Ғасыр жасаған қария

Уақыты: 18.09.2017
Оқылды: 2322
Бөлім: ТҮПСАНА

Табиғатының тұмсалығымен тәнті ететін Жетісу жері адамдарымен де ерекше. Екі ғасырдың, үш кезеңнің, ел басына төнген нәубет – ашаршылықтың, елім деген азаматтарды қудалаудың, Екінші дүниежүзілік соғыстың көзі тірі куәгері, Ұйғыр ауданындағы Сүмбе ауылының тұрғыны Күрішбек Көжекбаев бүгінде 106 жаста. Соғыстағы  ерлігі үшін көптеген ордендер мен медальдарды иеленген қария бүгінде атақонысын мекен етіп, ұрпағының амандығын тілеуде. Бір ауылдың емес, бүкіл аймақтың тілеушісіне, қормалына айналып отырған жанның айтар ойы, берер батасы таусылмайды. Қашан көрсең де жылы жымиып, ел мен жердің тыныштығына, амандығына тілеулестігін білдіреді.

Күн өткен сайын қатары селдіреп бара жатқан майдангерлердің ішіндегі ең егдесі Күрішбек ақсақалға келушілер толастамайды. Ағайын-туыс хал сұрасып, амандық білісіп келсе, тілшілер қауымы ғасырмен құрдас қарияның пікірін білмекке ұмтылады. Бізді де ақ патша дәуірінің, кеңестік кезеңнің, Қазақстан тәуелсіздігінің куәгерімен сұхбаттасу жайы көптен ойландырған-ды. Ақыры жол түсіп барғанымызда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Күлжаһан Әлікеева Сүмбеге жол көрсету үшін қызметкері Гауһар Шавдинованы қасымызға қосып берді.
Биік шоқылардың қоршауындағы ауылдың күншығыс жағындағы қыраттың төбесінде орналасқан еңселі үйдің алдында самал желге маңдайын сүйдіріп тақиялы қарт отыр. Ағаш таяғына сүйеніп, қалың ойдың тереңіне сүңгігендей, жанды жылытар жайттарға мүлгігендей қалыпта. Дауыс соза амандасқан біздің топты жылы қарсы алды. Жүзінің жылылығы, көзінің ойлылығы қарияның жөнсіз ашуға, ызаға бой ұрмаған жан екенінен хабар беретіндей. Ұзақ жасағаны да осыдан болса керек деген ойға тамсанғанымызша болмады:
– Бұл қай балалар? – деп қасындағы ауылдық әкімдіктің бас маманы Серік Қоқамдиевке бас изеді. Ол кісі:
– Талдықорғаннан келген балаларыңыз. «Жетісу», «Огни Алатау» газеттерінің тілшілері, – деп жатыр. Біз қарияны айнала отыра қалып, әңгімеге кірістік. Кімді де болса қарияның өнегелі өмірі қызықтыратыны анық. Ғибратты ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан Қарадала өңірінде өткен оқиғаларды ойша шолып, әңгімені бірден бастады.
– Сонау патшалық Ресейдің тұсында Шонжының шығыс жағындағы Тоғызбұлаққа белгілі тұлға, әлемнің бірталай елін өз қаржысымен шарлаған жиһангез Құдайберген Жаңабаев деген азамат мектеп салдырды. Өзі орыс, ұйғыр, қырғыз тілдеріне жетік, сол тұстағы саясаттан хабары бар, көзі ашық, көкірегі ояу жан екен, – деген ақсақал өз басынан өткерген жағдайларды әңгімелеп берді. – Жаркент уезінің дәл орталық нүктесінде орналасқан мектепке Іле өзенінің арғы бетіндегі суан елінен, Нарынқол, Қарқара, Жалаңаштағы халықтан балалар алдырып оқытыпты. Елім, жерім, халқым деген Құдайберген Жаңабаев 1916 жылы Қарқара көтерілісін ұйымдастырушылармен бірге ұсталып, Қарақол түрмесінде қаза тапты. Сол мектепте Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 7 жыл оқып, білім алдым. Кейіннен бізді Нарынқолдың Сарыжазындағы мектепке қосып, сонда ауыстырды.
