АУЫЛЫМ - АЛТЫН ҚАЗЫНАМ

Уақыты: 01.11.2017
Оқылды: 1660
Бөлім: ТҮПСАНА

Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша Қоғамдық келісім кеңесінің «Ауылым – алтын қазынам» атты IV облыстық форум өтті. Форумды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық ОМАР жүргізді.

 

орумға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, облыстық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оралбек Жақиянов және облыстық «Элефтерия» грек ұлттық этномәдени бірлестігінің басшысы Георгий Иорданиди қатысты. Сондай-ақ, облыстық басқарма басшылары, ардагерлер кеңесі, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімінің басшылары, аудан, қала, ауылдық округтердегі Қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары және мүшелері, Аналар кеңесі, облыстық этномәдени орталықтардың төрағалары мен белсенділері жиналды. Қонақтар алдымен аудан, қалалардың атқарған қызметіне байланысты жасалған көрмемен танысты.
– Қоғамдық келісім кеңестері өңірдің әртүрлі саласында белсенді қызмет атқарып келеді. Рухани жаңғырудағы негізгі мақсат – қазақстандықтар бәсекеге қабілетті болуы, тарихи санасынан айырылмай, тілін жетік білу және бүгінгі әлемдік ақпараттық, ғылыми дамудан қалып қалмай, жан-жақты қарауы. Бұл орайда Қоғамдық келісім кеңестерінің алатын рөлі зор. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген тапсырмаларды кезең-кезеңмен орындап, әр мәселенің байыбына барып атқарған жөн. Сондықтан, көмектеріңіз бізге айрықша қажет, – деген Жақсылық Мұқашұлы қазіргі таңда географиялық танымдық тарихи маңызы бар 57 нысан тізімін республикаға жібергендігін айтып, оған жастардың, оқушылардың қатысуын қамтамасыз етуге тоқталды. «Ендігі кезекте әр аудан, қала, ауылдан шыққан кәсіпкерлерді, меценаттарды шақырып, жерлестерімен кездестіріп, туған жерінің инфрақұрылымын дамытуға өз үлестерін қостыруға тиіспіз. Зиялы қауым өкілдерін, ақын, жазушы, қоғам қайраткерлерін ауылға шақырып, оқушылармен әдеби шығармашылық форматында кештер ұйымдастырып, бүгінгі Қазақстанның жаңа келбетін түсіндіру, сол арқылы ақпарат-насихат жұмыстарын жүргізу керек», – деді облыс әкімінің орынбасары. Сондай-ақ, ол өңірімізде «Туған жер» бағдарламасы бойынша 8 млрд. теңгеге жуық 191 жоба қолға алынғанын, оның 2,6 млрд. теңгелік 46 жобасы іске асқандығын тілге тиек етті. Сөз соңында: «Қазір ақпараттың дамыған заманы. Кез келген мәселеде Қоғамдық келісім кеңестері өз белсенділіктерін танытуы керек. Әсіресе, ұлтаралық, дінаралық мәселелерде», – деп атқарылар нақты қызметті көрсетті. Әрмен қарай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай:
– Алдымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру міндеті тұр. Басты бағыттың бірі – мемлекеттік шешімдер қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету. Облыста  Қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері 4 мыңнан асып кетті. ҚХА Қоғамдық келісім кеңестерін құру арқылы қоғам мен мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бір арнаға тоғыстыра алдық деп айта аламыз. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша барлық Қоғамдық келісім кеңестері әртүрлі деңгейде 2727 іс-шара өткізді. 409 өзекті мәселе қаралып, оң шешімін тапты, – деп ілкімді істерді алға тартты. 
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев және өзге де этномәдени бірлестіктердің төрағаларының орынбасарлары мінбеге көтеріліп, сөз сөйледі. Шара соңында форум жеңімпаздары марапатталды. Қарасай аудандық Қоғамдық келісім кеңесі бас жүлдені иеленді. Бірінші орын – Еңбекшіқазақ аудандық, екінші орын – Іле, Ақсу, үшінші орын – Кербұлақ, Панфилов аудандық және Текелі қалалық Қоғамдық келісім кеңестеріне бұйырды.

 

Мәулен ӘНЕРБАЙ