Егіз қалам, бір ғалам

Уақыты: 09.02.2017
Оқылды: 2228
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақтың қасиетті қара өлеңін өміріне айналдырған, Аспантаудай арда тұлғасымен оқшауланған ақиық ақын Мұқағалидың туған күні ақпанның 9-ы болса, елінің ерке ұлына айналған, Сүйінбай мен Жамбылдың сара жолын жалғап, айтыста  ақпа, жазбада  төкпе ақын атанған Есенқұл ақпанның 10-ы күні өмірге келген. Сондықтан да жырлары үндесіп, рухани сабақтасып жатқан алты Алаштың аяулы перзенттері, поэзияның қос қыраны жайлы ой-толғамды назарларыңызға ұсынамыз. 

 

Қара өлеңнің арнасы

Қандай талантты ақын болмасын суреттерлік жолында еліктеу, үйрену баспалдақтарынан аттап өтпейтіні белгілі. Мұқағали поэзиясының әредік сөз болса да, әлі де жете игерілмей жатқан қазыналы өлкесі – ақындық асыл арналарының, өнегелік мектебінің дәстүрі мен жаңашылдық мәселесі. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарған» Мұқағалидың қазақ поэзиясы мен ұлттық шешендік өнердің құнарын, «Болсам да малға кедей, тілге баймын» дейтін халқының маржан тілін шеберлігін шыңдауда темірқазық тұтқанын ақын поэзиясындағы фольклорлық-этнопоэтикалық айшықтардың молдығынан айқын көреміз. Тумысынан талантты ақын асыл сөздің қайнары бай ауыз әдебиетінің, тынысы кең эпикалық туындыларының, тарихи жырларының, терең тебіреністі толғауларының, жыраулық-жауынгерлік поэзиясы айдынының тұнығынан жүзіп ішіп, текті сөз, келісті тіл кестесін жаңғырта тоқыған. 
Мұқағалидың табиғатты суреттеудегі қарапайым да тосын кейіптеулеріндегі ұлттық бояуы қанық поэтикалық суреттер сыры да ақын тілінің айшығында, қара өлеңнен жұғысты болған жасампаздығында. «Жел тынған, жапырақта сілкінбеген, Тауға кеп түн ұйыйтын кілкілдеген», «Шалқалап ай туыпты, Шатынап аяз болар ма?», «Қымырандай ашимын қырға шығып», «Қозы түс өтті аяулы», «Алаңдаймын алтыным жоғалғандай, Шешемнің көрінбесе кимешегі», – деген жолдарда қазақы қасиеттің жұпары аңқып тұрған жоқ па? 
Қазақ елінің бес ғасырлық тарихын эпикалық сарынмен деректі-детальді бес жол өлеңге сыйдырған ақын талантының бастауында қысқалық пен нақтылық, шымырлық пен шынайылық тұнған жыраулық поэзия тұр. 
Пай-пай, пай, киелі неткен жер,
Батырлар дүрілдеп өткен жер.
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,
Сарылып сал-сері кеткен жер. 
Мұқағали поэзиясынан қазақтың ұғымына сіңімді, жанына жағымды, өрнекті тіл іздесеңіз, телегей ой теңізінен сөз маржандарын қалқып алар едіңіз. Сөзді сырламай-ақ, боямаламай-ақ ұлттық нақышты оюмен кестелеген ақын қазақы ойды қарапайым тілмен өрнектеп, түзу-түзу тілінген таспадай өреді. «Қара шал», «қара қамба», «қара шалғы», «қара шалғын», «қара жол», «қара су», «қара нанның» қасиеті мен киесін қара өлеңнің көрігінде шыңдап, «Қап-қара ғажап сиқырлы, Қашпаңдар қара бояудан», – деп жырлайды. Қара түстің полисемиялық реңкін ажыратып, пәлсапалық мәніне бойлап, ұлттық бояуын қылқалам шеберіндей қанықтыра түседі. Қайғыдан шайқалған қара жорғаның да, қара түнді жамылған қара қазақтың да эпикалық кең тынысты полотносы «Райымбек! Райымбекте» «Елім-айлап» алдыңнан лап қояды.
«Қаратаудың басынан көш келеді!»
Қара жорға шайқалып бос келеді.
Қара түнді жамылып, қара қазақ,
 Қара күнді басынан кешкен еді...
Поэзияда айшықты, бейнелі сөздердің бояуының қоюырақ болуы мақсат емес, қарапайымдылық, нақтылық, ойдың сонылығы, жарасымдылығы, сезімнің әсерлілігі әр сөзге өң беріп, ажарландырып, бейнелілік сипатын арттырады. Мұқағали қазақтың кепиетті сөздерінің өзіне қасиет дарытады, ақынның «алба-жұлба ақша бұлттары» да, «жидек терген түйнектері» де, «Ақ қаздар арасынан аққуын ажырата алмаған сормаңдайы» да хас талант қаламының құдіретімен сырлы сөзге айналған. Жаны сұлу, пәк ақын лирикасының тіні де, тілі де саф таза, ынталы жүрекке ынтық сезім ұялатады, сәулелі кеудеңе шуақ себеді. Сөз қолдану шеберлігі дүние-болмыс құбылыстарын ұлттық кеңістікте ұғып түсіну қабілетімен, ой-сезім қуаттылығымен, табиғи қабілетімен терең тамырласып, қабысып жатады.  
