ТӨБЕЛЕР КӨП, АЛ БИІКТЕР САНАУЛЫ: ЖАҚЫПЖАН НҰРҒОЖАЕВ 75 ЖАСТА

Уақыты: 23.03.2021
Оқылды: 1561
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ұлы Абай «Өмір – мұхит, уақыт толқын» десе, халқы үшін қалғымаған қазақтың үлкен қаламгері Шерхан Мұртаза «Уақыт – өлшеуіш. Дәнді бір жаққа, қауызды бір жаққа бөліп тастай алады» деп атқан оқтай, шапқан аттай алға асыққан мезгілдің күндердің күнінде пенде біткенді саралайтынын жазып кетіпті-дүр. Осы орайда қазақ әдебиетінің бастауында тұрған Мағжан Жұмабаевтың: «Елге еңбегін сіңірген ер қымбат. Ердің елге бағасы қаны бір болуда емес, жаны бір болуда. Қуаныш-қайғысы ортақ болуда. Ердің бағасы – елге еткен еңбегінің зор, яки кішілігінде емес, ел деген жүрегінің таза болуында», - деген ер-азаматқа арналған айқындауышы еске түседі.

Жоғарыдағы інжу-маржандарды тергендегі мақсатымыз  біреу ғана. Үздіксіз рухани ізденісте жүріп, тоқмейілсуді білмейтін мазасыз қалпында қаламы қолынан түспей, жетпістің бесеуіне жігерлі жеткен жүрегі таза, жаны жомарт Жақыпжан аға Нұрғожаевтың азаматтық тұлғасы қалыптасқан, кісілік келбеті келіскен қаламгер екендігін жұртшылыққа жария ету.

Ағамыздың есімін қаршадайымнан білдім деп айта алмаймын. Дегенмен, бозбала шағымыздан жүрегіміздегі отты үрлеген «Лениншіл жастан» Жақаңның жанға жылу себетін очерктерінен нәр алып өскенімізді жоққа шығара алмаймыз. Кейіннен Талдықорған таратылып, Алматыға қарағанымызда «Жетісу» біздің үйдің де қонағы болды. Бас редактор Жақыпжан Нұрғожаевтың батасымен шығатын газеттің әрбір беті біз үшін таптырмайтын құндылыққа айналды. Әсіресе, аудандық газет үшін облыстық басылымның үлгі-өнеге болғаны айтпаса да түсінікті.

Қоғамдағы мәдениеттілік жан-жақты өрістеп, тамыр жайса ғана ол өркениетке айналмақ. Мәдениеттіліктің өрісі кең. Отанды сүю, халқыңды сүю, отбасыңды сүю, жерді, туған табиғатыңды сүю, тіпті төңірегіңдегі қарым-қатынас мәдениеті адамды тәрбиелейтіні анық. Сол жылдардағы «Жетісу» осы талап биігінен көрінді.

Құрметті Жақыпжан Мысабекұлы!

Сізді 75 жасқа толған мерейлі тойыңызбен құттықтаймын! 
Көпшілік өзіңізді публицист-жазушы, түрлі медиа-жобалардың бастамашысы, баспасөз ісін ұйымдастырудың шебері деп біледі. Еліміздегі бірқатар басылымдарда журналистік тәжірибеңізді толықтырып, қаламгерлік қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Өзіңіз басшылық жасаған жылдарда Алматы облыстық «Жетісу» газеті қоғамымыздың толғақты мәселелеріне, ел тағдырына, өңірдің өркендеуіне қатысты озық ой, байыпты байлам айтатын салиқалы баспасөздің бірі болды. Зиялы азамат, талапшыл жетекші ретінде басылымның бет-бейнесін, мән-мазмұнын жақсартуға зор үлес қостыңыз.
Ақиық ақынның шығармашылығын зерттеу ауқымын кеңейту мақсатында сіздің жетекшілігіңізбен ашылған «Мұқағали» журналы бүгінде мұқағалитануға тың арна салған көпшіліктің сүйікті басылымына айналды.
Сіздің қазақ журналистикасындағы жарқын ізіңіз - кейінгі толқын тілшілерге үлкен мектеп, тағылымды үлгі.
Осы шығармашылық ғұмырыңызда сізге толайым табыс, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға бақ-береке тілеймін. 