Ол кезде ел ішінде қызылдардың дүрбелеңі басталған еді. Малы бардың бәрін бай деп қуғындап, мал-мүлкін тәркілеп жатты. Қолынан келгендер бір түнде Қытай ауып кетсе, көлігі жоқтар жаяулап Сүмбеге, қырғызға асты. Сарыжаздағы мектепті бітірген соң Алматыда 6 айлық мұғалімдер даярлау курсына түстім. Оны 1931 жылы бітіріп, мұғалім болдым. Сосын ауылдың балаларына білім бере жүріп, Түргендегі училищеге сырттай түстім. Мен оқуды бітірген жылы соғыс басталды. Дипломды маман ретінде Кеген ауданының Жалаңаш, Тоғызбұлағына арнайы тапсырмамен келіп, Меркідегі мектептің меңгерушісі болдым.
Мені соғысқа сол жерден әкетті. Кегендегі әскери комиссариат шақырып, Нарынқол-Кеген өңірінен жиналған жас жігіттерді 5-6 машинаға тиеп, Алматыға алып жүрді. Біз келгенде 100 қазақ ұлттық атқыштар бригадасы құрылып жатыр екен. Сол бригаданың полктарына, батальон, роталарына бәрімізді бөліп тастады. Мен құдай оңдап, барлаушылар ротасына түстім. Содан 6 ай соғыс машығын меңгеріп, 1942 жылы Мәскеудің түбіндегі Бабушкино қаласына жеткізді. Одан соң оңтүстігіне ауысып, біраз тұрғаннан кейін Калинин майданына кірдік.
Сөйтіп Калинин майданына тап болған қазақ ұлттық 100-ші  атқыштар бригадасы жаумен Тверьдің орманды даласында бетпе-бет кездеседі. Орманды алқаптың шығысы мен батысын ажырату таулы өңірден барған әскерге алғашқы кезде қиындық тудырғанымен барлау ротасы жауынгерлерінің тынымсыз бақылауы аймақты оңай танып, жердің ой-шұқырын білуге септігін тигізеді. Сол арқылы фашист басқыншыларының әрбір қадамы жіті зерттеліп, межеленген шабуылдар алдын ала білініп отырды. Өйткені, барлаушылар жергілікті халықпен, партизандармен тығыз қарым-қатынас орнатып, талай істі бітірді. Жұлдызы самсаған түндерде қалыңды кезе жүріп, жауынгер Күрішбек ертеңгі тағдырының қалай болатынын болжай алмапты. Великие Луки деген жерде әскери ұшақтардың шабуылынан ауыр жарақат алған Күрішбек Көжекбаев дивизияның санитарлық бөлімінен емделіп, қайта ұрысқа аттанады. Псков облысына қарасты Невель қаласы үшін болған кескілескен ұрыста қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың ерлікпен қаза тапқанын көріп, ержүрек қыздың бейітіне топырақ салған ақсақал ол күндердің зардабы ауыр екендігін айтып отырады.
– Күші мығым жаудың шабуылына төтеп берген біздің дивизия әбден шашырап, қатарымыз бір күнде селдіреп қалды. Ақырында қолбасшымыз Кеңес Одағының екі дүркін Батыры, маршал Константин Рокоссовскийдің бастауымен Белоруссияны жаудан тазартуға арналған «Багратион» операциясына қатыстық. Осы операциядан кейін-ақ немістер көп қарсыласпай кері шегіне берді ғой, – деген ақсақал көптен күткен Жеңіс күні көпшілік үшін үлкен қуаныш болғанын айтады. – Сөйтіп, күллі Еуропаның тіршілік көзіндей болған Весла, Одер, Эльба өзендерін жағалай отырып, Гамбург қаласына жеттік. Сол қалаға 40 шақырым жерде тұрғанда Жеңістің сүйіншісін естіп, бір-бірімізді құттықтадық. Қуанғаннан гөрі халықты әбігерге салған қырғынның біткені көзге жас алдырды. Соғыс біткен соң 1-ші батальонның 1-ші полкіне әскери қызметкер ретінде қалып, казарманың тіршілігіне үйренісе бастадық. Арада бір жарым жыл өткен соң, ұмытпасам 14 қазанда елге қайтару туралы Жарлық шықты. Сол Жарлықтың күшімен елге қайттық. Кеген ауданында жұмыс істей жүріп, әйелім Халиша Әбдіхалықованы жолықтырдым.
