РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ НЕГІЗІ

Уақыты: 01.11.2017
Оқылды: 1520
Бөлім: ТҮПСАНА

     Берік отбасы – мемлекет тірегі.  Шаңырақтың тұтастығы мен ынтымағы еліміздің де тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» партиялық жобасы аясында «Өнегелі отбасы – рухани жаңғырудың өзегі» атты байқау өтті. Оған бастауыш партия ұйымдарынан 12 жұп қатысып, бақ сынады. 

 

Шараның мақсаты – отбасы беделін көтеріп, құндылығын насихаттау, халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпының жаңғыруына ұйытқы болу,  салауатты өмір салтын ұстануға баулып, патриоттық рухты көтеру.
Байқау төрт кезеңмен өтті. Алғашқы сында әр отбасы өздерін таныстырды. Өз қалаулары бойынша таныстыруын өлеңмен, қара сөзбен, көрініс түрінде жеткізсе, кейбір шаңырақ отбасылық өмірдегі шуақты сәттен бейнекөрсетілім ұсынды. «Білім сайысы» деп аталатын екінші кезеңде түрлі сұрақтарға жауап берді. Онда салт-дәстүрге, отбасылық құндылықтарға қатысты сауалдар болды.
Үшінші кезең – қолөнер шебері сайысында әр отбасы қолдан жасап әкелген бұйымын қорғады. Бұл үй тапсырмасы болатын. Ал соңғы өнер сайысында қалаулары бойынша ән, би, күй, пародия, өлең орындады. Бұл сайысқа отбасының барлық мүшесі қатысуы шарт болды.
Байқауда бақ сынаған отбасының қай-қайсысы да үлгі етуге тұрарлық. Оны ынтымақтаса көрсеткен өнері мен әр сұраққа берген тұшымды жауабынан аңғаруға болады.
Үздік отбасын анықтауда партия ардагері Қалибек Иманқалин, білім саласына еңбегі сіңген ұстаз Гауһар Елубаева, Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты Бақытай Түстікбаев, облыстық мүгедектер қоғамының төрайымы Шолпан Сүттібаева, «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалынан Гүлнар Дүскеева, Элеонора Талданбаева, Ғазиз Аманжолұлы қазылық етті. 
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені «Тазалық» бастауыш партия ұйымынан Сламжановтар отбасы жеңіп алды. «Өнер» бастауыш партия ұйымынан Заманбековтер отбасы I орынды, «Болашақ» бастауыш партия ұйымы атынан қатысқан Шыныбековтер отбасы ІІ орынды, «Қазақтелеком» бастауыш партия ұйымынан III жүлделі орынды Оразалиевтер және «Жарық» бастауыш партия ұйымынан Ембергендер отбасы иеленді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

 

Алма ЕСЕНБАЕВА