Ізгі тілекпен: Алматы облысының әкімі  Амандық БАТАЛОВ


Қарымды қаламгер

Жақыпжан Мысабекұлы аңқылдаған пейілімен, жарқылдаған көңілімен баяғыда-ақ ардақ тұтар ағама айналған. Бір-бірімізді таныған алғашқы жылдардан бүгінгі күнге дейін ағалы-інілі болып, сый-құрметіміз жарасып келе жатырмыз. Ол кісі менің рухани ағам. Бар ғұмырын қазақ журналистикасына арнап, соның ішінде облысымыздағы төл басылым, ғасырдан асқан абыз газетімізді жиырма жыл басқарып, байсалды басшы, қарымды қаламгер, жалынды журналист бола білді. Ағамның өмір керуенін шағын лебізімде айтып тауыса алмайтыным ақиқат. Бір ғана ерен еңбегін айта кетейін. Жақыпжан Мысабекұлы Хантәңірінің мұзбалағы, ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаев мұраларының да шырақшысы десем артық айтқандық емес. Оның бір ғана дәлелі – ағаның бастамасымен 2005 жылы хас батыр Райымбек бабамыздың 300 жылдық мерейтойында республикалық әдеби-мәдени, танымдық «Мұқағали» журналының алғашқы саны шығып, тұсауы кесілді. Бүгінгідей жаһандану заманында ұлт руханиятына қызмет етіп, ақынның аманатын арқалаған ғаламат журнал ашу үлкен тәуекел мен аса жауапкершіліктің жемісі. Арнайы «Саржайлау» қорын құрып, соған өзі басшылық жасап, журналдың ел көлемінде кеңінен таралуына аянбай еңбек етті. Қазір журналды рухани інісі, осы игі істің басы-қасында бірге жүрген белгілі ақын Батық Мәжитұлы басқарып отыр.  Бұл журнал мұқағалитанудың жаңаша бастамасы еді. Жақыпжан аға өзінің 75 жылдық мерейтойының қарсаңында «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» деген Мұқағали ақынның  көзін көрген қаламгерлермен, өнер адамдарымен жасаған сыр-сұхбаттары және көлемді әңгімесі енген кітабы жарық көргенін өзі басқарған төл басылым «Жетісу» газетінің бір бетіне шыққан мақаладан кеңінен танысып, шынымен қуанып қалдық.
Бұл айтып отырғаным Жақыпжан Мысабекұлының ұзақ жылғы журналистика саласындағы еңбегінің бір түйір дәніндей ғана дүние. Халқыңызға бергеніңіз аз емес, аға, береріңіз де таусылмасын. Аяулы анаңыз Талайлы апам 108 жыл ғұмыр кешті. Өзіңіздей ел мақтаған перзентіне алтын құрсақ, сүйегі асыл анамыздың жасын берсін. Ғасыр тойдың төрінде отырғаныңызды көруді бұйыртсын. Аман болыңыз, ақеділ көңіл аға!

