Ақ тілектер ағылды

Уақыты: 05.09.2017
Оқылды: 1690
Бөлім: ТҮПСАНА

Алтын күзде алғашқы қоңырауы соғылған жаңа оқу жылы жан жадыратарлық жаңалығымен басталды. Әсіресе, озық үлгіде бой көтерген жаңа мектепке қадам басқан балалардың қуанышы тіптен кемерінен асып, көңілдері тасып жатты.

Соның бірі, Белбұлақ ауылындағы №32 орта мектеп. Алғашқы қоңырау салтанатын асыға күткен ауыл тұрғындары мен оқушылары көрер көз сүйсінетін мектеп ауласына ертемен жиылып, мерекелік шараға сақадай сай дайындықпен келгенін аңғартты. Бұл ауылдағы мектептің тарихына үңілсек, іргесі 1957 жылы қаланып, он жылдан соң 250 орынға кеңейтілген. Өткен оқу жылының соңына дейін ескі мектепте 600-ге таяу оқушы үш ауысымда білім алып келген.

Сән-салтанаты үйлесім тапқан білімнің жаңа шаңырағы уақыт талабына лайық озық технологиямен жабдықталған. Мұнда мультимедиялық, лингофондық кабинеттер мен барлық оқу  бөлмелерінде интербелсенді тақталар орнатылғандығын айту орынды. Бұған қоса, оқушылар шығармашылығын арттырып, шеберлігін шыңдауда технология кабинеті тігін машиналары мен аспаздық құрылғылармен де жабдықталғаны ерекше қуантты. Жаңа ғимараттағы спорт зал мен 210 орынды асхана да өзіндік артықшылығымен ерекшеленеді.

Салтанатты шарада сөз бастаған аудан әкімі Райхан Садықова:

 – Жаңа оқу жылында ауданымызда 4625 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Елбасымыздың білім беру ісіне, ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударып отырғаны аян. Биыл Қарабұлақ ауылындағы №22 орта мектептің күрделі жөндеуіне 251 млн. теңге, ал Талғар қаласындағы №5 балабақшаның күрделі жөндеуіне 118,5 млн. теңге қаржы бөлініп, игерілді. 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Кіші Байсерке, Еламан және Еңбекші ауылында 300 орынды жаңа мектеп құрылыстары басталып, биылғы жаңа оқу жылында есігін ашуда. 

Ақ тілектің тиегін ағытқан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова өңірде білім саласын дамытуда жаңа мектептердің қарқынды бой көтеріп жатқанын мәлімдеді. Облыс бойынша жаңа оқу жылына орайластырылып 24 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, соның 5-нің Талғар ауданында ашылып отырғанын айрықша атады.

Салтанатты шара барысында тарыдай боп білімнің табалдырығын аттаған бүлдіршіндер жүрекжарды жырларын жатқа оқып, көптің қошеметіне бөленді. Сонымен қатар, ауыл қариясы Мелс ата ақ батасын берсе, ақ жаулықты әжелер дәстүрге сай шашуын шашты. Алғашқы қоңырау сылдыр қаққан соң жаңа мектептің лентасы қиылып, 1-сынып оқушылары бастап білім ордасына аяқ басты.

Ұлбосын ИСАБЕК

Белбұлақ ауылы,

Талғар ауданы.