"ӘКЕМІЗДІ "АҒАТАЙ" ДЕЙТІН": ӨШПЕЙТІН ӨР БЕЙНЕ

Уақыты: 04.12.2019
Оқылды: 1685
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өзің жаныңа жақын тұтатын, тәрбиесін көрген, тәлімін алған адам жайлы еске алып, естелік жазу сол жанның өмірдегі бейнесін бағалауға ұмтылған ниеттен туындайды. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегендей, әңгіме арқауы өмірден озғанымен соңына мол мұра қалдырған, әріптестерінің ортасында парасаттылығы, ағайын-туыстың сана төрінде бауырмалдығы, ұрпақтарының көңіл көкірегінде кішіпейілділігімен сақталған, бекзат болмысты, қаламы қарымды журналист Әуелхан ЖАҚЫБАЕВ жайлы болмақ.

Әуелхан Төреханұлы Жаркент өңірінің төл перзенті. Жақыбай бидің ақын баласы Төреханның отбасындағы тұңғыш бала. Қазақ халқында ауылдың үлкенін, әсіресе, құрметтісін «ағатай» деп атайтыны белгілі. Төрехан атамыздың тұңғышы болғандықтан бір әулеттің үлкені ретінде Жақыбаевтар Әуелхан әкемізді «ағатай» деп атайтын.

Қазақ – ырымшыл халық. Оның бір көрінісі – перзентіне жақсылыққа талпындыратын игі есім беру. Баласының тұңғышы болған соң біздің атамыз Төрехан ақын өткен ғасырдың отызыншы жылдарында дүрбелеңмен арғы бетке өткен кезеңде өмірге келген сәбиге Әуелхан деп ат қойған екен. Әуелхан әкеміз бір әулеттің көшін бастаған ардақты азамат болды.

Үлкен атасы Салпық би Ілеш-ұлы ел мен жердің қамын ойлаған озық ойлы азамат болғаны тарихтан белгілі. Жаркент өңірінде әлі күнге «Салпық тоған», «Салпық арық», «Салпық сазы», «Салпық түбек» деген жер атауларының сақталуы еліне сіңірген қажырлы еңбегінің нәтижесі. Ол Жаркент өңірінде алғашқылардың бірі болып, елді егіншілік кәсіпке бастаған, мал өсіру ісін жаңаша өркендетудің негізін қалаған адам.

Атасы Жақыбай би – ел ынтымағын ұйытқан белді қайраткер. Жақыбай атамыз әкесі Салпық би қайтыс болғаннан кейін 1900 жылдан бастап 1916 жылға дейін Суан ішіндегі Тоғарыстаннан тарайтын Бесмұратқа билік жасаған.

Жақыбай би болып тұрғанда балаларға білім беретін мектептер салысады. Қазіргі «Жылбастау» деп аталатын Өсек  өзенінің батыс жағы мен Қу өзенінің шығыс жағындағы табиғаты тамаша жерге мектеп салуға өз қалтасынан қаржы бөліп беріп, онда қазақ балаларының оқуына үлкен үлес қосып, халықты сауаттылыққа жұмылдырған. Кедей-шаруа мектебінің (Школа крестян молодежи) атын өзгертіп, қазақтың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсыновтың есімін бергізуге атсалысқан. Өз әкесі Төрехан – елді аузына қаратқан ақындығымен белгілі кісі. Әжесі Шаруан – Жалайыр тайпасының беделді болыстарының бірі Әжібайдың қызы, ал анасы Мәриямкүл – Суанның Ақша руынан шыққан Болатай қажының қызы.

Жақыбай атамыздың үлкен ұлы Нұрғали ата 16 жасында Суан тайпасының Тоғарыстан руына болыс болған, кеңес дәуірінде Жаркент уезінің Табиғат қорғау қоғамында қызмет атқарған. Арғы бетте сол жақтағы қазақтарға елубасы – зәңгі, ақалақшы болып істеген. Сондай-ақ, 1945-1955 жылдары Іле Қазақ автономиялық облысының орталық банкін басқарған.

