Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

«ГЕРМАНИЯНЫ ТІЗЕ БҮКТІРГЕНІ ҮШІН»: МАЙДАНГЕР ЖОЛЫ

Уақыты: 02.07.2021
Оқылды: 773
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ақсу ауданындағы қарапайым шаруа отбасында 1923 жылы дүниеге келген Тәңірберген Толғанбаев бала кезінен-ақ аумалы-төкпелі заманның ауыртпалығын бір адамдай көріп өскен. Әкесі Толғанбай Маралбаев ерте дүние салғаннан кейін  10 жастағы бала ағасы Құдайбергенмен бірігіп, тіршілік кешу үшін ұжымның  ірі қарасы мен пошта аттарын бағуға мәжбүр болады. Еңбекақы есебінде берілетін аздаған азықты талғажау ете жүріп, болашаққа ұмтылған олар қиындықта шыңдалып, еңбекпен есейген ұрпақтың өкілдері-тұғын. Әсіресе, Қытайдан жеткізілген түліктерден бұлардың үлесіне тиген екі қой баптап-бағып өсіргендерінің нәтижесінде көбейіп, тарықпай өмір сүрулеріне септігін тигізеді. Өкінішке қарай, ағасы 7-ші сынып оқып жүргенде аяқасты дүние салып, анасы Биғайшамен екеуі тіршілік үшін күресті жалғастырады.

Бұл тұста елімізге қанқұйлы жау тұтқиылдан шабуыл жасап, соғыс өрті қаулай бастаған болатын. 1942 жылы 18 жасқа толған Тәңірберген азаматтық борышын өтеу үшін әскерге шақырылып, әуелі Арменияның Ленинакан қаласындағы үш айлық дайындық курсынан өтеді. Неміс басқыншылары Кавказ жерін басып өтіп, Сталинград үшін жан алып, жан беріскен ұрыс басталғанда бұлар Армения жерін жаудан қорғап, дұшпан әскерінің тұтқиылдан шабуылдауына тосқауыл болып тұрған. Сталинград азат етілгеннен кейін «Армавир №251 заставасына ауыстырылып, шегарадағы қызметін одан әрі жалғастырады. Бұл өзі кескілескен майдан жүріп жатпағанымен қауіп-қатер, ажалмен күнделікті бетпе-бет келетін, жауапкершілігі мен ауыртпалығы бірдей  болғаны түсінікті. Шегарада жүрген кездері талай жауынгер серіктерінен айырылып, сан рет арам пиғылды дұшпанмен шайқасқаны бір өзіне ғана аян. Өңіріне қадаған «Кавказды қорғағаны үшін» және «Германияны тізе бүктіргені үшін», «Маршал Жуков»  медальдары осы қатерлі жылдардың айқын айғағы болса керек.
Қанқұйлы жауды өз ұясында талқандап, елімізде бейбіт өмір орнаған 1949 жылы ғана туған жеріне оралған Тәңірберген Толғанбаевты тәртіп пен тыныштық күзетіндегі тағы бір майдан күтіп тұрған болатын. Ол алдымен Ақсу ауданындағы халық сотына хатшы болып орналасып, С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде  заңгер мамандығын сырттай оқып бітіреді. 1951 жылы республиканың Ішкі істер министрлігінің жолдамасымен құқық қорғау органдарына қызметке келіп, ұзақ жыл бойы осы салада жемісті еңбек еткен болатын.  Алдымен өзінің туған өлкесі – Ақсу ауданында жұмыс істеп, кейіннен Жамбыл ауданы ішкі істер бөлімінің басшысы болып еңбек еткен жемісті жылдар жұртшылық жадында. Жауапкершілігі жоғары, тапсырылған салаға аса ұқыптылықпен қарайтын майдангер мұнда да өз ісінің озық маманы ретінде танылған. Облыстық партия және атқару комитетінің ауыспалы Туларын үнемі жеңіп алып, өзінің  Қызыл Ту  орденімен, Жамбыл және Іле аудандарының  Құрметті азаматы атағымен марапатталуын Тәңірберген Толғанбайұлының еңбегіне берілген әділ баға деп есептеген жөн шығар. 
1964-1975 жылдар аралығында ішкі істер саласында еңбек етіп, милиция полковнигі дәрежесінде  зейнет демалысына шыққаннан кейін тәжірибелі әрі азаматтық борышына адал маманды прокуратура органдары жұмысқа шақырған. Алдымен Іле ауданында прокурордың көмекшісі, кейіннен бас прокурор қызметін абыроймен атқарады. Тәңірберген ағаның азаматтардың тыныштығын қорғау,  елдегі тәртіп пен реттілікті қамтамасыз ету бағытында атқарған жұмыстары да майданмен пара-пар деп айтуға болады. Себебі, уақытпен санаспай, өз өміріңді қатерге тіге жүріп қылмыспен күресу, тұрғындардың бейбіт те алаңсыз тірлігін қорғау қызметкерден ынта-ықыласымен бірге күш-жігерін де сарқа пайдалануды талап ететін. Осы саладағы жемісті еңбегінің белгісі ретінде  «КСРО Ішкі істер министрлігіне сіңірген қызметі үшін» Құрмет грамотасымен, «Озат полиция қызметкері», «Кеңестік милицияға 50 жыл» төсбелгісімен, Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталуына  арналған көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. 
Бүгіндері 98 жасқа шығып отырған майдангер Тәңірберген Толғанбаев бала-шаға, немерелерінің ортасында бақуатты тірлік кешуде. Әрине, ғасырға жуық жасап келе жатқан қадірлі ақсақалдың денсаулығы сыр бере бастағанымен  қазақ елінің тәуелсіздік алғанына куә болғаны үшін тағдырына мың қайтара шүкіршілік айтады. «Балалық шағымызда жоқшылық пен ашаршылықты, көзі ашық азаматтарды қудалаудың небір сорақысын көріп, жігіттік шағымыз қан майданның ортасында өтіп, одан кейінге саналы ғұмырымыз құқық қорғау саласында өткен біздер үшін еліміз еркіндік алып, бейбіт заманның орнауы шын бақыт!» – дейді саптағы майдангер.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Іле ауданы