ҚАЗАҚЫ ТАЗЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ

Уақыты: 27.01.2023
Оқылды: 3049
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

 Ғасырлар бойы қоршаған ортаның тынысын таныған халқымыз табиғаттың сырын жетік біліп, жан-жануарларды үйретуден танған емес. Ұзақ жылдық тәжірибенің арқасында иттің сырттанын, құстың қыранын қолға үйретіп, жыртқышты алудың жолын меңгерді. Жер бедеріне, табиғаттың суықтығы мен жайлылығына үйренген тұқымды сұрыптап, сауық-сайранына қосты. Соның әсерімен хандар мен батырлар баптаған тазы ит адамның асыл серігі екендігін көрсетті. Аңшылыққа ұстаған серек сирақты жануарға астың жақсысын ұсынып, жылы жерге жатқызды. Осылайша мәпелеген құмай тазы қансонарда иесінің қанжығасын майлап, қуанышқа кенелтті. Тіпті, аштық жайлаған кезеңдерде бір ауылды асыраған асыл текті тазы туралы аңыз-әңгіме әлі айтылады. Осыны жақсы білетін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тазы мен төбет тұқымын сақтаудың шараларын қолға алуды тапсырды.

         Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Нұра ауылындағы «Жеті қазына» орталығының жетекшісі Мұхамет Исабеков халқымыздың саятшылық дәстүрін ұстанып, ата-баба ұлағатына адалдық танытушылардың бірі. Оның айтуынша, шашақ құлақты және жарғақ құлақ болып келетін қазақы тазы үш түрге бөлінеді. Жетісудың немесе оңтүстіктің көкқасқасы, Арқаның аққасқасы, Шығыстың көкқаққасы. Соңғысын алпауыт деп те атайды. Оны оңтүстікте өсіру қиын. Себебі, жүндес келетін алпауыт тазы жылы жерде қиналады. Ал Жетісудің тықыр жүнді құмай тазысы 40 градустық суыққа шыдамайды. Сондықтан хан, сұлтандар тазыны арнайы шатырда ұстап, жолға шыққанда алдына алып жүрген. Аң қаққанда аттың үстінен жіберген. Қар жұқа түсетіндіктен Жетісудағы аңшылықтың мүмкіндігі мол. Солтүстік-шығыста қардың қалыңдығынан тазы жүгіре алмайды. Сол себепті Арқа мен Шығыста тазыны көбіне қасқырға салады. Жетісуда 2-3 метрлік, есікті ішке қарай ашқызатын қыс болмайтындықтан тазыға түлкі, қарсақ, қоян алдырған. Бұл Жетісудің көкқасқасы қорқақ, әлсіз дегендік емес.

         – Қазақтың дәстүрінде қыран құсты ауыл болып бағады. Баяғыдан келе жатқан ырым-наным бойынша бір ру батырының, биінің, әулиесінің рухы қыран құсқа қонады деген ұғымға бабаларымыз сенген. Сондықтан қыран құс пен ұшқыр тазыға деген құрмет бөлек, – деген Мұхамет Исабекұлы өз өмірінен мысал келтірді. – Соншалық мәпелеп өсірген қыран құс немесе құмай тазыны қасқыр майып қылуы мүмкін. Шындығында қасқыр оңай қарсылас емес. Талай құстың топшысын үгітіп, тепкісін шайнап жібергенін көрдім. Қыран құс содан қор болып қалады. Сөйткен бөрі тазыны да аямайды. Ал шығыстың алпауыт тазысы ғасырлар бойы іріктеліп, тәжірибеден өткен тұқым. Жетісудың көкқасқасы жеңіл, ықшам денелі келетіндіктен азулы көкжалға салып, мүгедек етудің, өмір бойы қор қылудың жөні жоқ деп ойлаймын. Міне, жасым 65-ке келді. Осы жасымда тепкісінен айырылған құсының қорланғанына еңіреп жылаған небір ақсақалды көрдім.

         Қазақтың тағы бір қазынасы төбеті. Қасқырға көбіне соны салған. Аң қаққанда жүйрік тазы қайырып, тоқтатса, қуатты, қайратты келетін маң төбет тікелей таласқа түседі. Шындығында төбет бір қораны ғана емес, бүкіл ауылды күзетеді. Күндіз күншуақтап жататын төбет қас қарая ауыл сыртындағы төбе, дөңдерді айналып, өзіне тиесілі шегараны сарып белгілейді. Одан қасқыр өтпейді. Сондықтан халқымыз төбетті қасқырға лайықты қарсылас ретінде таныған. Ал көкқасқа тазыны саятшылық, қызықты думан үшін пайдаланған. Бөріні көрген жағдайда тазы қайырған ит-құсты иесі сойылмен ұрып алған.

         Ертеде қазақтың аңшылығы сұңқар құс пен құмай тазының аңды қатар алуымен ерекшеленген. Ондай классикалық тәсілмен қоян, түлкі алу екінің бірінің қолынан келмейді. Үкілі Ыбырайдың «Аңшының әні» деген өлеңіндегі:

«Алғанда қыран бастан, тазы таңнан,

Құтылмас қашқан түлкі қос қыраннан» – деген шумақта айтылған тәсілді Сұлтан Исабеков орындапты. Иісшіл тазы қоянды жатқан жерінен үркітіп, ашыққа қарай қуғанда жабайы жануар бұлтақтап алдырғысы келмейді. Әрине жан беру оңай емес. Сондайда көктен құйылған сұңқар қоянды теуіп түсіреді. Осының бәрін орайластыру, сұңқар мен тазының бірлесе аң алуын үйрету нағыз бапкердің еңбегі. Әйтпесе, құс патшасы қыран алған аңын ешкіммен бөліскісі келмей, тазыға айбат шегеді. Сондықтан бүркіт пен тазы келісе алмайды. Ал сұңқар мен тазы бір-біріне дөп қосылған серік саналады. Сондықтан хандар мен сұлтандар құстың сұңқары мен құмай тазыға құмар болған.

