"МАСҚАРА!". АҢҚАУ ЕЛГЕ АРАМЗА БАЛГЕР

Уақыты: 27.01.2023
Оқылды: 2871
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бір күн әлеуметтік желіге кірмесек жаңалықтан құр қалатындай болып тұрамыз. Осы бір жаман әдетіме басып, ұйықтар алдында ғаламторды бір шолып шығайын деп «TikTok» желісіне кірдім. Парақшаны ашқаным сол еді сымсыз смартфонның ар жағынан отырып-ақ алдағы өміріңді болжап беремін деп жарнама жасап жатқан бақсы-балгерлерді көріп қалдым.

Баяғыда қара базарда құмалақ ашып, алақанға қарап «Саған көз тиген. Емделу үшін маған үш литр су, бір бөлке нан әкел» деп орамалға оранған көріпкелдер отырушы еді. Оларға да талайы алданды ғой. Ал қазір отырып сөйлеспек түгілі түріңді де көрмейді. «Арадағы арақашықтық ештеңе шешпейді» деп есімің мен жасыңа қарап, картамен сізді не күтіп тұрғанын айтып береді. Бағзы заманда халық емшілері үкілі тымақ киген деседі. Ал бүгінгілер тікелей эфирге жалаңбас, тыртиған киіммен де шыға береді. Ең сорақысы картамен бал ашып, алдағы өмірін болжатып отырғандар қазақтың қыз-жігіттері.

Осылар қалай болжайды екен деп әлгі көріпкелдің тікелей эфиріне кірдім. Аккаунтының төбесіне каспий нөмірін жазып қойыпты. Бір сұрағы 500 теңге, бірден 2 сұрақ қойсаң жеңілдік жасап 800 теңгеге жауап береді. Бірақ, бірінші байлық болған соң ба денсаулыққа қатысты сұрақ қойсаң 1000 теңге төлейсің. Түс жору мен жол ашу 3000, толық тазалану 5000 теңгеден басталады. Асханадағы ас мәзірі секілді бәрінің бағасы жазылған. Көріпкелдің каспийіне ақша аударып, сұрақ қойып жатқандар өте көп. Бір түсінгенім адам қиындық көріп, күйзеліске ұшырағанда не істерін білмей осындай бақсы-балгерсымақтарға ұрынады екен. Себебі, сұрақтың көбі «Бала көтеремін бе?», «Күйеуіммен қосыламын ба?», «Биыл қарыздан құтыламыз ба?» деген ауанда болды. Қалай жауап береді екен деп бақыладым.

Отыздан асқан бір әйел: «Мен бала көтеремін бе?» деп сұрақ қойды. Балгер көзін тарс жұмып, сұрақты ішінен бірнеше рет қайталап, картасын бір-екі рет сапырды да «3-ай немесе 3-жылда көтересіз. Дәрігерлерге қаралмай-ақ қойыңыз» деп қысқа қайырып, келесі сұраққа өтіп кетті.

Ашып-жарып ештеңе де айтпады. Құдай-ау, 3 немесе 4 ай десе бір сәрі, енді 3 ай мен 3 жылдың арасы әжептәуір уақыт емес пе?! Әлгі болжатқан кісі көріпкелге алданғанын енді түсінген шығар десем, «Әмин, айтқаныңыз келсін» деп  картаны бір-екі рет сапырып, екі-ақ ауыз сөз айтқан кісіге құдайдай сеніп отыр. Сонда халық шынымен бос нәрсеге  сенгіш, аңқау ма әлде әдейі істеп отыр ма? Әдейі жазып отыр дейін десем мыңнан астам адам аямай ақшаларын салып жатыр. Бұл тек бірақ адамға түсетін қаржы. Ал әлеуметтік желіде қаншама көріпкелсымақ отыр. Соқыр сенімінің жетегіне еріп, алаяқ бақсы-балгердің арбауына түсіп жатқан жандарды көріп жүрегің ауырады.

Келесі сұрақ қоюшы да 30-дан асқан әйел болды. Ол «Енемнен қашан бөлек шығамыз. Күйеуім үйдің тұңғышы еді» деді. Тетем-ау үй ал да кете берсеңші сендерді кім ұстап тұр деп жазып жібергім келді. Әлгі балгер «Енеңнен күйеуің үй алғанда бөлек шығасыңдар. Бірақ, биыл емес. Басында қиыншылық болады. Кейін жақсы өмір сүресіңдер», – деді. Бір қарағанда күлкілі әрине. Бірақ, әлгі балгерге ақжарма тілегін ақтарып, бірауыз жылы сөзге сеніп отырғанына налып қаласың. Шындығында адамның алдағы өмірі Аллаға ғана аян! Қыз баланың қашан жүкті болатынын, кімге үйленетінін, жалпы алдағы өміріңді көріпкелдер дөп басып айта алмайды. Бұл жөнінде Талдықорғандағы орталық «Иман» мешітінің ұстазы Ережеп Жардыбайұлы:

Қазіргі заманда басына қиыншылық түссе, көпшіліктің жүгінетін алғашқы нәрсесі құдіреті шексіз Алла Тағаланың жәрдемі емес, қолынан түк келмейтін бақсы-балгер, емшінің тәтті өтірігі болып кеткені жасырын емес. Бал ашудың және балшыларға барудың шариғаттағы үкімі Фиқһ ғалымдарының пәтуасы бойынша көріпкелдікпен айналысу (ғайыпты білемін деп жариялау) – харам. Шариғат рұқсат етпеген жолмен келген ақша да – харам. Сонымен бірге, ғалымдар «тәуіпке барып өткен және болашақ жайлы немесе бір істің немен бітерін сұрау да харам» деп пәтуа берген. Балшыға барудың зияны онымен бітпейді. Оған қоса, балшыға бару адамның ғибадатқа барлық жолын жабады. Себебі, келесі хадистерде былай делінген: «Кімде-кім балгерге келіп бір нәрсе сұраса, оның намазы қырық күн бойы қабыл етілмейді» (Муслим, 2230). Демек, балшыға барып жолымды аштырамын деген адам, керісінше өз жолын жаптырып жатқанын білмейді, – дейді.

Тікелей эфирде отырамын деп таңның қалай атқанын байқамай да қалдым. Түн ұйқымды ұрлаған «TikTok-та» алаяқ бақсы-балгерлерге алданып жатқан халықты көріп қатты қынжылдым. Түсте тікелей эфирге тағы кіріп көрейін дедім. Сөйтсем, әлгі көріпкелдер желіде тек түнде ғана отырады екен. Күнімен ұйықтап, түнімен бал ашса тұрақты жұмысы жоқ, күнкөрісі осы болды ғой. Ауру кешке қозатыны секілді адамдар да түнде миы шаршағанда өмірін өзгертемін деп осындай жолға қалай түсіп кететінін білмей қалады. Алайда, өмірін өзгертемін деп өкінішке ұрынғандар өте көп.

Данышпан Абай атамыз: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң қара жер де береді, құр тастамайды», – дейді. Сондықтан тек Құдайға сиынып, адал жүріп, аңқау елді алдаған арамза балгерлердің арбауынан абай болайық.

Айдар ҚАЛИЕВ,
Жетісу облысы