ТАЛДЫҚОРҒАНДА ӨГЕЙ ҚЫЗЫН ЗОРЛАҒАН ПЕДОФИЛГЕ СОТ ҮКІМІ ШЫҚТЫ

Уақыты: 08.09.2022
Оқылды: 1331
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Талдықорғанда өгей қызын зорлаған қылмыскер 20 жылға сотталды. Бұл туралы Polisia.kz сайты мәлімдеді.

«Талдықорған қаласында тергеу аяқталды. Өзінің 13 жастағы өгей қызын зорлады деп айыпталған 49 жастағы ер адамға үкім шығарылды. Бала өгей әкесі тарапынан бірнеше рет жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны анықталды. Бұл қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді және сот үкімін шығару кезінде ескерілді», - делінген ресми мәліметте.

Деректі өткен жылдың қараша айында баланың мектеп мұғалімдері анықтаған. Жасөспірім әлеуметтік желідегі парақшасында өгей әкесінің зорлық-зомбылығынан кейін суицид жасағысы келетіні туралы жазған. Мектепке шақырылған қыздың анасы мұғалімдермен сөйлесіп, полицияға ресми арызбен жүгінген. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдікті ұсталып, қамауға алынды.

«49 жастағы ер адамның 2002 жылы Атырау облысында осындай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын түзеу мекемесінде өтегені анықталды. Күдіктінің аталған бап бойынша соттылығы туралы зайыбы білмеген. Тергеу барысында күдіктінің қызды бірнеше рет қорлағаны дәлелденді. Жыныстық зорлық-зомбылық баланың 8-9 жасынан басталғаны анықталды. Ер адам қылмыс жасағанын мойындады. Тергеу аяқталғаннан кейін іс материалдары айыптау қорытындысымен сотқа жіберілді», – деді Жетісу облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Руслан Шарапиев.

Педофил бойынша істі Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарады, оның шешімімен айыпталушы 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауiпсiздiгі төтенше жоғары түзеу мекемесiнде өтейтін болады. Сот үкімі заңды күшіне енді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"