.kz