Ақынға анық ақындық мектеп болған асыл арна ұлттық поэзияның алтын көпірі Абай мұрасы екені анық. «Қанша сезімнің серісі болғанымен шын ақын үлкен ақыл иесі. Біз Абай атамыздың ақындығынан үйреніп, ақылдылығынан жирене алмаймыз», – дейді өзі. Мұқағали алғашқы жылдардағы жырларында-ақ Абайға иек артса, ол бала күнінен ұлы ақынның жырынан сусындап, тереңіне бойлап, жұмбақ сырына қаныға түсуінен. Мұқағалидың:
    Ойында арман,
    Қасірет шалған, 
    Қасиетсіз мен бір жан.
    Әуре етіп босқа
   Жат қылып досқа
 Алдадың-ау сұм жалған, – деп басталатын өлеңінің «Жігіт сөзі» «Қыз жауабының» құрылымы, ұйқасы, мазмұны Абайдың «Буынсыз тіліңі» мен «Сегіз аяғының» жаңғырған пішіні, «Жігіт сөзі» мен «Қыз сөзінің» нышаны-ременисценциясы.
Қуат алып Абайдың тіл, күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен, – деп жырлаған Мұқағали Абайдың «Айттым сәлем, қаламқасының» үлгісімен:
Айттым сәлем, сәулеге, 
Салайын неге әуреге.
Сағынғаннан қараймын,
Сенің нұрлы сәулеңе, – деп сырласады.
Абайдың «Қыстағы» әлек салған кәрі құдасы, Мұқағалида қиғылық салған қырсық шал, Дулат пен Абайдың күштілері сөз айтса, шыбындап бас изейтін болыстары, «Әлділерді көргенде қалтылдаған, Әлсіздерді көргенде жалтылдаған» пысықай атқамінерлерге айналған...
Абайдың сары алтын шатырына кірген «қызыл арайы» Қасымның аңсаған «алтын арайына» айналып, Мұқағалидың «Ақ гүлінде» «алтын арай» таң болып атқан. «Өмірге келдім еңбектеп, шалқалап әкем шықты үйден» деп тағдыр тәлкегіне ерте ұрынса да мойымаған мәрт Қасымның «Өртке тиген дауылдай өлеңінен» өнеге алған Мұқағалидың алғашқы өлеңдерінің бірі «Қойшы бала Әкітайы» Қасымның «Тракторшы Темірбегінің» тетелесі. Әбділдә Тәжібаев Мұқағалидың «Жан азасын» Қасымның «Ақын өлімі туралы аңызына» балап, бағалаған екен кезінде. Туған ел мен жердің қасиетін ту ғып көтерген қос ақынның үндестігі де жарасымды 
          Қасым: 
Нұрлы дүние-туған елім;
Жарқылдайсың жас айбынмен. 
Бір сен үшін туған едім,
Бір сен үшін жырлаймын мен, – 
деп тебіренсе, Мұқағали:                                
Мен де сені жырлау үшін келгенмін, – деп үн қосты.
Қасым «Өзім туралы» өлеңінде: 
Біреудің аспандағы асылымын,
Біреудің жұртта қалған жасығымын, 
– деп жырласа, Мұқағали:
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер тұрманы,– 
деп толғанды.
Мұқағали поэзиясын Шәкәрімнің ізгілікті-иманды ойларымен, Ілиястің эпикалық дәстүрімен, Сәкеннің сыршылдығымен, Мағжанның ғашықтық лирикасымен, сиқырлы символизмімен, Қасымның «Өртке тиген дауылдай өлеңдерінің» романизмімен, «Менсіз де мынау ғаламат жырау дүние... Ғасырлардан бір тың тыңдап тұрмын», – деп тебіренген Төлеген жырларындағы тәкаппар талғаммен, өршіл пафоспен байланыста зерттеу әлі түрен түспеген тың мәселелер.
Мұқағали – ұлт ақыны. Оның поэзиясының тамырында қазақ қаны  ойнап, ұлттық намыс атойлап көрініс береді. Бізге сонысымен құнды. Сын сардары, ақиқаттың алдаспаны Асқар Сүлейменовтің «Мұхаңда таңдамалы емес өлең бар ма?» деп тамсануы да тегін емес.
Мұқағали поэзиясы – асыл сөзді арда емген шабытты толғау, халқына аяулы, сырлы, мұңды нәзік жыр әрі еркіндікті аңсаған асау жүректі поэзия.      
Бұл құбылыс-қаламының ұшына кие қонған талантты суреткерге тәңірінің берген сыйы.

