ЖЫЛҚЫШЫ

Уақыты: 22.10.2023
Оқылды: 1408
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адам баласы асқақ арман көгінде қанаттанып өседі. Ұлт рухымен сусындап, шыңдалған сайын толассыз күреседі. Қиыншылыққа төзіп, көздеген мақсатына жетеді. Өткенге мұқият үңіліп, тарих үніне құлақ тоссаң салиқалы өмір мектебі осылай дейді. Мәселе сол мектептен кім қандай сабақ алды? Кім қандай ұстанымға келді? 

Қандай да болмасын жаңалықтың ұйытқысы, дем беретін бастаушысы болады. Олардың ойын тыңдайтын, ойына қарай сөзіне құлақ тосатын, сөзіне қарай қарым-қаракетін талдайтын төр, қолдайтын қауым, жетекшілік ететін төресі болады. Мұндай адамды кезінде рубасы, тайпа көсемі, ел тұтқасы деп құрметтеген. Әлбетте, қарым-қабілеті басқалардан ерекше болғандығынан.

Қалпе руына жататын Есіркеп, Айбас ата ұрпақтары «Май» ұжымшарына өз үлесімен, мал-жанымен біріккен. Айрандай ұйып отырған ағайынға  өкімет  өкілінен гөрі ақыл-парасатымен танылған ақсақалдардың ықпалы басым болыпты. Солардың бірі Досымбай қария еліне басшылыққа жарар адамды ауыл тұрғындары арасынан таңдап, ханды құрылтай сайлайды тәсілімен еңбеккерлердің жалпы жиналысына ұсынады екен. Әр жылдары ұжым басқармасының бастығы қызметін атқарған Еріш Көшербаев, Ақылбай Ұзақов, Сағатбек Ыбырайымов, Ахметше Мылтықбаев, Ешмұхамбет Сүлейменов сынды азаматтар заман ағымына сай  ауыса беріпті. Осынау ең қиын деген жылдары бастық болған Білдебай Кәрбозов «Май» ұжымшарын ұзақ жыл басқарып, қоғамға адалдығын танытқан. Ол 1928 жылы құрылған Қаратал аудандық комсомол комитетінің тұңғыш бірінші хатшысы болған. Сөзге сараң, ісіне мығым Кәрбозов таң атпай атқа қонса кешке дейін түспейді екен. Кімнің не істеп жатқаны  көз алдында. Жіберілген ағаттықты қолма-қол түзеуге ақыл-кеңесін беріп, тыным таппайтын, айқай-аттаны жоқ бастықты ел де сағынып отыратын көрінеді. Қиын жылдар дегенде ең алдымен еске түсетіні қолдан жасалған ашаршылық, жау қатарына жатқызылған игі жақсылардың кісенделіп жер аударылғаны. «Бұл ауылды да айналып өтпеген осынау  қиянатқа төзімділік танытып, иық тірестіре білген ел бұл қасіреттен де құтылды-ау» дейді көнекөз қариялар.

1950 жылы Үкіметтің арнайы шешімімен одақ көлемінде шағын ұжымшарларды біріктіріп, ірі шаруашылық құру науқаны басталды. Осыған байланысты «Жаңаталап», «Май», «Оян», «Ұмтыл» ұжымшарлары бірігіп «1-Май» ұжымшары болып құрылды. Жетіжылдық мектебі, клубы мен кітапханасы, байланыс бөлімшесі мен адам емдеу орны бар, арнайы құрал-жабдығы мол ағаш, темір  ұстаханасы мен сүт қабылдау пункті және халықтың мұқтажын өтейтін сауда дүкені бар Жаңаталап ауылы «1-Май» ұжымшарының орталығы, ал басқарма төрағасы болып Халық Қарғабаев сайланады. Осылайша ел мен ел, мал мен мал қосылады. Ең қызығы, Май, Оян, Қожбан, Ұмтыл ауылы балаларының Жаңаталап мектебіне жаяу келіп оқитыны. Ат арба, шана берілісін деп ешкім кесірленбеді. Тәрбие де, білім де балаға қажет. Асыр салып ойнаудан бас тартпайтын балалардың бес шақырым жерді еңсеріп сабаққа келуі ГТО нормасын тапсыруын жеңілдетті. 1938 жылы ашылған Ұмтыл, Май,  Жаңаталап бастауыш мектебінің алғашқы ұстаздары Нұрсан Төлемісов, Рақымқұл Отарбеков, Бижамал Қаңтарбаева, Әстай Қабытаева, 1946 жылы жетіжылдық мектепке айналған Жаңаталап мектебінің тұңғыш директоры Медеубай Досымбаев есімдері күні бүгінге дейін ел есінде.