Жасынан ойы алғыр, сөзі ширақ, өзі зерек Төреханның тұңғышы Әуелханның қабілетін байқап, Нұрғали ата алдыңғы арба қайда жүрсе дегендей, әулеттің үлкені көш бастаса, қалғаны ілесіп, ауылдың ынтымағын оздырып, берекесін арттырар деген ниетпен Әуелхан атамызды өз тәрбиесіне алған екен. Ауылдық мектепті жақсы оқыған атамыз Құлжа қаласындағы Ахметжан Қасым атындағы ұлттар гимназиясына оқуға түседі. Нұрғали атамыз ол кезде Іле қазақ автономиялық өлкесінің аймақтық банк саласында жауапты қызмет атқарған.

Ұлы Абайдың «Адамның адамшылығы жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» дегендей, Әуелхан атамыздың арғы беттегі бозбалалық дәурені сауаты бар зиялы ортада шыңдалып, сұңғыла қариялар мен ақылман әжелердің даналық сөздерін санада зерделеумен сомдалды. Гимназияда оқып жүргенде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, сол кездегі революциялық науқанды қызметтерде сауаттылығы,  еңбекқорлығы әрі тіл қабілетімен көзге түскен Әуелхан атамызды Құлжа қаласындағы Іле Қазақ автономиялы облысының аймақтық «Іле» газетінің редакциясына қызметке шақырған екен. Сонымен, тағдыр қалауымен атамыз Әуелхан Төреханұлы 16-17 жасында қызмет жолын журналистіктен бастаған. Тілші болып қызметте түрен салған жас маман бірер жылда осы газеттің бас редакторының орынбасары деңгейіне көтерілді. Негізгі қызметімен қатар Құлжа қалалық сотының тергеушісі ретінде жұмысқа тартылған.

Бұл да болса атамыздың таным-пайымының өрісін кеңейтіп, өмірлік тәжірибесін молайта түскені анық. Дүрбелеңмен арғы бетке өткен қазақтардың өз Отанына оралуға мүмкіндіктері туғанда Әуелхан атамыз алғашқылардың бірі болып, мансапқа да қарамай туған жерге бет алды. Осылай атамекенге оралып, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің тіл-әдебиет факультетін тамамдады. Өзінің атақонысы Жаркент өңіріндегі Әулиеағаш ауылында, онан соң Көктал ауылында орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Арғы бетте журналист болған атамыз туған жерінде ұстаздық қызметті атқарды. Бұл да болса атасы Жақыбай бидің бастамасымен халықтың сауатын ашуға бағытталған игі істі жалғастырудың жақсы нышаны еді.

Ол 1968 жылы Талдықорған облысының қайта құрылуына байланысты облыстық радиокомитеттің шақыруымен журналистік қызметіне қайта оралды. Журналистік кәсіпке бейімділігі мен еңбекқорлық, жауапкершілік, ізденімпаздық қасиеттердің арқасында осы мекемеде тапжылмай 27 жыл қызмет етті. Тілші болудан бастап, редактор, аға редактор лауазымына көтерілді. Жастық қуатпен халқына қызмет ететін дер шағында бар қарым-қабілетін облыстық радиокомитеттің жұмысын жандандырып, абыройын асыруға жұмсады.

Жаңа құрылған облыстың радиокомитет жұмысына соны серпін, тың өріс ашты. «Жол білген керуенге жалтақтамайды» деген ғой.  Алғашқы жылдары жастар редакциясын басқарып, өзінің жеке бастамасымен «Балауса», «Алау», «Өркен» радиобағдарламаларын шығарып, жастарды жақсылыққа тәрбиелеуге еселі үлес қосты. Радиоочерк, репортаж, радиокомпозиция және түрлі радиобағдарлама дайындап, күн үзбей эфирден жиі берілетін. Балаларға арналған материалдардың қызықты ұйымдастырылуы талай жылғы ұстаздық тәжірибесінің нәтижесі. Әсіресе,  бүлдіршіндердің ойлау қабілетін жетілдіріп, жұтынып тұрған жұмбақтар беруді ұйымдастырып, құлпыртып жіберетін. Кеңес дәуірінде-ақ облыстық радио арқылы оқушылар арасында айтыс өткізу дәстүрін қалыптастырған Әуелхан Төреханұлы еді.