Сайлау Қожағұлов,
 І. Жансүгіров атындағы 
Жетісу мемлекеттік университетінің доценті.

ЖҰЛДЫЗ НЕТКЕН НҰРЛЫ ЖАРЫҚ

Сағыныш сазына бой ұрған еді. Ақыры өзі де өмірлік тақырыбына сай ғұмыр кешіп, сағынышқа айналды. Бір кеудеден бүр жарған жырлары талай жүректі тулатып келеді. Ел еркесіне айналған есіл ақын перзентіне пейілі кең халқының санасында сақталып қалды. Қара домбырасын құшақтап алып жырсүйер елдің құлақ құрышын қандырып, өткір де астарлы әзілдерімен жанын жадыратқандықтан ғана ма? Додаға түссе оқ бойы озық келетін «алысқа шабар» қасиетімен бе? Әлде, дарынының даралығынан болар?! Мүмкін деп мүдірудің қажеті шамалы. Расымен де осы аталған сипаттың бәрі Есенқұлдың бойынан табылды. Ол да «сағыныштың сал шекпенін» жамылды. 
«Сағынбай барсаң тауларда сенің алдыңнан шықпас асқақтап, Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап», – деп жырлаған Төлеген ақынның өмірлік тақырыбы, Мұқағалидың өмір мен сырласуы, мұңдасуы, арыға барсақ Мағжанның махаббатты толғауы, Ілиястың табиғатпен тілдесуі сынды өзіндік бір қырлары барын аңғара аламыз. Мұны әдебиетші-зерттеушілер, көзі қарақты оқырманға дейін ажыратып, айшықтап бере алады. Ал осылардың бәрін бір арнаға тоғыстырып берген ақындар саусақпен санарлық. Шайырға тән елегізу, шамырқанып, шамданумен өлеңіне заманның зарын қосамын деп қарабайырлыққа бой ұрып, қоғамды толғаймын, қара жердің апшысын қуырғандай етіп ақиқаттың алдаспанын ойнатамын деп, жыр тудыруды емес, жыр құрауды машық етіп жүрген жандар жетерлік. Тіпті, кешегі «әдебиеттің алтын ғасырында» да ондай ақындар өмір сүрген. Жалған күйінумен жағымпаздық одасын жазып, шамырқанудан туған жырынан өзінің мүддесін ұғындырып, келбетін көрсетуді ойлағандардың туындылары ит кемірген тулақтай керексіз болып қалды емес пе?! Бұдан сезімсіз туған жырдың ғұмыры келте екенін аңғарамыз. Ал жоғарыда айтқан ақындардың ерекшелігін еркін меңгеріп, қасиетін құнттап, тақырыбын одан әрі өрістеткен Есенқұл Жақыпбеков жайлы әңгіме басқа.
Қазақтың маңдайына біткен дарынды ақындардың басым көпшілігі қарапайым, қоңыр тірлік кешті. Алайда қанғасіңді қасиеттей көрінер аса қарапайым ақын деп Еркін Ібітанов пен Есенқұл Жақыпбековты айтар едім. Бұл сан адам келіп түрпектесе де, қаһарына мініп «біз ше» деп бүлінсе де өзгеріссіз қалар пікірім. Иә, Есенқұл аға қарапайым тірлік кешті. Сөйтіп жүріп жыр-ғұмырының жұлдызын нұрлы жарыққа айналдырды. «Сәулесі суда дірілдер» сол жұлдызды шынымен де сағынып жүргеніміз жасырын емес.
Қара бір жаңбыр борады-ау,
Ала бір жауған қар анау.
Тау жақта бір от жанады-ау,
Аулақтап бәрі барады-ау.
Алдағы өмір алданыш,
Көретін қызық шамалы-ау. Осы бір өлең жолдары жайлы белгілі жазшы Марал Ысқақбай: «Бұл өлеңде бірден аңғарылатын екі ерекшелік бар: әуелгісі – таудан құлап аққан бұлақ сылдырынша еркін құйылып тұрған сөз сыңғыры; зорлықпен иіп әкеп қиыстырған, сыналап сіңірген тіркес те, ұйқаста жоқ; кісі тілін мүдіртпес жеңілдік бар; екіншісі – ақын көңіл күйінің бүгінгі ойлы оқырман көңіл- күйімен үндестік тауып, оның уақыт үні естілер пернесімен дөп басып, дың еткізе алуы...», – деп толғанады, талдайды. Жақсы айтылған пікір. Осы бір сөзден өлеңнің астарына бойлау, ішкі мазмұнына үңілуді ғана аңдамаймыз, ақынның заман жайлы, өтпелі өмір туралы толғанысын қаламгерлік түйсікпен тарқата білгенін, өлең құраудан аулақ болып, «айтыста – ақпа, жазбада – төкпе» екенін шынайы мойындап, көркем жеткізе білгенін аңдаймыз. Дара дарын иесі Есенқұл осылай толғамаса «Көбіміздің көкейімізде жүрген мазаң ойды бір ауыз өлеңмен түйіндеген, қайран Есенқұл, сен мықты емей кім мықты!», – деп Жұмабай Шаштайұлы тебірене мойындамас еді-ау. Бұл арда ақынға берілген әділ бағалардың бір үзігі, өлеңіне деген сүйіспеншіліктің азғантай көрінісі болса керек. 