Нұржан Құдайбергенов,
Райымбек ауданының әкімі 


Жемісті жылдар

Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек еткен жылдары әлеуметтік сала мен ішкі саясат мәселелеріне жауапты болдым. Бұл екі сала ішкі ағымдары өте көп, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен көңіл-күйіне қатысты шұғыл шешімдер қабылдауға тура келетін жауапты жұмыс екені түсінікті. Оны айтпағанда, елімізге әр қиырдан келген қонақтар жыр алыбы Жамбыл мен саз өнерінің саңлағы Нұрғисаның туып-өскен, мәңгілік мекен тапқан өлкесіне ат басын бұрмай кетпеуші еді.  Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен тығыз байланыста еңбек еттік. Жақыпжан Нұрғожаев ағамызбен таныстығымыз да осылай басталған.
Облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы болып тұрған жылдары Жақыпжан Мысабекұлымен алғаш жолыққан кезден бастап, өзін кәсіби біліктілігі жоғары, білімі терең, азаматтығы мол адам ретінде көрсетіп, арамызда аға мен іні ретіндегі сыйластық қалыптасты. Ауданда шешімін күткен мәселелер біржақты жазылмай, қашанда объективті түрде жарияланып жататын. Жылт еткен жақсылығымыз болса ол да ата басылымнан қолдау тауып отырды. Әсіресе, жыл айналып келетін баспасөзге жазылу науқаны кезінде жазарман қауымға қолдау көрсету парызымыз. Мұндай кездері де Жақаң аса парасаттылықпен, оқырман талабын терең түсінетін баспагер ретінде жұртшылықтың газетке жазылуына оң ықпал ете білетін. 
Елімізде өтіп жататын мәдени, мерекелік және мерейтойлық шараларда сан рет сапарлас болдық. Жолаушының жайы белгілі емес пе?! Ондайда іссапарға шығудан тәжірибесі мол Жақаң ортамыздың сәніне айналып, өзгелерімізді ағалық қамқорлығына алушы еді. Ауызекі әңгімеге  шебер, әзіл-қалжыңдары сайлаулы Жақыпжан ағамен терең ойлы әңгіме қозғаудың өзі бір ғанибет.                   
Шығармашылық жұмысын журналистикадан бастаған Жақаң бүгіндері жазушылыққа біржола бет бұрып, оқырманын тынысы кең, табиғаты бөлек туындылармен қуантуда. Аға-дос Жақыпжан Мысабекұлын тағы бір белесті бағындыруымен құттықтап, адами һәм қаламгерлік ғұмырының ұзақ болуын тілеймін!

Жандарбек Далабаев,
Қарасай ауданының әкімі


"Жетісудың" жампозы

Қаршадайдан арманым болған ақ құсым, 
Жүрегімнің қақ төріндегі тақпысың? 
Азабымбысың, тозағымбысың, әлде, сен, 
Бейуақта келіп басыма қонған бақпысың?» – деп қазақ поэзиясының қуатты өкілінің бірі Әбдірәштің Жарасқаны жырлағандай, от жүрегін тулатып өмірге келгеннен, ес танығаннан бастап қазақ журналистикасы, қазақ руханияты жолында салалы саусағынан қаламын сусытпай келе жатқан көрнекті қаламгер, жампоз журналист Жақыпжан Нұрғожаевтың есімі біз үшін ыстық. 
Қашанда ойлы шығармалары арқылы оқырманның іңкәр сезімін оятып, жүрегінің төрінен тақ сайлаған сырбаз журналист бір кездері ғасырдан астам шежіре түзген «Жетісу» газетін абыроймен басқарды. Ұлттың үнпарағы болған басылымды биік белестерге бастап, журланистерге жарқын жол нұсқай білді. Қаламын намысқа қайраған журналист ретінде де қоғамдағы күрмеуі күрделі мәселелерді қозғап, ұлылардың ғибратты ғұмырын бұтарланбастай бедерледі. Ақ жүрегінен адамгершіліктің сазы ескен осынау көрнекті журналист ел перзентіне айналды.
Қазақ поэзиясының құдіретті перзенті Мұқағали Мақатаевқа өміршең ескерткіш орнатып, әр жылдары баспа бетінен жарық көріп, оқырманға ақжолтайлап аттанған кітаптары, толымды туындылары арқылы қазақ әдебиеті әлемінде өзінің есімін қалыптастырған Жақыпжан Нұрғожаев мерейлі жасқа толып отыр. Біз ардақты азамат, сырбаз журналисті мерейлі жасымен құттықтай отырып, қаламынан қазақ руханиятына қажетті шырайлы шығармалар туа берсін, жыр алыбы Жамбылдың жасын есендікпен еңсерсін деп тілек білдіреміз.