Дзержинскийдің бастамасымен Одақ көлемінде ақ пен қызыл арасындағы текетірестің ұзаққа созылуынан жетім балаларға арналған балалар үйі мен панасыз қалған балаларды қамқорлығына алатын ФЗО-ның (фабрично-заводское обучение)  ПТУ-ға (профессионально-техническое училище) айналған жаңа оқу орындарының Талдықорған қаласы мен Түлкілі ауылынан ашыла бастаған кезі. Оның сыртында Антон Макаренконың «Педагогическая поэма», Валентин Катаевтың «Сын полка» атты кітабы шалғайдағы қазақ ауылдарына жете бастаған. Солардың ықпалы болды ма екен, сабақтан тыс уақытта «атаман» атанған балалардың беделі арта бастаған. 

ФЗО-да оқығандары қалада қалса, ПТУ-ды бітіріп, тракторист, комбайншы, токарь мамандықтарын игеріп ауылға оралғандары ақ тер, көк тер болып қызу еңбекке кірісті. Балтабай Ғалиев, Құдайберген Ниетжанов сияқты шопан таяғын ұстап құйрық жегендері, сауыншы болып май шайқап, алақанын жалағандары да аз болмады. Аттың жұмысын істеп, тайдың жемін жеген 30-40-шы  жылдары туған жастардың бірде-бірі балалық шағымыз қорлықта, құлдықта өтті деп шағым айтып көрген емес. Таңғы ұйқысын қимағандары болмаса, ешқайсысы оқуынан да, ойын-сауығынан да, қызды ауылды  торлап, сайран салудан да қалған емес. Өмірді  еңбегімен өріп, қызығын да, нәсібін  де өз балаларымен бөлісті.

«ДТ-54» тракторының құлағында ойнаған Шәкен Өмірәлинов сылқым қыз Сарамен, Мағұзым Байтұрбаев ақмаңдайлы Галямен тұрмыс құрып, 10 баланың ата-анасы атанды. Қатарынан қалдырмай балаларын оқытты, еңбекке баулып, аламанға қосты. Оза шыққандарының алдынан шығып,  белін буып ақ жолға бағыттады. Бұғанасы ертерек бекіген Көпбайдың Дәуіті, Жанысбайдың Нұрсұлтаны Ұмтыл ауылының жезтаңдай әнші қыздары Тұрсын мен Сайраның жолын торумен болды. Менің жарым болса деп армандаған небір сал-серілердің бірін шеттетіп,  бірін сүріндіріп, дауысы алты қырдан асатын әнші қыздарды колына қондырған отыз үшінші жылдың сәбилері үйлі-баранды болып, бақытқа бөленді. Екі досынан қалыс қалмаған Алтынбек  Сайрашты ідеп тапты. Отау көтеріп, арыстай алты ұлдың ата-анасы атанды.

Жаңаталап ауылы жастарының атаманы Отызбаев Күмісбек Беларусь тракторының құлағында ойнаса, ат құлағында ойнаған Оян ауылының атаманы Тобажан Батырбаев есепші, Ұмтұл ауылының атаманы  Құдайберген Сарманбетов қырман мен қойма меңгерушісі, ал  Май ауылы жастарының атаманы Нұрсұлтан біраз жыл туған әпкесі Рәбиғаның қасында қызылша дақылын өсірді. Сушы болды. «Комсомолдар жас қайраты елімнің» әні шырқалғанда  қызылша өсіруші комсомол-жастар звеносының жетекшісі болды. Еңбегі ақталды. Әпкесі Рәбиға да, өзі де стахановшы атанды. Украина шахтері Алексей Стахановтың кім екенін біле қоймаған ауыл адамдары  «Елдің атын ер шығарады, ердің атын ел шығарады» деген киелі ұғымның құдіретін өндіріс озаттарының жанкешті еңбегінен аңғарды. 