Қалжырап жатыр қара күз,
Балбырап жатыр даламыз.
Саудырап сабан, сары аңыз,
Маужырап жатыр санамыз.
Үмітпен келіп дүниеге,
Күдікпен кетіп барамыз, – деген шымыр ұйқасты шумақ жоғарыдағы айтылған жырдың жалғасы. «Шіркін-ай» деп тамсанып оқитын жыр-ақ. Тіпті, адам баласының, қазақ халқының көз алдында  «зырғып ағып» бара жатқан өміріне айтылған тапқыр теңеу, шынайы суреттеу емес пе?! Мұндай жырды кеудесінде халқына, бойындағы таланты мен ертең-ақ сағым болар өмірге деген сағынышты әлдилеген ақынның жазары ақиқат. Осы бір қасиетімен Есенқұл елінің жадында сақталып, ұлы сағынышына айналып үлгерді. 
Шынымен де қара домбыраны күйлетіп, көмейіне келген кесек-кесек сөздерді жасқанбай жария еткендігінің арқасында «ақын» атанды. Әдемі әзіл, ащы кекесінді де тосылмай төкті. Ол айтыскерлік шеберлігінің, кешегі Сүйінбай мен Жамбылдың жолын жалғаған талантының көрінісі. Бұл жайлы айтылып, жазылып жүрген естеліктер жеткілікті. Ал оның жазба ақындығы да айтып тауыспас әңгіме ғой. «Алдай-ау, алдай, алдай-ау, дүние түбі балдай-ау», – деп өмірге ғашық болған ақынның мәңгілік мұрасы зерттеуді қажет етеді. «Абайтану», «Шәкәрімтану» мәселелері қолға алынған осынау шақта, дәріптеусіз-ақ даңқы жер жарған Еркін, Тұманбай, Есенқұл сынды өр тұлғалар мұрасын ұрпаққа жеткізудің, ұғындырудың жолын да қарастырған жөн. Бұл сөз арасында айтылар, ойда жүрген түйткілді жайттың бірі еді. Көкейдегі сөзді айту парыз, қалғаны ардың ісімен шұғылданып жүргендердің өз еркіндегі шаруа.
«Тал түсте» тағдырмен қоштасқан ақынның мәңгілік сағынышы бөлек. Ал біздің шайырға деген сағынышымыздың салмағы да батпан екені белгілі. «Жаздың соңы – жапырақтар жаңбыры, ал жапырақ адамдардың тағдыры. Сары ағаштан түсіп жатқан секілді, сау-сау етіп өмірімнің әр күні», – деп өмірге деген құштарлығын баса алмай, сағынышын сарқи алмай кетті-ау. Жыры оқылса жанарларда жас толқитындай күнге жеттік. Есенқұл ағаға деген шынайы сезім мен сағыныштың дәлелі ретінде былтыр қазақ баспасөзінің атасы саналған «Жетісу» газетінің ұжымы «Есенқұл оқуларын» бастаған болатын. Биыл сол шараны жалғастырып дәстүрлі түрде өткізуді мақсат етуде. Мұның өзі арда ақынның алдында сөз қадірін жақсы білер жандардың үлкен борышы болса керек. Дей тұрғанмен, ақынның таңғы шықтай мөлдір жырларына, өмірді өзінше сүйген шынайы сезіміне деген, табиғаты мен  болмысы бөлек өзіне деген сағыныштың басылмасы хақ. Сондықтан да елінің ерке перзентіне, аяулы ақынына, шыншыл шайырына айналған, жастардың көз тастар көкжиегі саналған Есенқұл аға Жақыпбековты еске алған кейбір кездерде кеудеңді ән кернейді. Ол ән:
Көк шыққанға бір қуанып,
Шөп шыққанға бір қуанып.
Өмірімнің бара жатыр     жұлдызы ағып,
Жұлдыз неткен нұрлы жарық, – деген сағыныш өрнектері. Өмірге, өлеңге, халыққа деген сағыныш. Жұлдызға деген ақынға тән сағыныш...