Қанқұйлы соғыс бейбіт халықтың зәресін алып, әлсіз қарттар мен сәбилер зардап шекті. Әкесінен, ағасынан, інісінен, баласынан, бауырынан тірідей айырылған әйелдер қауымы елдегі ауыртпалықты нәзік иықтарымен көтеріп, қолда барын соғысқа жіберді. Сол тұстағы мәліметтерге қарасақ, фашизмге атылған әрбір он оқтың тоғызының Қазақ елінде жасалғаны айтылады. Ауырлықтың қабырғасы қайыса жүріп көтерген бойжеткендер әкелерінің жеңіспен оралатынына шынайы сенді. Себебі, қиянат көрген ел қашанда ауыртпалықты еңсеріп, түптің түбінде мерейінің үстем болатындығы ақиқат еді. Соны жақсы білген халық даналығы: «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деп, ел қорғайтын жауынгерлердің жадына өлімнен қорықпау керектігін салды.
Біздің кейіпкеріміз де сан рет жаумен бетпе-бет келсе де елге аман-есен жетіп, ұрпақ сүйді, немере-шөбере көрді. Өмірлік жары Халиша Әбдіхалықовадан 1 ұл, 3 қыз сүйді. Білім беру саласында еңбектенген үлкен қыздары Гүлбаршын мен Жәлила бүгінде зейнеткер болса, кіші қызы Бақыт Сүмбе ауылындағы орта мектепте мұғалім. Ұлы Бақытжан Сүмбе мемлекеттік қорығында орманшы қызметін атқарып, елдің ықыласына бөленіп жүрген жан. Келіні Гүлбану Шоңбаева да ауыл мектебінің ұстазы. 
Өз кіндігінен тараған 20 немере, 25 шөберенің қызығына қуанып, жетістігіне жұбанып отырған ақсақал биыл «Мерейлі отбасы» байқауынан облыста бірінші орын алып, көпшіліктің құрметін иеленді. Енді республикалық байқауға Астана шақырып отыр.
Жалындап тұрған жас шағын соғыстың ызғары шалған Күрішбек ақсақал  ревматизм  сырқатының мазалауына байланысты атақонысы Сүмбеге қоныс аударады. Оның үстіне Ақтам ауылында тұратын жалғыз інісі жақын тартып, қасына шақыра берген соң үйреніп қалған Кеген ауданынан көшуге мәжбүр болады. Зейнет жасына шыққан 1972 жылға дейін мектепте ұстаздық еткен қария көптеген шәкірттің өмірден өз жолын табуына септігін тигізіпті. Еліміздің әр қиырында тіршілік етіп жүрген шәкірттері де ұдайы хабарласып тұрады екен. 
– Келген қадамдарың құтты болсын! Аман болыңдар, бала-шағаларыңның қызығын көріңдер! Жүзге келсін жастарың, жамандық көрмесін бастарың! Өмірдің жақсысын көруді нәсіп етсін! Енді Астанаға барып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты көрсем деп отырмын. Содан кейін өлсем де арманым жоқ, – деп жадырай күлген қарияның көкірегі ақ сарайдай күмбірлеп тұр.  
