Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ОТЫРҒЫЗАМЫН": АТЫШУЛЫ КӘСІПКЕР ПОЛИЦИЯ ТАРАПЫНАН ҚЫСЫМ ЖАСАЛҒАНЫН АЙТТЫ

Уақыты: 12.05.2020
Оқылды: 1097
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы, Панфилов ауданында Асылбек Әукенов есімді кәсіпкердің көлігінен қару-жарақ табылып, ұсталғаны туралы атышулы бейнежазба әлеуметтік желілерде жылдам тарап, талқыға түсті. Онда кәсіпкер полицейлер қаруды әдейі салып жібергенін айтып, шыр-пыр болады.

Осыған орай журналист Ардақ Байғабыл «Facebook» желісінде тіккелей эфир арқылы Асылбек Әукеновтің өзімен сұхбат өткізген еді. Ұсталған азамат Панфилов ауданының тұрғыны, Көктал ауылының тумасы, кәсіпкер, атбегі, спорт шебері, ауылда жастарға арнап спорт кешенін салып берген. Асылбек Әукенов желіде тараған сұхбатта осыған дейін полиция қызметкері 10 мың доллар пара сұрағанын ашық айтты.

- Мен олардың үстінен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментіне арыз жаздым. Яғни, аудандық жедел іздестіру тобының бастығының үстінен (бейнематериалда аты-жөні айтылады), – деп "Facebook" желісіндегі тікелей эфирде бәрін басынан бастап баяндайды. – Біздің ауылда қаңтардың 16-нан 17-не қараған түні мен салған спорт кешенінің жанында жастар арасында атыс-шабыс болды. Мен сол жерде болдым. Маған «басы-қасында жүрдің» деп айып тағылды. «Сен кінәлісің» деп еш айғақсыз, қысым жасады. Намаз оқығаным үшін «Экстремизм, терроризм мен ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі тізіміне қоямын» деп қоқан-лоққы көрсетті. Босатқан соң бір күннен кейін қайта шақырып: «Оның жолы бар, 10 мың доллар бер, мен реттеймін, шешем, мына "деланы" жоқ қылып жіберем. Егер келіспесең, өз ауылыңда, көшеңде дұрыс жүрмейтініңе кепіл берем, Егістік алқабыңа, малыңа бармай, жайлауыңа жете алмай қаласың. Мәшинеңе діни кітап немесе қару-жарақ салып, сені отырғызамын», - деді (бейнематериалда аты-жөні айтылады).

Осыдан соң, өздеріңіз білетіндей, Асылбек Әукеновтің көлігінен қару-жарақ табылып ұсталған. Алматы облысының полиция департаменті бұдан бөлек тағы да бір айыптау бабы тағылғанын айтып, төмендегідей түсініктеме берді:

«Аталған дерек бойынша 1980 жылғы Алматы облысы, Панфилов ауданы, Көктал ауылының тұрғыны Әукенов 1978 жылы туған А.есімді әйелге қатысты алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Жәбірленушінің айғақтарына сәйкес, күдікті Әукенов, әйел мен оның күйеуінің сеніміне қиянат жасап, жалпы сомасы 50 миллион теңгеге жуық болатын арнайы техниканы алып кеткен», - делінген хабарламада.

"Tengrinews.kz" таратқан ақпаратқа сәйкес, арыз берушінің ақпараты бойынша күдікті оның сеніміне кіріп, 11 миллион теңге көлемінде ақша алған. Аталған дерек ҚР Қылмыстық Кодексінің 195-бабы 4-бөлігі бойынша СДТБТ-ға тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Тергеу барысында күдікті тіркелмеген қаруды заңсыз сақтағаны анықталды. Бұл дерек ҚР ҚК 287-бабы 3-бөлігі бойынша СДТБТ-да тіркелген.

Айта кетейік, бұл баптар бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.

Журналист Ардақ Байғабыл «Facebook» желісінде тағы да тікелей эфир арқылы Асылбек Әукеновті Талдықорған қаласында уақытша қамауға алғанын хабарлады. Ринат Баймолда атты адвокаты одан қан, сілекей алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 195-бабы 4-бөлігі арқылы тергеу жүріп жатқанын айтты.

Қазіргі таңда Асылбек Әукенов пен журналист Ардақ Байғабыл құзырлы мекеме өкілдерінен істің ақ-қарасын айырып, әділ шешім шығаруын сұрайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"