АШУ – ДҰШПАН, ақыл - дос...

Уақыты: 02.08.2016
Оқылды: 2192
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазіргі жастардың арасында аздаған ауыртпалық көрсе жанжал шығарып,  айғайға басатындар бар. Осының салдарынан арадағы сәби не анасыз, не әкесіз қалып, жәутеңдеп тірі жетімге айналады. Ал сәбидің болашағын ойлап бас қатырып жүрген ата-ана аз. Әрқайсысы өз бастарының қамымен кетеді. Мұның бәрі тәрбиенің  әлсіздігі ме, әлде батыстық үлгінің кері  әсері ме?

Алғаш Жамбыл ауданына судьялық қызметке келген кезімде Хамза есімді ауылдың сыйлы да үлкен ақсақалы батасын бере отырып, отбасы туралы бір әңгімесінде: «Ерлі-зайыптыларды ажыратпауға тырыс, сауап болады. Қос жұптың төрелігін төсек береді деген ғой. Өздері жарасып кетеді. Ажыратсаң бала жетім болады. Қорлық көреді. Ол қорлықтың бүкіл қалған өміріне теріс әсері болады», – деді.

Үлкен кісінің осы өсиетін мен тәжірибемде қолданып, ажырасамын деп сотқа келген отбасыларды ажырастырмай, ақыл айтып, ойлануларын сұрап, оларға міндетті түрде татуласуларына белгілі уақыт тағайындап беріп, қайтарып отырдым. Барлығы болмаса да біраз жарасым тапқан жұптар рақмет айтып, құрмет көрсететін болды.

Отбасындағы жауапты адам – отағасы. Соған қарап ұл-қызы бой түзейді. Сондықтан да оның міндеті жоғары. Отбасының  намысын ойлайтын,  қамтамасыз ететін,  бағыт-бағдар беріп,  шешім қабылдайтын да  сол ер адам. Сондай-ақ,  ақынды да, батыр­ды да, ханды да, қараны да туған ана ғой. Отағасының міндеті  жоғары болса да, ананың жауапкершілігі  де жеңіл емес. Үй  болған соң міндетті түрде ыдыс-аяқ сылдырлап тұрады. Сол кезде ері ашу айтса, әйелі басу берсе бәрі орнына келеді. Әсіресе, жаңа  отбасын құрған кезде екеуара кикілжің жиі болады. Екі жас  екі отбасының тәрбиесін көрген, көзқарастары да  бөлек болуы мүмкін. Олардың әрқайсысының өзіндік ойы мен  пікірі болады. Бірі тауға барғысы  келсе,  бірі суға барғысы  келеді дегендей. Осы кезде ер адам әліптің артын бағып, дауды өршітпеуге тырысу керек.  Асығыстық танытып, ашуға бой бермей,  сабырмен шешкендері дұрыс. Қазақ: «Ашуланған кезде  шешім қабылдама, қуанған кезде уәде берме», – дейді. Өйткені, ашу – дұшпан. Кейбіреулерінің бір-біріне құрметпен  қарағанын көріп  қуанасың, екіншілерінің бір-бірімен кикілжіңін көріп көңілің түседі.

 Түрлі әйелдер бар,  бірі анаңдай қамқор болса, біреуі үй шаруасына мығым келеді. Келесі  біреуінің  мұрнына ас үй шаруасының иісі де бармайды. Кейбір бикештер ғаламдық өркениеттің дамуынан қалып, дене  бітімімен айналысып, қызық қуып жүреді. Міне, осыдан бастап бірін-бірі  түсінбеушілік басталып, соңында ажырасып тынады.

Қазақтың салт-дәстүрі бағзы  заманнан  ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе  жатқаны  белгілі. Бұрынғылар: «Ауылда бір қыз болса, оған сол ауыл  түгелдей жауапты, тіпті есігінде жүрген малшылар да тоқтау айту керек», – дейді екен. Қазақ халқы жақсы нәрсе көрсе, соны ары қарай дамытуға ұмтылады ғой. Бұрындары бабаларымыз қыздың бүкіл тәрбиесін жіті қадағалаған. Ал қазіргі біздің қаракөздеріміз шетелге  еліктеп, ашық-шашық жүруді, зиянды заттарға әуестенуді, түнгі клубтарға баруды мәдениет деп санайды. Сөйтіп ойнақтап жүріп от басады. Әрине, әр адамның өзіне ғана тән түрлі өмірлік қағидалары болады. Сонда да болса, біз: «Қазақ қызы әдепті, инабатты болу керек, – деп айтуға міндеттіміз. Кейде қазақ қыздарын басқа ұлт азаматтарымен көрсем жаным қиналады. Қаракөздеріміздің құрсағында басқа ұлттың  ұрпағының жатқанын жөн емес деп білемін.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) бір жігіт: «Анамды арқалап жүріп қажылық жасаттым. Қасиетті Қағбаны жеті рет айналдыра тәу еттірдім, ана ақысын өтедім бе?» – деп сұраған екен. Сонда пайғамбарымыз: «Жоқ, бұл қызметің ананың саған жүктілік уақытында қиналған бір сәтіне де тең емес», – деп жауап беріпті. Ананың қасиетін бұдан артық айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан ер- азаматтар ғана емес, болашақ ана болатын қаракөз қыздарымыз да осыны түсініп, ана болудың қасиетін жастайынан ұғынса екен. Жалпы адамзат баласының  өміріндегі ең маңыздысы байлық та, басқа да емес, артында қалған жақсы ісі мен өнегелі ұрпағы ғой. Әйел жаны ашылмаған  сандық деп жатады. Сол сандықты ұсақ-түйек қоқысқа толтырмай, ұлымыз ұлағатты, қызымыз арлы болсын. Анаға қамқорлық – ұлтқа жанашырлық, анаға құрмет – ұлтқа құрмет. Қашанда аяулы аналарымыз, асыл жарларымыз, қыз-келіншектеріміз аман болсын деп тілейік.

Әділ-Омар ЖАҚСЫБАЕВ,

Ақсу аудандық сотының төрағасы.