– Өздерің амандықпен жүріп, мықты жазушы болыңдар! Еліміздің жақсылығын жазыңдар, көрсетіңдер. Ауылымыз жақсы, халқы тіптен ерекше. Теледидардан еліміздің жетістігін көріп қуанып қаламын. Бұл да болса Қазақстанға берілген зор байлық, үлкен бақыт. Қазір әрбір үйде теледидар, радио бар. Енді интернет деген шығып, әлемнің бар жаңалығын алдыңа әкеледі. Әйтпесе баяғыда елең еткізер жаңалықты бір аптадан соң естуші едік. Қазір әп-сәтте. Бұл заманымыздың озғаны емей  немене?!
Көңілі балаша көтеріліп, айналасына қуаныш нұрын шашып отырған ақсақалдың ойлы жанары талай жақсының жүзін көріп, ақылын тыңдағандығын, көптеген оқиғаның куәгері болып, нәтижесін көңілге түйгенін білдіретіндей. Қысқа сұрақпен бірқатар жайттың басын шалдық. Заманында қазақ баласына ұстаздық қылған әнші, композитор Қапез Байғабылұлының көзін көрген, көрмегендігін сұрадық. Сөйтсек, Күрішбек Көжекбаев ол кісінің алдынан сабақ алып, тәлімін тыңдапты. Патшалық Ресей кезінде болыс, болысқа бөлініп тұрған ел кейіннен Кеңес өкіметі орнағанда ауданға біріктіріліп, қарапайым халықтың күні туғанына қуанған Қапез Байғабылұлы алғашында жаңа өкіметтің саясатын қолдағандардың қатарында болады. Алайда ел ішін сатқындық жайлап, түрлі қиянаттар жасалып жатқанын көрген әнші-серіге «ескілікті көксейді» деген айып тағылады. Ақыры асыл арманына қол жеткізе алмаған ақын итжеккенге айдалып кете барады. «От секілді жанып тұрған ұстаздың дәрісін тыңдадым» деген қария өткен күндердің шуаққа толы сәттерін көргендей ойланып қалды.
Кезінде НКВД-ның тергеуіне түсіп, тағдырдың тауқыметін тартқан Күрішбек қария 1933 жылы Кеген ауданына бірінші хатшы болып келген Ораз Жандосовпен жақын сырласып, сөйлескені үшін тергеушілердің көзіне түседі. Ашаршылықта қисапсыз қырылған қазақтың күйін, қарашекпенділер иеленген жер жайын, халықтың мұңын Жандосовпен сөз еткені үшін Шырғанақ жетіжылдық мектебінің меңгерушісі қамауға алынып, темір торға тоғытылады. Алайда «аққа – құдай жақ» деген сөздің растығына көз жеткізіп, қамаудан босатылады. Онда да: «Ораз Жандосов – халық жауы. Жапонияның агенті» – деген айып тағылған жаны жайсаң ағасына қатысты арандатуларды мойындамағаны оған күш береді. Шаш ал десе бас алатын тергеушілердің: «Сен түн баласы Ораз Жандосовтың қасында болып, екеуің елді азғырдыңдар, сталиндік идеяға қарсы қойдыңдар!» – деген жаласына көнбей, азап пен қорқытуға төтеп бергені өзіне жақсы болады. Қамқорлығы мен жанашырлығын көрген Ораз Жандосов туралы бір ауыз қиянат сөз айтпауы тергеушілерді тығырыққа тіреп, босатуға себеп болады. Осылайша өзінің жаны қалаған ұстаздыққа қайта оралып, білім беруін жалғастыра берді.
Ғасырдан асқан жасы бар, ақ самайлы басы бар Күрішбек Көжекбаев есік алдында басталған әңгімемізді үйге кіріп жалғастыруды сұрады. Таяққа сүйенсе де кеудесі тік, кәрілік кіреукелесе де жанары отты қария әрбір қадамын әскери тәртіппен басып, бәрімізді дастарқанға шақырды. Орден, медальдан ауырлығы білінетін кителін киіп, фотосуретке түсті. Шығарда бәрімізбен бірге суретке түскісі келетінін жеткізді. Жаңа заманның сандық фотоаппараты бір сырт етіп, бірнеше кадрды жинақтап жатты.

Мәди АЛЖАНБАЙ.
Ұйғыр ауданы.