«oh my God!»: Баланың тілі неге қазақша шықпайды?

Уақыты: 20.04.2023
Оқылды: 1319
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Баламыздың немесе немереміздің тілі орысша шығып жатса кінәні көп ретте ауладан, әйтпесе балабақшадан, мектептен іздейміз. Қисынды дейік. Ал енді қазақ тіліндегі балабақшаға, мектепке берген немереміздің тілі бәрібір орысшаға бейім болып бара жатса оған қандай қисын айтуға болады? Өкінішке қарай, қазіргі өмірімізде ондай мысалдар да аз емес.

Әдеби тілімізде бар сөз болғанымен ауылдың өзінде «алақайлап» қуанатын бала бар ма? Бұл жерде қалалық жер жайында сөз де қозғап тұрған жоқпыз. 

Көпке топырақ шашпаймыз, жұртшылық арасында ондай балдырғандар бар да болар. Бар болғанның өзінде бірен-саран ғана ма дейміз. Сол бірен-сарандығынан да шығар-ау, шын көңілімен солай деп қазақша қуанатын баланы кинодан болмаса шынайы өмірден кездестіре алмай жүрміз.

«Алақай!» былай тұрсын, балдырғандардың «иә», «жоқ», «жарайды» деген қарапайым сөздердің өзін ағылшын тіліндегі «yes» «no» «ok» деген сөздермен ауыстыратынын көргенде, оны былай қойғанда үлкендердің таңғалғанда, қиналғанда айтатын «oh my God!» (О, Құдайым!» деген сөздерін ағылшынша нақышына келтіре қайталайтынын байқағанда таңғалмасқа тағы лажың қалмайды. 

Мұның барлығы, жұмсарта айтқанның өзінде, аса қуанарлық жағдай емес. Қазақ тілінде тәрбие алып, оқығаннан кейін өзара орысша сөйлесіп, арасына ағылшынша қосып жүрген баланың басының қалаймақан болып кетпесіне кім кепіл? Тіпті үй ішіндегілердің өздері тек қазақша сөйлейтін, қазақ тілінде жұмыс жүргізетін балабақшаға, мектепке баратын баланың өзі сөйтіп тұрғанда, аралас бақшадағылар мен мектептердегі жағдайдың қандай екендігін көз алдарыңызға елестете беріңіздер. 

Осының бәрін тізбектей келгенде мұндай «құбылыстың» түп-тамыры қайда, себебі неде деген сұрақтың да туындайтындығы заңды. Оның жауабы да тым тереңде жатқан жоқ – балдырғандардың ұялы телефоннан тапжылмай көретін мультиктері мен ойындарының, тик-токтің тілі негізінен орысша, қала берді ағылшынша болып келеді. «Сүйікті» мультиктерінің кейіпкерлері өзге тілде сайрап тұрғаннан кейін балдырғандар да сол тілде сөйлемей қайда барады? Оған арасында өзіміз қосылып тілімізді бұрап өнеге айтатынымыз тағы бар.  

Ондай мультиктердің зияндылығы мен балдырғандарды көп ретте қатыгездікке бейімдейтіндігі жайында жеткілікті дәрежеде айтылып та, жазылып та жүр. Ол енді өзінше басқа әңгіменің тақырыбы.

Бірқатар замандастарымыз бұл ұлтымыздың тіл меңгеруге, яғни үйренуге деген қабілеттілігінің, бейімділігінің белгісі деп те тұжырымдайды. Бәлкім, солай да болар. Бірақ сондай бейімділіктің өзін де бір ізге салмай болмайды. 

Бұл орайда күнделікті өмірден байқаған бір ғана мысалды келтіріп өткеннің артықтығы жоқ шығар. Көрші отырған екі отбасының балалары бірге ойнай бастады. Бұған ең алдымен «балаларымыз ойын барысында қазақша үйренетін болды» деп орыс көршілер қуанды. Алайда арада бір апта өтер-өтпестен балдырғандардың өзара орысша сөйлесіп жүргендері белгілі болды. «Қазақша сөйлессеңдерші, көрші балалар тілімізді үйренсін» деген ескертпеге «Сонда біз орысшаны кімнен үйренеді екенбіз?» деген жауап қайтарылды. 

Ортамызға оралып жатқан қандас бауырларымыздың да орыс тілін үйренуге деген құштарлықтары ерекше. Мұны да белгілі бір дәрежеде қажеттіліктен туындаған құлшыныс деп білеміз. Ендігі жерде алдымызда тұрған үлкен міндет – айналамыздағы ағайындарға қазақ тіліне, яғни мемлекеттік тілге деген қажеттілікті сезіндіру, соған қолайлы орта туындату болып табылады. Бір жылдары орыс тілін жаппай меңгергеніміз, ол деңгейді әлі де сақтап келе жатқанымыз сондай қажеттіліктен туындады десем аға буын өкілдері таласа қоймас деп ойлаймын. 

Мұны белгілі бір дәрежеде ұлтымыздың жеткен жетістігі қатарына жатқызуға да болатын шығар. Олай дейтініміз «Қосымша бір тілді меңгерсең өзгелерден бір бас жоғары тұрасың» деген тұжырым ақиқаттың ауылынан алыс кете қоймайды. Тек сол жетістігіміз өз тілімізді сыйламауға әкелмесе болғаны деп тілейік.

Арамызда өзге ұлттың жалғыз ғана өкілі отырса бәріміздің «баршаға түсінікті тілде» сайрап кететініміз, алқалы жиында қазақша ләм-мим деместен ресми тілде баяндама жасайтынымыз тілге деген қабілеттілігімізді емес, мемлекеттік дәреже алған өз тілімізді жеткілікті дәрежеде сыйламайтындығымызды білдіреді. Үлкендер, яғни ата-аналары сыйламай тұрған тілді балдырғандардың да оншалықты құрметтей қоймайтындығы баршаға белгілі жайт. Тілі келсін, келмесін, сәбилерімен көшеде орысша сөйлесіп жүрген ата-аналарды көргенде ойыңа осы ақиқат оралмай қоймайды. 

Бұл бір күнде қазақшаға көшіп кетейік деген әңгіме емес. Орысшаны да, ағылшыншаны да үйренейік, бірақ өз тілімізге деген көзқарасымызды да төмендете бермегеніміз жөн. Ендеше ұрпағымыздың ең алдымен таза қазақ тілінде сөйлеуін, содан кейін барып өзге тілді меңгеруін талап етейік. Талап болмаған жерде кез келген жақсы бастамадан нәтиже шықпайды. Ана тіліміздің, түптеп келгенде ұлтымыздың, мемлекеттілігіміздің сақталып қалуы, ілгерілеуі осы міндеттің қаншалықты орындалғанына байланысты болмақ.

Мақала дайын болған кезде әлеуметтік желіден «алдағы уақытта кәмелетке толмаған балалар үшін «Тик-токтың» уақыты шектеледі» деген елең етер жаңалықты көзім шалып қалды. Бұл жаңалық та жақсылықтың басы болғай деп тілейік.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ
Сурет ғаламтордан алынды