Дәуір үні

Уақыты: 28.10.2017
Оқылды: 1221
Бөлім: ТҮПСАНА

Ұлттық өнердің шамын жағып, Жетісу жұртшылығының көңілін әнмен әрлеп, сазбен сәндеп жүрген Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы 45-ші концерттік маусымын ашты.  Бұл жолғы игі шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, «Дәуір үні»  атауымен шымылдығын түрді. 

Кеш Құрманғазының «Серпер» күйімен  М. Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің  орындауында басталды. Қобыздың қоңыр үнімен  бірде қайғы, бірде мұңды шиеленістірген әуезді үнге домбыра ырғағы қосылып, шаттықты шалқытты. Артынша халықаралық байқаулардың лауреаты Жомарт Тәкебаев пен Бауыржан Мырзабеков Сүйінбай Аронұлының шығармасын орындап, ел абыройын көтерді. «Бөрілі менің байрағым» деп талай жүрекке жігер құйып, өз Отаныңды құрметпен сүюге шақырды. 
Ұйымдастырушылар маусымның ашылуына 25 концерттік нөмір дайындады. Бір ерекшелігі, әрбірінен Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілік төгіліп тұрды. Сүйінбай шығармаларынан бастау алған бағдарламалар эстрада және дәстүрлі жанрда жалғасын тапты. Айтып өтерлігі, жігіттер мен қыздардан құралған күйшілер тобы ортаны тамашаға бөледі. Арындап келіп, жалындап кететін күй өнерінің қасиеті қол соққан қауымнан ерек біліне түсті. 
Халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары, «Адырна», «Сазген», «Қобыз сарыны» ансамбльдері дала мәдениетінің озық үлгілерін жұртқа тарту етсе, «Алтынай» ансамблінің бишілері болашаққа деген биік қадамды ұқтырып, жұп құрып, әдемі би түрлерін ұсынды. 
Кештің керемет сәті тек ән айтып қоймай, ырғақты әуенге қосылып би билеп, жұрт жүрегіне жол сала білген «Семсер» тобы мен  Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Өмірқұл Айниязовтың «Бабалар рухы» әні болды. Өнерпазға деген асқан құрмет орыннан тұрып, қошемет көрсеткен жұртшылықтан анық сезілді. Сондай-ақ, ұлттық рухты асқақтатқан «Тұран» әні  жеріміздің кеңдігін, еліміздің теңдігін бір сәтке көз алдымызға алып келді. Концерт өнерпаздар өрнектеген құнды мұралармен кестеленіп, керемет деген бағаны еншіледі. Шара шымылдығы «Киелі ордам» атты өнер шаңырағына арналған әнмен жабылды. Жыр сүйген халықтың ризашылығымен қатар, облыс әкімінің атынан сыйға тартылған ықылас гүлі өнер ордасының жігерін жанып, жаңа маусымда жаңа серпін алуларына жол ашқандай әсер қалдырды. 

Құралбек СӘБИТОВ.