«Жетісулықтар»

Шығыс руханиятының жұлдызы Фирдоусиден қалған сөз бар: «Дән көтерген құмырсқаға тимеңдерші, алысқаны өмір ғой, өмір сондай абзал ғой» дейді данышпан. Осы өмірдің қадір-қасиетін жастайынан ұғынған Жақаң өзі қалап алған журналистиканың қара нарына айналды. Республикалық басылымдағы маңызды тақырыптарды көтерген мақалалары, сыршыл новеллалары қазақтың қара сөзінің көсегесін көгертетін қаламгердің қалыптасып келе жатқандығын дәлелдеген-ді. «Төбелер көп өмірде, ал биіктер санаулы. Ұнатады ел сондықтан биікке көп қарауды» деп Мұхтар Шаханов жазғандай, биікке қарап, шыңға құмартқан қаламгердің бағына ұстаздары кіл мықты болып жолықты. Сондықтан жазушы Жақыпжанның жазбаларынан жалғандықты жолықтыра алмайсыз, шынайылығына күмәнданбайсыз.

Көпшілігіміз журналист еңбегін жеңіл-желпі деп санаймыз. «Қаламнан басқа ауыр жүк көтермеген» деп қатарластарымыз қағытады. Шын мәнінде қаламнан ауыр не бар дүниеде, қаламның жауапкершілігі тым салмақты. Деректі, цифрды сөйлету, қаңқасы ғана бар жалаң сөзге жан бітіру екінің бірінің қолынан келе ме? Осы жазғаныңның күні ертең оқырмандардан қолдау табуы, күдік пен күмәнге орын бермеуі жауапкершілігіңді еселей түспей ме?

Жүсіп Баласағұни айтады: «Жанды сөздің жалынын білім маздатады». Жақыпжан аға жастайынан осы тәмсілді терең тұшынды. Сондықтан да көп ізденді. Адамдардың ішінен адам тапқысы келді, көлшіктердің ішінен теңізді көргісі келді. Тапты да. Тапқанын өзі басқарып отырған «Жетісу» газетінің беттерінде жұртшылыққа көзайым ғып таныстырды да.

Ұшқыр уақыттың қанаты бізді де алысқа алып ұшты. Қазақ мемлекеттік университетінен дәріс алдық. Сол университет қабырғасында жүріп-ақ қаламы жүрдек журналистерге еліктедік. Жаздық, жазғанымыз тасқа басылғанда төбеміз көкке жеткендей желпіндік. Журфактың қалаулы қонақтарының сапында Жақыпжан ағамен де жүздескеніміз бар.

1997 жыл. Ұзақ жыл өзім қызмет атқарып, кейінгі жылдары тізгінін ұстаған Бөрлітөбе аудандық «Балқаш өңірі» газеті жабылды. Газет тұрмақ Бөрлітөбе ауданы деген атау да архивке кетті. Біз Сарқан ауданына қосылдық. Бастапқыда аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімін бір жылдан астам басқарып, үйреншікті кәсібіме оралдым. Сарқан аудандық «Сарқан» газетінің тізгінін қолыма алдым.

Сол жылдары біз үшін облыс орталығына айналған Алматыға жол түскенде «Жетісу» газетіне соқпай кете алмаймыз. Студенттік кезден жаныма жақын Қайрат Әлімбек, Кәдірбек Құныпияұлы сынды достарым бар. Олардың басы қосылса Жақыпжан ағаның адамдығы, кісілігі сөзімізге арқау болады. Арнайы барып таныстым да. Ақпейіл ақжарқындығы алтын күректей тынысыңды кеңейтеді екен. Адамдығы санаңды билеп, жаныңды тебірентеді. Алғаш танысқан сәттен бастап Алматыдан тағы бір аға тапқандай арқаланып аттанғанмын. Кейін білдім, жүзге, руға, жікке бөлінетін кеселден бойын таза ұстапты. Маңдайына жазылған ғұмыржарығында ешкімді де жатырқамай күн кешетін жайсаңдардың сапында. Жақсы деп танығанын жанынан қалдырмайды, бауырына басады деседі. Бұл дүниенің жыртығын бүтіндеп, кетігіне кірпіш болып қаланып, барын риясыз сарқып беруге құлшынған азғаналардың тізіміндегі дегдар азамат.