1963 жылы «1-Май» ұжымшары заман талабына  сай Қаратал кеңшарының құрамына кірді. Орталығы Кәлпе ауылы. 1964 жылы Кәлпе қызылша кеңшары, Қаратал қой кеңшары болып екіге бөлінді. Қаратал қой кеңшарының орталығы Жаңаталап ауылы болды. Оның тұңғыш директоры Өтеп Орынғалиев Нұрсұлтанға ферма меңгеруші қызметін атқаруды ұсынды. Алайда мәртебелі қызметтен бас тартқан ол жылқышы болуды таңдады. Бұл таңдаудың тамыры тереңнен сыр тартатынын директор мырза қайдан білсін.

Біріншіден, бабасы Есіркеп есіп сөйлейтін бай болған адам. Бір-бірімен сүзісіп жарақаттанған өгіз-бұқаларымды мыңға,  ұяласымен  қырқысып ит-құсқа жем болған төбеттерімді жүзге жеткізе алмадым деп желпініп жүретін  Есіркеп  қазақ-қалмақ соғысы кезінде  халық майданының қорына бір мың бас ат, бес жүз өгіз, он мың бас ісек өткізіп, ағайындарының беделін бір көтеріп тастаған ғой.

Екіншіден,  Сайра – оқушылар арасындағы аудандық  көркемөнерпаздар байқауының жүлдегері. «Жылқышымын елімнің мендерімін, Алтын жұлдыз айғағы еңбегімнің» деп асқақтата шырқай келе, «Жүз биеден жүз құлын аламын деп, Отанға берген антым бар» деп аяқтайтын әнді тыңдаған Нұрсұлтан, аманшылық болса жүз биеден жүз құлын алатын жылқышың мен боламын,  атымды баптап, өзімді аламаннан күтіп алатын жарым бол деп ортекедей орғыған қызға ұсыныс жасаған-ды. Май ауылы жастарының атаманы Нұрсұлтанның батылдығы көңілінен шыққан Төлеубайдың кенже қызы оқу жылының аяқталғанын асыға күтеді.

Дәм-тұзы жарасқан екеуі отау көтеріп, 5 ұл, 3 қыздың ата-анасы атанады. Мал басының өз төлінен еселеп өсуіне байланысты 1Май ауылы қанаттас отырған Қожбан ауылын қосып, «Қаратал» қой кеңшарынан еншісін алып, «1-Май»  қой кеңшарының шаңырағын көтереді. Кеңшар директоры Манап Смағұлов та ферма меңгерушілігін ұсынады. Одан бас тартқан Нұрсұлтанның ұсынысымен Елеусіз Баекенов меңгеруші болып тағайындалады.
Басшы болсаң Қонаевтай бол,
Жосылып жатқан жолдай бол.
Жұмыс жасар кезіңде,
Жүк көтерген нардай бол.
Ақыл айтар кезіңде,
Көп жасаған шалдай бол, – деген Білдебай абыздың батасын алған Елеусіз бен Нұрсұлтан бірі басқарма, бірі жылқышы – ел ағасы атанып,  асыл мұраттарына жетіп, ел мақтанышына айналды. Мұратына жетуді әркім әрқалай түсінеді емес пе? Ал ауылдың алтын бесігіне бөленіп өскен бұл екеуінің тірлігі үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекке тағзым ұғымын дәріптеуден басталды. Арбакеш Айтбай Қарауылов, тракторшы Нұртай Желдібаев, мал дәрігері Әбен Ерішев, зоотехник Ғалым Досымбаев, агроном Ақай Ахметшенов сынды ағаларының жолын кеспей, еңбегін бағалап, Көпен Әлішев, Болатқали Жұлынов,  Нұртілеу Желдібаев, Орынбек Нұрахметов сынды жастарды еңбек майданының алдыңғы шебіне шығарып, социалистік қоғам төріне дер кезінде таныстыра білгенінің өзі  ерлікке пара-пар. Елеусіз бен Мәкен, Сайра мен Нұрсұлтан қоғам өмірінен  алшақтамай ұл-қыздарын өсіріп, қатарынан қалдырмай жоғары білім алуына жағдайын жасады. Көргенді жермен құдандалы болып, келін түсіріп, немере сүйіп, абыз ата, абзал әже атанады. 

Жылжып жылдар өтіп, жүз биеден жүз құлын алынып жатты. «1-Май» кеңшарының орталығы үлгілі жобамен тотыдайын құлпырды. Кеңшар директоры Әбіл Ниязов пен Шәкербек Оспанов әулеттерімен қарым-қатынасы бекіп, туыстыққа айналды. Елеусіз кеңшардың бас зоотехнигі болды. Өкіметтің заңына сәйкес 1 әулетте 1 құлынды бие, 1 бұзаулы сиыр, 15 қой ұстайтын шектеуге қарамастан Нұрсұлтанның жекеменшігіндегі жылқы саны  300 басқа жетті. Өкімет малының басы өсуде, 100 биеден 100 құлын алынуда. Еңбегі еленіп өкіметтің марапатынан құр қалған жоқ. Мәртебелісі – омырауына тағылған «Октябрь революциясы» ордені мен «Қазақстан ауылшаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері» төсбелгісі.

