Ел рухын көтерген емен-жарқын жүздесу

Уақыты: 29.12.2017
Оқылды: 1356
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Облыс әкімі Амандық Баталов  халықаралық, республикалық байқаулар мен спорттық жарыстарда жеңіске жеткен жас әртіс, ақын-жазушылар мен спортшыларды қабылдады. «Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» деген қанатты сөз бар.  Біздің облыста шығармашылық адамдарына ерекше қолдау көрсетілетіні рас. Бұл орайда жыл сайын облыс әкімінің қолдауымен бірнеше жүздеген кітаптың жарыққа шығуы сөзімізге дәлел.  

Облыс   әкімі Амандық Баталов Жетісу жерінің киелі  мекен екенін айта келіп, таланттардың көптеп шығуы топыраққа байланысты екеніне тоқталды. «Қаратал өңірінің өзінде 18 әулие жерленген. Біздің өңір қасиетті. Сіздер бұрынғы өткен сал-серілердің, ақын-жыршылардың жолын жалғап келе жатқан ізбасарсыздар.Әркім өз ісінің майталманы болуы тиіс. Мысалы, мен оқу бітіргенде ұстаздарым маған ғылыммен айналыс,  біліміңді жалғастыруыңа көмектесейік деп ұсыныс тастаған еді. Ал мен жай ғана жақсы инженер болып қалуды көздедім», – дейді ол мамандыққа адалдықтың абырой биігіне көтеретінін айта келіп. Мамандықтары бойынша жетістікке жеткен жастар бұл  сөздің растығына шүбә келтірмеді. Кездесуге қатысушылар атынан халықаралық «Рух» әдеби байқауының поэма жанры бойынша бас жүлдегері Бақыт Беделхан сөз алып: – Маңдайымыздан сипап, арқамыздан қағып жүрген ағаларымызға шығармашылық адамдарының атынан алғыс айтқымыз келеді. Кейде бөз жәрдемнен гөрі, сөз жәрдем көп қажет адамға. Сіз қолдасаңыз біз арқаланып тұрып алға басамыз. Бәріміз бірігіп облысымыздың намысын қорғай берейік. Мық шегедей мықты болайық», – деді  ақын. Республикалық «Алтын тобылғы» әдеби байқауының «Үздік проза» аталымы бойынша лауреаты Бейбіт Сарыбай: «Біз үшін биылғы үлкен жаңалық – Нарынқол ауданының қайта құрылғандығы. Аудан тарқағалы киесі де кемігендей болып жүр едік. Нарынқол – Сағат Әшімбаев, Мұқағали, Еркін туған мекенді қайта қалпына келтіріп жатқаныңыз үшін жерлестеріміздің атынан алғыс білдіремін. Соңғы он жыл бойы «Нарынқол бөлек аудан болса екен» деп армандап жүр едік. Бүгінде сол арманымыз іске асып, ел қуанышқа кенелді. Мысалы, ауданнан шыққан белгілі азамат, «Хабар» агенттігі ашылғалы еңбек етіп келе жатқан Арман Ысқабыл жерлес азаматтарға, ауданға қайта кетейік, елге қызмет етейік деп жатыр», – деп айтарын түйіндеді. Ақынның сөз төркінін түсінген облыс әкімі  елдің рухын көтеруге қызмет етемін деушілерге билік жағынан барлық көмектің көрсетілетінін, бірінші кезекте баспана мәселесін шешіп беретінін жеткізді. 
Кездесуде республикалық «Алтын домбыра» жүлдесінің иегері Жандарбек Бұлғақов та  сөз алып, өздеріне ағалық қамқорлық танытып келе жатқан облыс әкімі Амандық Баталовқа  алғысын білдірді. «Елдің рухын көтеріп, намысын қорғап жүруге әрқашан дайынбыз. Өңір әкімі өзіңіз болсаңыз, қасыңызда еріп жүрер ақын-жыршы, батырыңыз біз боламыз», – деді жас айтыскер. Басқосуда «Қазақстан» ұлттық телеарнасының ұйымдастыруымен «Мен Қазақпын» атты халықаралық мегажобаның «Әнші» аталымы бойынша бас жүлдегері атанған Бейбіт Мұсаев та сөз алып, байқауға қатысуға жан-жақты қолдау білдірген облыс басшылығына алғысын білдірді.  
Әкім қабылдаған жас ақындардың тізімінде біздің газеттің тілшісі Мақпал Мыса да болды. Ол – республикалық «Алтын тобылғы»  әдеби байқауының «Туған ел» аталымының жеңімпазы. Мақпал ақын осы байқаудағы жеңіс оған үлкен жауапкершілік жүктегенін айтты. Жүлдегерлер  Елдос Тоқтарбай мен грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген  спорт шебері Демеу Жадыраев та жастарға көрсетіліп жатқан қамқорлық үшін ризашылығын білдірді. 
Кездесуді  қорытындылаған  Амандық Ғаббасұлы Талдықорғанның кіреберісінен халықарлық ойындар өткізуге мүмкіншілік тудыратын үлкен бассейннің салынатынын және жеңіл атлеттерге арналған жаңа стадионның тұрғызылатынын қуанышпен жеткізді. Басқосу соңында облыс басшысы жүлдегерлерді жеңістерімен тағы бір мәрте құттықтап, сый-сияпат ұсынып, бірге естелік суретке түсті.  

 

Гүлжан ТҰРСЫН.