Бұған дейін «Көкжал» атты тазысымен Нұр-Сұлтан қаласында «Асыл қазына» орталығы ұйымдастырған шырға тартудан республикалық біріншіліктен жүлделі 2-ші орынды иеленген Сұлтан Исабеков ұшқыр тазысының күшік күнінен алғыр болғанын айтады.

Бізді досы Ермек Батырхановпен бірге күтіп алған Сұлтан Нұра ауылының маңындағы қырқаға шығарып, жүйрік тазысының жүгірісін көрсетті. Күніне бір уақыт серуенге шығатын «Көкжал» ұшқыр-ақ екен. Салған жерден озып отырды. Алғыр иттің тұқымы «Көкдауыл» атты тазыдан бастау алады. Бір қыста 47 түлкі алған ерен жүйрік тазының тікелей ұрпағы.

Негізгі мамандығы зооинженер болғандықтан Мұхамет Байетбайұлы тазы тұқымын жетілдіруді жалғастыратынын айтады. Өйткені, Жетісудің көкқасқа тазысының еркегін шоқтығынан есептегендегі биіктігі кемінде 70 сантиметр, қаншығы 65 сантиметр болуы керек. Осы межеден айнымауды көздеген бапкер тазының қазіргі тағдырына алаңдайды.

Қазір қазақы тазы ертедегі еркіндігінен айырылды. Әрине күтімі жақсы болғанымен күні бойы қамауда тұрады. Әсіресе қалалы жерде серуенге шығару қиындау. Бұрынғыдай қар басып, құм кешіп, самал желге құлағының шашағын сүйдіріп, қоян мен түлкі қуа алмайды. Анда-санда ғана жазыққа шығып, қиыршық тасты даланың жусан иісі аңқыған жұпарын емін-еркін жұтуы оңай емес. Ол үшін иесі мәпелеп баққан жануарын жетелеп жүріп, жүгіртуі керек. Себебі жер телімдерін жекешеге шығарып алған алпауыт байлар әлдебір құмай тазының ойқастаған ойынын көре алмауы бек мүмкін. Оның үстіне қазіргі көпшілік тазыны Еуропадағыдай жарыстырғанды қызық көреді. Бір сызықтың бойынан аспай жүгірген жануардың жарысы шектеулі жерге ғана арналады. Ертедегі тазылар қашқан аңды қуалап, нешелеген шақырымға шапқанда мыңқ етпеген. Бүгінгі тазыны солай еркіндікке жіберуге болмас па?! Шырға тарту жарысында ұшқыр тазы ары кетсе 1 шақырымға ғана жүгіреді. Осы уақыт ішінде өзгелерінен шығандап шыққандары ғана жүлде алады. Шындығында алысқа жүгірген жануардың өкпесі ашылып, бойындағы қуаты тасқындап, арыны арта түседі. Алдында қарайған нысанаға ұмтылған құмай тазы қаншама шақырымды артқа тастап, көз ұшындағы қоян, түлкі, елік, қарақұйрық сынды жемтігін шаршатып барып алған. Баяғыдағы тазылар қарақұйрық алғанын көнекөздер көп айтады.

Сұлтан Исабеков пен Ермек Батырханов Сөгеті өңірінде мал баққан аталарының тәлім-тәрбиесін көріп, ұлттық құндылыққа сусындап өскен жандар. Екеуі де бала күндерінен құмай тазыны танып, алғыр иттің сырын толық меңгерген. Бүгінгінің бапкерлері тазының ендігі тағдырына алаңдайтынын жасыра алмайды. Себебі әлемдік өркениетке үлес қосқан қазақ халқының тұқым асылдандыру дәстүрін меншіктеп алғысы келетіндер қазақы тазының тегін өзіне тартуды көздейді. Сондықтан қазіргі міндет – қазақтың көкқасқа тазысын сақтау. Өйткені бір бойында үш қасиет – иісшілдікті, жүйріктікті, алғырлықты сіңірген көкқасқа тазы өзге тұқымдастарынан ерекше тұр. Ал арабтың салюкиі, ағылшынның гринхауды, орыстың борзаясы мұндай қасиеттерге ие емес.

Қазақы тазыға Кеңес Одағының идеологиясы теріс қарап, тұқымын құртып жіберуге күш салыпты. Жаппай ұжымдастыру кезеңінде әрбір ауылда байларды кәмпескелеу кезінде ұшқыр тазылар да қуғынға түскен. Тіпті, байдың иті есебінде қорғасын оққа байланғаны да бар. Содан бері иттің сырын білетін адамдардың қамқорлығының арқасында сақталып қалған қазақы тазы енді-енді кеңінен таралып, көпшіліктің қызығушылығын тудыруда. Оның тұқымын заңдастыру, құжатын алу бүгінгінің міндеті. Әйтпесе қияндағыны қуып жеткен қазақы тазыдан айырылып қалуымыз әбден мүмкін.

Міне, шашақ құлақты немесе тықыр құлақты болып келетін қазақы тазының бүгінгі тағдыры осылай өріліп келеді. Оның келешектегі орны қалай болатыны адамдарға байланысты. Сақтау, өсіру, тарату ісі жанашырлардың міндеті.

 

Мәди АЛЖАНБАЙ,
Жетісу облысы