АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАНДЫ

Уақыты: 14.04.2021
Оқылды: 1801
Бөлім: ТҮПСАНА

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалымен, «Janr» Жетісу әдеби клубымен және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен бірлесе Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында рухани құндылықтарды насихаттау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, әдебиеттің дамуына ықпал етіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында Алматы облысы әкімінің «Ақ қауырсын» жүлдесі үшін «Тіл – ғұмыр» атты байқау жариялайды.

Байқауды өткізудің мақсаты: Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру; Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын кеңінен насихаттау; Рухани жаңғыру идеялары мен құндылықтарын дәріптейтін қазіргі заманғы қазақстандық әдебиетті дамыту және оған қолдау көрсету; мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру; жас қаламгерлерді танымал ету.

Байқаудың шарттары. Поэзия бәйгесі: 1) «Тіл және Тәуелсіздік» тақырыбына бір өлең; 2) Еркін тақырыпта бір өлең.

Проза бәйгесі: 1) «Тіл – Тәуелсіздік тірегі» тақырыбында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ел бірлігін насихаттауға арналған шығарма.

Әр автордың бұған дейін еш жерде жарияланбаған шығармасы, яғни, поэзия 8 бет, проза 15 бет көлемінде болуы шарт. Сонымен қатар шығарма компьютерде Times New Roman қарпімен, 1,5 интервалымен, 14 кегльмен терілуі шарт.

Байқауға 20-45 жас аралығындағы (қаламгерлер, ақындар, журналистер) аудандық, қалалық іріктеу кезеңінен өткен байқаудың жеңімпаздары (3 адам) қатыса алады.

Шығарманы бағалауда көркемдік деңгейінің жоғары болуына, идея ерекшелігіне, әдеби-көркем құндылығына, баяндау реттілігі мен мағыналылығына, жанрға сәйкестігіне, эстетикалық әсер теңдігіне, грамматикалық және стилистикалық қателердің болмауына, тақырыптың жан-жақты ашылуына мән беріледі (плагиатқа тексеріледі).

Байқауға барлық шартқа сай (техникалық, мазмұндық және басқа) әзірленген шығармалар қабылданады.

Шығармалар 2021 жылғы 20 наурызынан бастап 20 сәуірге дейін қабылданады. Шығарманың электронды нұсқасы, қатысушының аты-жөні (жеке куәлігінің скан.нұсқасы), тұрғылықты мекенжайы, ұялы телефон нөмірі, электронды мекенжайы, өмірбаяны мен шығармашылығы туралы қысқаша ақпарат (қосымша берілген үлгіге сәйкес) басқармаға ұсынылады.

Байқауға келіп түскен шығармаларды танымал қаламгерлерден құрылған қазылар алқасы сараптайды. Қазылар алқасының шешімі қайта қарауға жатпайды.

Байқауға түскен барлық шығарма іріктеліп, үздік деп танылғаны Басқарманың ресми сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланады.

Жеңімпаздарды марапаттау уақыты қосымша хабарланады.

Байқаудың І орын иегеріне «Ақ қауырсын» атты Алматы облысы әкімінің арнайы жүлдесі табысталады. Сондай-ақ, жүлделі орын иелері арнайы дипломдармен, Алғыс хаттармен және бекітілген сыйлық қорымен марапатталады. Байқауға соңғы 3 жылдағы «Ақ қауырсын» жүлдесінің иегерлері қатыстырылмайды.

Барлық сұрақтар бойынша телефон нөмірлері: 8(7282)40-01-60, 8(708)702 8575.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"