Осы қызметтің бабымен Тал-дықорған өңірінің жайсаң-жақсыларымен тығыз қарым-қатынас орнатты. Социалистік еңбек ерлері Нұрмолда Алдабергенов, Зылиха Тамшыбаева, Никита Головацкий, Көшкінбай Жанатов және тағы да басқа көрнекті басшылармен тығыз байланыста болды.

Әуелхан Жақыбаевтың кейінірек облыстық радиокомитеттің қоғамдық-саяси редакциясының жұмысына басшылық жасаған кезі өзінің болмысын толық ашатын ең маңызды кезең болды. Әуелден тарихқа әуес, арғы бетте ғұлама жандардың әңгімесіне сусындап өскен, көкірегіне түйгені мол жан үшін Жетісу жерінің тарихына терең бойлап, батыр бабалардың ерлігін зерделеп, тыңдармандарын хабардар ету бір ғанибет!

Өңіріміздегі жеке әнші-күйшілерден бастап, 20-ға жуық халықтық ансамбльдің орындауындағы ән-күйлерді таспаға түсіріп, оған талдау жасап, тыңдаушыларға кеңінен таныстырды. Еңбек озаттары, қоғам қайраткерлері, облыстағы еңбекпен аты шыққан азаматтардың өнегесін үлгі ету Әуелхан Төреханұлының қаламынан әсте тыс қалған жоқ. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н.Головацкий, Социалистік Еңбек Ерлері Нұрмолда Алдабергенов пен Зылиха Тамшыбаева және Жаркент өңірінен шыққан Социалистік Еңбек Ерлері Әлімжан Бақтаев, Әбілмәжін Қасымбеков, Күләш Айтжанова, Мәриям Ниязова туралы мақалалары баспасөз бетінде бірнеше мәрте жарияланды.

Осы қайраткерлер жөніндегі құнды деректер облыстық радионың алтын қорында сақтаулы. Жетісу өңірінің тарихы мен өнерін барынша қастерлеп, еліне таныстыруға сүбелі үлес қосқан Әуелхан әкемнің еңбегін мақтанышпен айта аламын. Ол көпшіл адам еді. Әрдайым қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін. Облыстағы «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшесі болды. Қоғамның үні – облыстық газет пен «Алтын қақпа» журналын шығарушылармен бірлесе еңбек етті. Ол – ана тіліміздің тазалығы үшін күресіп, қазақ тілінің өркен жайып, кең насихат алуына бар ынта-жігерін жұмсады. Сондай-ақ, облыстық «Аққұс» әдеби бірлестігін ұйымдастырушыларының бірі.

Ауылда өнерімен елге танылған Дәнеш Рақышев ағамыздың облыс орталығына келуіне мұрындық болды. Басшыларға құлаққағыс жасап, шақыртып алып келіп Дәнеш ағаның пәтер алуына көмектесті. Қоғам қайраткері Сламғали Тастандиев ағамызды үй алғанша үйіне тұрғызып, інілік ізеті мен ағалық қамқорлығын көрсетті. Қызметке орналасып, пәтер алғанша мен де Әуелхан  ағатайымның үйінде тұрдым.