Еліміздің дамуын қамтамасыз еткен бесжылдық бағдарламалар тарих еншісіне айналған сайын  өмірге енген оң өзгерістердің жемісті, жеңісті болғанына іштарлық білдірудің жөні жоқ. Өткенді бағалауда әдептіліктің сақталуы толған ел азаматтарына тән қасиет. Қаратал – барлық салалар бойынша дамыған аудандар қатарына ХХ ғасырдың 70-80-ші жылдары-ақ қосылғанын басы-қасында жүргендер жоққа шығара алмайды. Мал шаруашылығы мен егін алқаптарына жаңа технологияны батыл ендірудің алаңы болған аудан. Соның бірі «1-Май» кеңшары «Казживпромға» өтіп, 10 мың бас ірі қара малын бордақылайтын үлгілі шаруашылыққа айналуына байланысты «Октябрьдің 60 жылдығы» атындағы қой кеңшары құрылып, тұңғыш директоры болып Елеусіз Баекенов бекітілді. Күшік-Кәлпе тоғандарының жалғасы болып, кеңінен пішілген «ЛВ-3» пен «ПВ-2» жобаларын іске асыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. «ЛВ-3» бойында игерілген 600 гектар суармалы жер «Қаратал» қой кеңшарының, «ПВ-2» каналы бойындағы 2240 гектар «1-Май» мен «Октябьрдің 60 жылдығы» атындағы кеңшардың малын жем-шөппен қамтамасыз етпек.  Мұның сыртында Үштөбе қаласында облыс шаруашылықтарына қажетті мөлшерде құрамажеммен қамтамасыз ететін ірі комбинат салынды. Бұл дегеніңіз, білімді де білікті маман даярлау қажеттігі өзекті мәселеге айналғанын көрсетеді.  Шаруашылыққа заман талабына сай «Кировец» тракторы, «Енисей», Ростов қаласында жасалған «СК-3» астық жинау комбайны,  «Германка» шөп шабу агрегаты, «Волжанка», «Днепр», «Кубан» атты тамшылатып суаратын агрегаттардың құлағында ойнайтын жастарды тәрбиелеу жүйесі анықталды. Бұл бағдарламалардың толық іске асып, нәтижелі болғанын мен айтпасам, кім айтпақ?!

Ауыл ағасы, ел ағасы атына лайық «Октябрьдің 60 жылдығы» кеңшарының жылқышысы Нұрсұлтан жас кезінде қосылмаған аламанға ауыл жастарымен қатар өзінің ұл-қыздарын қосты. Шаруашылыққа келген заманауи техниканы бұрынғыдай неміс, орыс жастары емес, ауылдың қара домалақтары игерді. Олардың еңбегінің игілігін ел көрді. Ұлдың үлкені Абай кәсіпкерліктің ұршығын үйіріп, облыс жұртшылығына танылды. Облыстық сауда басқармасын, «ТАТЭК» компаниясын басқарды. Республикалық ат спорты федерациясының демеушісі болды. Әкесінің жолын жалғастырып көптеген дос тапты. Адалдығы жарасқандар бір-бірімен туыс болып кетті. Күні бүгінге дейін қарым-қатынастары үзілген емес.

Тоқсан жасқа толып отырған Нұрсұлтан тірі болғанда бүгін дүрілдетіп той жасап, небір игі-жақсылардың басын қосып, бір шалқыр еді. Өзіне тән бауырмал қалпында бір жымиып қойып: «Қалай, ел-жұртың аман ба? Өсірген  қызың текті, ұлың сесті ме?» деп сауал тастар еді. Өмірден ерте көшкен Жанысбайдың Нұрсұлтаны айтар сөзді енді зайыбы Сайра, артында қалған ұлдары Бабай мен Жеңіс айтады. Нұрсұлтанға және өмірден ерте кеткен ұл-қыздарына арналған асқа Жетісудың текті қыздары, сесті ұлдары қатысып, жампоз ағаларын еске алары хақ!

Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы