ӘЙЕЛІН ҮТІКПЕН КҮЙДІРГЕН ҚЫЗҒАНШАҚ ЕРКЕККЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Уақыты: 12.07.2021
Оқылды: 1298
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Талдықорғанда азаматтық некедегі әйелді күйеуі қорлағаны туралы ақпарат тарады. Екі күн бойы ер адам әйелді тепкінің астына алып, ол аз болғандай, денесін үтікпен күйдіріп, құлағын кескен. Қорқынышты хабарды Алматы облысының полиция департаменті растады.

Осындай айуани әрекетке қызғаныш себеп болды. Есігін бектітіп, телефонын тартып алып 29 жастағы әйелге ойына келгенін жасаған ер адамның жаға ұстатар қылығын жәбірленушінің құрбысы әлеуметтік желіде жайып салған.

"Менің бұл жазғанымды құрбымның өзі білмейді. Бірақ басқалардың білгенін қалаймын. Бүкіл денесінде, тіпті, омырауында да, қарнында да жарақат орны бар", - дейді желідегі материал авторы. Бұл Талдықорғанның 4-ші ықшам ауданда болған. Алматы облыстық ПД бұл фактіні өз қолдарына алғандарын хабарлады.

"Талдықорған қалалық полиция бөліміне 29 жастағы қала тұрғынының дене жарақаттары және күйікпен көпсалалы ауруханаға түскені туралы ақпарат келді. Тексере келгенде, әйелді азаматтық некедегі күйеуі қызғаныштан ұрғаны анықталды", - дейді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. 33 жастағы күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы, 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"