Ол облыс деңгейінде басшы болған көп азаматтар мен өнер саласы саңлақтарының шығармашылық ортаға келуіне ықпал етті. Солардың бірқатары белгілі әншілер – Мырзахмет Мұқаманов, Асқарбек Бақбергенов, Абылай Қармысов, Серікбол Шыныбаев, Нұржан Жампейісов, айтыс ақыны Айтақын Бұлғақов, ақын Жандарбек Бегімбетов және басқа да өнерпаз азаматтар. Радиожурналистика саласы үшін көптеген дарынды шәкірттер тәрбиеледі. Мысалы, Тоқтамыс Шөпбаев, Тоқтасын Сүгірбеков, Тұрсынбек Айтбеков, Жармұханбет Иманбақов, Құзатбек Есжанов. Олар да: «Біз Әукеңнің (ағатайымды әріптестері осылай атайтын) төлтума шәкіртіміз», – деп айтып отыратын.

Арғы бетте араласып, бергі жаққа өткеннен соң да жалғасын тапқан қаламгер әріптестерімен сыйластығы ерекше еді. Алматыда тұратын сыралғы жолдастары Оразақын Асқар, ақын Жәркен Бөдешұлы мен Талғархан Қасенов, жазушы Құрманбек Толыбаев пен Жанат Ахмади, қызметтесі әрі көршісі болған Сәкен Иманасов пен Әбен Дәуренбеков, досы Тоқбай Исабековтерді арнайы қонаққа шақыратын.

Жақыбаевтар әулетінің көптеген ұрпағы да осы шаңыраққа тоқтап, осы үйдің қасиетті қуатынан нәр алып, өмірге қанат қақты. Мысалы, Жазушылар одағының мүшесі, ақын Гүлбақыт Қасенова, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қырғызбай Бегімбеков. Әуелхан атамыздың шапағатына бөленіп, батасымен өркендеген жастардың бұл тек бір парасы. Немересі Салтанат Жақыбаева  тарих ғылымдарының докторы, қазақтың әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде деканның орынбасары қызметін атқарып жүр.

Бүгінде Әдепхан Төреханұлы республикаға танымал ақын-этнограф, Жазушылар Одағының мүшесі, Панфилов ауданының, Алматы облысының Құрметті азаматы. Осы әулеттен шыққан Базархан болса, сазгерлігімен танымал. Ал Ғани талантты әрі өнерлі еді. Бірнеше әні мен күйі республикалық баспаларда жарық көрді, суретшілік дарыны да болатын. Әттең, өмірден жастай өтіп кетті.

Төрехан ақынның тектілік тегеуріні мықты ма, әлде әжеміз Мәриямкүлдің құрсағы қуатты ма, Төрехан атамыздан туған балалардың бойына ақындықпен бірге әншілік өнер де қатар дарыған. Мысалы, Әуелхан әкеміз қазақтың қара өлеңіне жүйрік болды, өзі де ән шығарды, ал «Гүлдер, гүлдер» деген өлеңіне Дәнеш аға ән жазды. Осы «Гүлдер, гүлдер» деген ән және әкем Әдепханның «Жайлау» деген әні бұл күндері дәстүрлі ән өнерінің жұлдызы Нұржан Жампейісовтің орындауында көпшілікке танымал әнге айналды.

Құбылмалы өмірде жақсы болу әсте-әсте, жаман болмақ әп-сәтте. Әуелхан әкеміз салиқалы ғұмыр кешті, мәнсізді мәнді етуге, сәнсізді сәнді етуге тырысып, құр мақтанға елікпей, ерінбей еңбек етіп, азаматтық тұлғасын сомдады.

Көпшіліктің көкейіне қонақтаған көрнекті азаматтың есімін ұлықтау мақсатында жазылған бұл мақалам әркімге ой салса, өнеге боларлық рухани азық берсе Әуелхан әкеміздің өміршең ғұмыры деп түсінемін. Туғанына биыл 85 жыл толатын әкеміздің өмірден өткеніне де 20 жыл болыпты. Артында уақыт ізі өшіре алмайтын, замана жауыны шая алмайтын айшықты із қалдырған ағатайымның шапағат пен шуақ шашқан бейнесі пейіште де нұрға бөленсін демекпін.

Айбын ТӨРЕХАНОВ