Асыл Сұлтанғазы

Мұхит асып кетті жырың

М. Мақатаевтың өлеңдер жинағы мен
Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты шығармасы АҚШ-та басылып шыққанын оқығаннан кейінгі ой.

Қазағымның текті ұлы, 
Қимас жансың ең ыстық.
Мұхит асып кетті жырың,
Тар боп біздің кеңістік.

Америка біледі енді,
Сенің Қарасазыңды.
Жырыңды оқып жүреді енді,
...Саған ұқсап жазып жыр.

Өлеңіңнің өресімен,
Өзге жұртты табындыр.
Поэзия кемесінен,
Өзіңді іздеп сабылдыр.

Қара өлеңнің қасиетін,
Біледі енді өзге жұрт.
Өнеріңді жасын етіп,
Кеттің өлмес сөз беріп.

Мұқағали сөйлеп кетті,
Өнеге боп өзгеге.
Өнерінен бейнет шекті, 
Кезі болды төзбеген.

Қайран аға тірлігінде,
Жүрген күнде мың күйіп.
Жұртқа үлгі жыр бүгінде,
Енді елден тұр биік.

Таланттар бар тағдырға бағынбаған

Есенқұл ЖАҚЫПБЕКОВКЕ

Кейде өткеннен келеді есеп алғым,
Жоғалтып жатам бірақ кеше барды.
Көккөз ақын деп елі еркелеткен,
Есенқұл да аттанып кете барды.

Жылдар ізін жасырып қашады анық,
Мысық-тышқан ойынын жасап алып.
Сексен төртте үйлену  тойыма мен,
Апарып ем ардақтап асаба қып.

Барып алып кетіп ем Бірлігінен,
Туған жері қан тамған кіндігінен.
Қоңыр кеште қой толған қорасына,
Қоңыр ақын танысқам тірлігімен,
Іздеп барып арнайы Үлгіліден.

Мен де көшіп келіп ем Қарасаздан,
Арманымды қанат қып ала самғап.
Жамбыл ата жері де жатсынбады,
Бауыр басып кетім ем бала қаздай.

Табалдырық аттатпай есік-төрлер,
Жүрген кезім балшықты кешіп белден.
Ақын ғой деп бәйгеге ат қосып көрген,
Есағамның алдына алып барып,
Жан сырымды жайып сап оқып бергем.

Күтіп жүрген қиялда керуенді
Жолықтырып жасқана еріп едім.
Қоңыр құлын үніне кісінеген
Қоңыр ақын бағасын беріп еді.

Таныстығым осылай басталған-ды,
Ақындықтан ойлатпай басқа арманды.
Жүрген кезім, онда мен бойдақ едім,
Қарасаздың едім мен қасқалдағы.

Жазу да бар, ақын боп қалу да бар,
Таланттар бар тағдырға бағынбаған.
Атын айдай әйгілеп, алсын жыры,
Есенқұлдың асуын алынбаған.  

Ілиас ӘЛИАСҚАРҰЛЫ.