Сарқаннан жолданған мақалаларым «Жетісудан» жиі көрінетін болды. Жолым бір түскен мезетте редакцияға барып, Жақыпжан ағамен кеңірек дидарласқаным бар.

– Тәуелсіздік ауасын сімірген кейінгі жас буын еркін өсіп келеді. Бойларында өзімшілдік мол. Осы індет бойын жаулап алғандар бүгінгі дербестікті оңай олжа деп есептейді. Осы тақырыпта танымдық, тарихи әңгімелерге жиі ат басын бұруымыз керек, – деді ол.

Осы талап тұрғысынан табылып, танымдық тақырыпта жиі қалам тербедік. Алматыға бара қалғанда «Жетісудан» алатын қаламақымыз да қомақты. Жақыпжан ағаның тапсырмасымен қаржы маңындағылар шалғай аудандағы тілші ретінде факспен, қағаз-қаламмен қамтамасыз етіп тұрды.

Жақаңның Алматыдан біздің жаққа бірер рет жолы түскені бар. Алғашында атағы айналасына мәлім даңқты композитор Еркеғали Рахмадиевтің 70 жылдығында дидарластық. Сол жылдарда Алматы облысы әкімінің қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі, көрнекті ақын Сәкен Иманасовпен бірге Жақыпжан ағамыз да Бөрлітөбенің биік бір қырқасында өткен той дастарқанында мерейгерге жылы лебіздерін арнаған-ды.

Өзіндік жазу мәнері бар, өзіндік тақырыбын тапқан қаламгердің сырт келбеті, сабырлы кескіні, мазмұнды лебізі көпшіліктің көңіл төрінен орын алғаны анық. Келесі жылы Сарқан қаласы әкімінің шаңырағында біздің жаққа сапарлап келген осы екі ағамызбен тағы да жүздестік. Бұл басқосуда да Жақаң сырбаздығынан танбады, танымдық әңгімелерімен жұртшылықты ұйытып алды. Қаламгер дегеніміз түпсіз терең ғалым деңгейінде болу керек деген ұғым сол кезде санамызға берік орныққан-ды.

Жаңа ғасыр өз талабын ала келді. Облыс әкімі жаңарды. Алматы облысының орталығы Талдықорғанға көшірілді. «Жетісу» газетінің редакциясы бұрынғы талдықорғандықтарға таныс ғимаратқа орналасты. Көппен бірге мен де қаламдастарыммен қауышып, бас редактордың кабинетінен табылдым.

– Баяғы талап өз күшінде. Елің-жерің туралы жазбаларыңа кедергі жоқ, – дейді Жақаң.

Жақаң ағамыз сол сөзінен танбады. Зейнет жасына келген соң да ағаның адалдығы өзі сүйіп-сүйеген редакциясын алға бастыруға мүмкіндік берді. Басшылық қызметін таптаурын айдарлар мен тақырыптарды тірілтуден бастаған Жақаң газеттің оқылымды болуы үшін тер төкті. Оқырмандар саны еселеніп артып, облыс аумағында «Жетісуды» оқымайтын отбасы қалмады.

Ол өзінің назары түскен шәкірттерінен көз жазып қалмауға, көшпелі алтыннан айырылып қалмауға, жастардың көкейіндегі шоқты үрлеп тамызуға барын салды. Сондықтан да «Жетісудан» қанаттанған, дарынымен дараланған таланттыларға сан жетпейді. «Үйретті ол, аямады бар білгенін, Өсірді, аялады жан гүлдерін» деген жыр жолдары Жақаңа арналғандай әсерге бөлейді екен.

«Өз жаныңның ұшқынынан өзге кеудеге от түсіре алсаң – мықтысың» дейді ежелгі халық даналығы. Ол, Төлеген ақын айтқандай, «Жанам деген жүректерге от берді, Қыз қуатын жігіттерге ат берді». Жақаңнан тәлім алған журналистердің қай-қайсысы да тақырып беріп, оның жедел орындалуын қадағалайтын бас редактордың талапшылдығы нәтижесінде бір қараға жеткенін әлі күнге дейін айтып отырады.

Жақыпжан Мысабекұлы қазақтың маңдайына біткен біртуар ақын ұлы Мұқағали Мақатаев шығармашылығын зерттеу, зерделеу ісінің енді ғана бастау алғанын пайымдап, «Мұқағали» журналын шығаруға ден қойды. Рухани інісі Батық Мәжитұлы екеуі бірлесіп осы басылымның бағын жандырды, ақын тұлғасын жан-жақты сомдауға өлеңсүйер қауымды жұмылдырды. Өзі де жаңашыл жазушы ретінде тың ізденістерімен танылды. Мұқағали мен Нұрғиса сынды қос талантты тоғыстырған тағдыр сыйы «Гәкку-мұң» хикаятында әсем көрініс тапты. Ақын мен композитордың жан дүниесіне бойлау арқылы дара дарынның ән болып қалықтаған әрбір өлеңінің бүгін ғана жазылғандай жадыңда жатталып, санаңда қатталып қалғанын бағамдай алмай да қаласың.

Жылдар бойы бірге жүріп, бір күлген,   
Жақыныңның жат боларын кім білген.
Адамдарды зерттей алмай жүрмін мен,
Оны зерттеу мүмкін емес, білдім мен,
– деп Мұқаң жырға қосқан адамтану ілімін Жақаң ары қарай жалғастырып келеді. «Қазақ әдебиетінің» ақпанның алғашқы аптасындағы санында жарық көрген «Жыл құсы» осы сөзіміздің айғағы. Деректі хикаятта Мұқағали ақынның өзінен кейінгілерге деген жанашырлығы бүгінгі әйдік жазушы, Мемлекеттік сыйлық иегері Бексұлтан Нұржекеевке жас талап кезіндегі қамқорлығы арқылы ашылады. Поэзияда дараланып, прозада да өзінің қабілет-қарымын сынап көрген ақынның жан-жақтылығы осы деректі туындыда көрініс тауып, мұқағалитанудың жаңа парағы Жақаң жазбаларымен толығуда. Уақыт мүмкіндік беріп тұрғанда бір ғана тақырыптың тереңіне бойлап жүрген қаламгер биыл ұлы ақынның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында көз тойып, көңіл тоғайтатын толыққанды кітабын оқырмандарға тарту етті.

Жақыпжан аға жазбаларын қадағалап оқып жүретін оқырмандардан кенде емес. Кітапқұмарлар бас қоса қалғанда ойға азық, жүрекке нәр беретін Жақаң туындыларына тоқталмай кете алмайды. Өмірдің өзінен ойып алынған көркем шығармаларынан келелі ой түйесіз. Кестелі тілімен көпшілікті иландырып, алға жетелеп отыратын кез келген туындысы ойландырады һәм шуақты сезімге бөлейді. Адамгершілікке, ізгілікке үндейтін хикаят кейіпкерлерінің өздеріне тән мінез-құлқы, болмыс бітімі көңіліне ұялап, көпке дейін жадыңнан шықпайды.

«Жетісудың» өткені мен бүгіні жайында көсіле қалам тербеген жазушы ағамыз жетпіс бес жаста. Біреулер үшін егделік көрінетін бұл жас Жақаңның жаңа қырларының ашылуына жол беретін сынды. Бұл кісі осы жасында болдырған жоқ, шаршап-шалдыққан жоқ. Алдыда ақылман да абыз сексен-тоқсанға бастайтын жол жатыр. Жол жалғаса бергей!

Жомарт ИГІМАН,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі