Керуен Қарадала өңірінде

Уақыты: 19.10.2017
Оқылды: 1527
Бөлім: ТҮПСАНА

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын сыдырта оқып, атүсті қарау мүмкін емес. Оның әр  сөйлеміне  зейін  қойып,  жүрегіңнен  өткізгенде ғана  нағыз мәнін, мағынасын түсіне аласың. Көптеген ізгі шараларға түрткі болған мақаладағы адамзаттың асыл қазынасы – дінге қатысты ойлар назардан тыс қала алмайды. Дін – аса мұқияттылықты, терең зерттеуді, биік сауаттылықты, әсіресе, жан тазалығын қажет етеді. Облыстық дін істері басқармасының бастамасымен аймақтарға жол тартқан «Рухани керуен» біздің ауданға да келіп қайтты. Алғашқы қадамды Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан боздақтар ескерткішіне гүл шоғын қоюдан бастаған топ мүшелері «Өткенін ұмытқандардың болашағы бұлыңғыр» деген қағидамен ата-бабалар рухына құрмет көрсетті.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен кездесу тізгінін қолына алған аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев биыл үш бірдей бастама көтеріп, даму жолымызды жан-жақты айқындап берген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының халқымыз үшін маңыздылығын айқындап, ұлтымыздың ұлықты, ұрпағымыздың ұлтжанды болуы үшін алдымызға қойған міндеттерін орындау мақсатында «Рухани керуен» жобасының шаралары басталғандығын айтып өтті. Облыс орталығынан келген қонақтар – облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Алматы өңірі бойынша өкіл имамы Қуаныш Наржанов, сондай-ақ, денсаулық, жастар, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар, спорт басқармаларының, дін саласының мамандары, мәдениет қайраткерлері, жыршы, термеші, дәстүрлі әншілер келіп отырғандығын жеткізді. Күні бойы өтетін шараның тәртібімен таныстырып, алғашқы сөзді «Рухани керуенді» бастап келген облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетовке берді.
Кездесуге жастардың қатысып отырғанына қуанатынын айтқан Рахмет Разбекұлы отаршылдықты, соғысты көрмей өскен ұрпақтың бақытты екенін айта келе, жастардың бойында рухани байлықтың мол болуы, бәсекеге қабілеттілігі елімізді цифрлы Қазақстанға айналдыратындығына зор сенімін жеткізді. Сондай-ақ, Елбасы алға қойған міндеттерді таныстырып, керуеннің мақсаты тек түсіндіру, насихаттау емес, мақалада айтылған дүниелерді әрі қарай сабақтастыру, іліп әкету екендігін қарапайым сөздермен жеткізді. Жамбыл ауданынан бастау алған керуеннің Қарадала төсіне де келгендігін жақсы ырымға балап, рухани жаңғыратын кездің жеткендігін, рухани тазалыққа бет бұрудың басталғандығын айтты. Одан соң мінберге көтерілген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт өз ойын өткен қоғаммен байланыстыра жеткізді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Панфилов ауданында кеңшар директоры болған кезіне біраз шегініс жасап, елдің еңсесі түсіп, ұжымдардың тараған тұстарынан естелік айтып, өз басынан өткен жағдайларды, қиындықтарды, тек директор деген атағы болғанымен  бір өзі қойма меңгерушісі, жанармай құюшы, мал дәрігері де болып кеткен сәттегі жүрегіне салмақ түсірген нәрселерді әңгімеледі. Ширек ғасырда егемендіктің алғышарттары жасалғандығын, ендігі жерде рухани жаңғыруға бет бұрғандығымызды айтты.
