Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ПАНФИЛОВ АУДАНЫНЫҢ ПОЛИЦИЯСЫ КҮШЕЙТІЛГЕН ЖҰМЫС РЕЖИМІНЕ КӨШТІ

Уақыты: 02.08.2022
Оқылды: 774
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Панфилов ауданында 15 жастағы қызды зорлау, өлтіру қылмысын тергеу жұмысына Жетісу облыстық полициясының ең тәжірибелі мамандары жұмылдырылды. Қылмыскер қалған өмірін түрмеде өткізуі мүмкін. Бұл туралы Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Панфилов ауданының Шолақай ауылында кәмелетке толмаған баланы зорлау және өлтіру фактісі бойынша тергеу жұмыстары облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды. Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікті анықталып, қамауға алынды. Тергеу барысында күдікке ілігіп, ұсталған жергілікті тұрғынның 1984 жылы туғаны және бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Сондай-ақ, оның айуандықпен жасаған қылмысының іздерін жасыру мақсатында мәйітті өртеуге тырысқаны белгілі болды. Күдіктіге "адам өлтіру", "басқа қылмысты жасыру мақсатында" және "көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіру", "кәмелетке толмаған адамды зорлау" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

"Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес, аса ауыр қылмысы үшін ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін", - делінген Жетісу облысы полиция департаментінің хабарламасында.

Полиция ақпаратына сәйкес, аталған қылмысты облыстық департаменттің қызметкерлері мен Панфилов ауданының полицейлері бірлесіп әшкереледі.

Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу іс-шаралары толыққанды жүргізілуде. Дерек бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды. Жәбірленуші тараптың жасөспірім қыздың өліміне басқа да адамдардың қатысы болуы мүмкін деген пайымы ескеріліп, сотқа дейінгі тергеу барысында күмән тудырған жайттар жан-жақты тексерілмек.

«Тергеу жұмыстарына облыстық полицияның тергеу басқармасындағы ең тәжірибелі қызметкерлер жұмылдырылды», - деді полиция өкілдері.

Мәлім етілгендей, қазір Панфилов ауданында полиция жасақтары күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді.

«Айта кетейік, әлеуметтік желілерде осы дерекке қатысты жалған ақпарат тоқтаусыз таратылып жатыр. Бұл үрдіс қоғамдық көңіл-күйді бұзып, құқық қорғау органдарына сенімсіздік тудыруда. Осыған орай, қолданыстағы заңнамаға сәйкес көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз және азаматтардан тек ресми дерек көздеріне сенім білдіруін сұраймыз. Сондай-ақ туыстарының кәмелетке толмаған қызды өз бетінше іздеу жұмыстарының нәтижесі болмағаннан кейін полицияның көмегіне жүгінгені және тәртіп сақшылары жасөспірім қыздың із-түзсіз жоғалғаны туралы деректі дереу тіркеп, іздеу амалдарына кіріскенін атап өтеміз. Сонымен қатар туындаған қоғамдық резонансқа байланысты Панфилов ауданында полиция жасақтары күшейтілгенін хабарлаймыз. Елді мекендердегі құқықтық тәртіп бақылауға алынды», - делінген полиция хабарламасында.

Еске салайық, Панфилов ауданының Шолақай ауылында 15 жастағы оқушы қызды 38 жастағы ер адам зорлап, соңынан өлтіріп, ауыл маңына көміп тастаған болатын.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"