Бикен Римова атындағы театрдың белді актрисасы, Алматы облысының құрметті азаматы, Халық әртісі Алмахан Кенжебекова керуен көшіне ілесіп, шет жатқан ауданға келгеніне ризашылық сезімін жеткізіп, егемендіктің алғашқы жылдары шекарамызды мықтап, көрші мемлекеттермен достық қатынасымызды орнықтырып, экономикамызды көтеріп, алып елдермен тереземіз теңескенін әсерлі сөздерімен жеткізді. Енді руханиятқа көңіл бөлетін кездің келгендігін жария еткен Елбасының рухани жаңғыру мақаласының уақыт талабынан туындағандығын айтып, мәдениет саласындағы өсу, өркендеу жолдарынан мағлұмат берді. Қырық жамау жұртты басқару оңай дүние еместігін, ондай жүкті Елбасымыз абыроймен көтеріп келе жатқанын, ендігі жерде мақаладан туындайтын міндеттерді орындауға әр сала мамандары атсалысып, адамдардың рухани жағынан таза болуын тіледі. Басына күн туғанда осы даладан пана тапқан сантүрлі этнос өкілдерін құшағына алып, бауырына басқан қазақтың дарқандығын айта келіп, ұлтымыздың сол бауырмалдығын ұмытпауын да атап өтті. Облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев қалың жұртпен амандасып алған соң Нұрлан Оразалиннің «Қарадала» өлеңін нақышына келтіре жатқа оқып, жұртты бір серпілтіп тастады. Рухани керуеннің ресми жиналыс емес, осындай емен-жарқын кездесу түрінде өтіп жатуын жақсылыққа балады. Қарадала жерінің киесін, ыстық суының қасиетін мақтанышпен айтып, осы даладан       5 жасында-ақ батыр болатындығы байқалған Райымбек бабамыздың елесін сезінгендігін аса тебіреніспен айтты. Кімдер көз сүзбеген, кімдер қызықпаған бұл жерімізді ұрпаққа аманаттаған бабалар мұрасын сақтауға, рухани жаңғыру арқылы атадан қалған жерімізді қорғауға дайын болайық деген патриоттық сөздерін жеткізді. Жерлесіміз Сәдіғожа Мошанұлының «Сарыбидай» әнін рухани жаңғырудың бір белгісі ретінде қабыл алыңыздар деп шырқай жөнелгенде бүкіл зал қол шапалақтап қошеметтеді. Бұдан соң Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Алматы өңірі бойынша өкіл имамы Қуаныш Наржанов облыс аумағындағы барлық елді мекендерді аралап, елмен, жұртпен қауышып, олардың тұрмыс тіршілігінен хабардар болған рухани керуеннің, әсіресе жастардың діни сауаттылығын арттыру жолындағы бүгінгі саясаттың дұрыс жолға қойылғандығын түсіндірді. Кездесуді қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев көпшілікті «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында өтетін басқосуға шақырды.
«Рухани жаңғыру: ел ертеңінің бастауы» деген тақырыпта өткен кездесуде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Нұров, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айдын Нұрмағанбетов, «Ұлы мұра» қорының директоры, дінтанушы, заңгер Тимур Нүсіпханов кезекпен сөйлеп, жастардың діни ағымдардың жетегінде кетпеуі, жұмыссыздарға мүмкіндік тудыру мәселелерін талқылады. Сонымен бірге аудандық кітапхананың оқырман залында ардагерлер мен зиялы қауым тәуелсіз елдің ертеңі жайлы орамды ойын ортаға салды.
Рухани керуен жобасы аясында аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде аудандағы имамдар мен жамағат және жастар командалары өзара волейболдан сайысқа түсті. «Дін бірлігі – ел тұтастығының кепілі» атты тақырыпта өткен жарыстың ашылуында кіріспе сөз сөйлеген аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдар Әшімханов жарыс шымылдығын ашып, ойыншыларға жеңіс тіледі. Жарыс қорытындысында имамдар бірінші орынды, спорт әдіскер нұсқаушылары екінші, жамағаттан құралған команда үшінші орынды иеленді. Жеңімпаз команда Кубокпен және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Бір күндік  игі шараның соңы «Рухани керуен» тобымен келген ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық Сүйінбай атындағы филармония әншісі Кенжекей Ақжолова мен жыршы-термеші Әбіш Әділбековтң қатысуымен аудан өнерпаздарының шуақты концертімен аяқталды.


Баян МАМЫРБАЕВА.
Ұйғыр ауданы.