Ұлттық киімнің орны мұражай ма?

Уақыты: 23.04.2023
Оқылды: 1819
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Әлемде бет-бейнесін жоғалтқан жұрт қанша? Көп! Жаһандану желеуімен, өркениеттің желігімен болмысынан айырылып жатыр. Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ дегенмен, өткенінен жерініп, тарихынан адаланған жұрттың ел болмағы бұлыңғыр. Себебі, тілін, ділін, мәдениеті мен салт-санасын жаңғыртқан халықтың маңына сіңісіп жоқ болады. Жойылады.

Оған мысал көп. Кавказда «ұбық» деген жұрт болған. Орыстың жаныштауынан әбден зәре-зап болған бұл халық Осман империясын паналайды. Мұнда да олардың ұлт ретінде сақталуына мүмкіндік болмай, түбегейлі жойылады. Жергілікті халыққа сіңіседі, мәдениеті мен дәстүрін ұмытады. Кезінде Қазақ хандығының тарихында қанды із қалдырған жоңғарлар қайда? Қытай мен Қазақ хандығы тепкісінен түп-тұқиянымен қырғын болды дей алмаймыз. Бірер өкілі өзге халықтарға сіңісіп, солардың салт-санасына бойлап, жойылды. Айта берсек, дәлел де, дәйек те жетеді.

Бет-бейнесіз ұлтқа айналмасақ игі

Халықты халықтан, жұртты жұрттан не айшықтайды? Тілі, ділі, мәдениеті. Тіл мен ділдің жайы түсінікті. Сөйлеу мәнерінен қай ұлтқа жатарын айғақтайды. Мәдениетінен қалай айшықталмақ?

Өзбектің ала шапаны бар. Қарақалпақтың жүнді бас киімінен аңғарамыз. Қырғызды айырқалпағынан, үндіні сариінен, украинді дергасынан, жапондарды кимоносынан танимыз. Ал біздің ше? Кеуде қағып, ұлттық киімімізді саралай жөнелгенмен, атауы «ұлттық киім» төңірегінде қалып барады. Күнделікті тұрмыста қолдану жоқ.

Жалпы, бізді құр мақтанға жіберсе болды. «Біз қазақ өйткенбіз, бүйткенбіз» деп кеуде соғамыз. Ұрандап шығамыз. Бірақ қайсымыздың төрімізде баба жұрт киген шапан ілулі? Кім қыс бойы тымақ киіп жүр? Ер жігіттің сенімді серігіне айналған қамшы бар ма? Мүлдем бұл көріністі тұрмыстан көре алмаймыз. Есесіне қазір шапан мерейтойдың кәдесыйы, сәукеле қыз ұзатудың ғана сәнін келтіріп жүр. Қалған уақытта орны сандықта. Сандық та екінің-бірінің қолданысында емес. Өйткені сандық, бесік, тұс киіз, текемет дегеніңіз ескішіліктің белгісі деген түйсік бар бізде.

Жалпы сіз де, біз де қазақпыз. Қанша жаһанданып кетсек те, кешегі бабалардың ұрпағымыз. Аспандап, айға ұшсақ та ұлан-ғайыр далада атой салған өркениетті ұлттың жалғасымыз. Біздің мақсат қайсы? Бізге дейін жеткенді келер дәуірге үйлестіру. Адам дегенің бар-жоғы өткізгіш. Азамат болып толысқанша қабылдайды, ұрпағы дүниеге келген соң қабылдағанын соларға өткізеді. Бұл тәмсіл әуелі Құдайдан, одан кейінгісі табиғат заңдылығынан. Ұрпағымызды бет-бейнесіз ұлт өкілі қылмауымыз аса қажет.

Бас қадірі баскиімнен басталады

2016 жылы қоңсы қонған Қырғызстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі ақ қалпағын ұлықтайтын заң бекітті. 2019 жылдың 5 наурызынан бастап «Ақ қалпақ» күнін атап өтеді. 2011 жылдан бейресми тойланып келген мереке заңдық тұғырына орнықты. Енді «Ұлттық баскиім Ақ қалпақ мәдениет символы мәртебесін беру туралы» заңға сәйкес бас киімді қорлағандар заңбұзушылық туралы кодексінің 65-бабына сәйкес І дәрежелі айыппұл салынады. Баскиімге құрмет дегеніміз осы. Ал бізде ше? «Бағым кетеді» деп бас киімді өзгеге бермейтін қазекемнің төл киімі саудада да, саунада да жүр. Бөрік пен тымақ базарда қаптап тұр. Тақия кәдесый ретінде берілуде және ол қытайдың ең арзан тауары десек те болады. Бірер жыл бұрын ру аты бар баскиімдер моншаға баратындардың айын оңынан тудырып еді. Оны да көз көрді. Кейін сәукеле киім, жалаңаш денесін көрсеткен Шырын Нарчаева деген желі қолданушы бір күңіренткен. Ұлттық киімді қорлады деп шуылдадық та қойдық сонда.

Қырғыздардың сырт елге шыққан спортшылары, әнші-күйшілері, өнер майталмандары ақ қалпағын киіп жүреді. Бұл да заңға сәйкес. Елін-жерін таныстыру мақсатында. Махамбеттің басын алғанда күңіренген қазақ, саудада, саунада жүрген баскиімге алаңдау жоқ. Халықаралық деңгейде бәсі жоғары олимпиадалардың талайына кепка киіп шықтық. Қазақ-қырғыз бір туғанды жиі айтатын жұртпыз, ұлттық киімді ұлықтауды бір туғаннан үйренетін күн әлдеқашан жетті ғой.

«Аяз би» ертегісін білетін боларсыз. Әлгі құстың, адамның, шөптің жаманын іздейтін хикая. Сол ертегіде адамның жаманы хан болып, таққа отырғаннан кейін төріне ескі шапанын ілдіріп қойыпты. Мұндағы мақсаты – өткенін ұмытпау, кешегісін жадына түсіріп отыру. Ал бізде ол да жоқ. Ілулі шапан түгіл, баба жұрт қолданған бір бұйым жоқ. Төрімізде картина тұрғанды құп көреміз. Өркениеттің озық үлгісі ғой. Оның көкесін Еуропа мен Азияға көрсеткен баба жұрттың дәстүрін ұлықтау біздің міндет екенін естен шығармау да абзал.

Оюлар заман талабына сай айшықталса

Бірде Абылай ханға бір байшыкеш алтынмен көмкерілген шапан тарту етіпті. Үш жүздің басын қосқан хан шапанға қарап отырып, уәзірлеріне тарту еткен кісіге қайтарып беруді тапсырыпты. Хан тапсырмасы бұлжытпай орындалған соң уәзірлер таңданысын жасырмай, мәнін сұрапты. Абылай зерлі шапандағы оюлар иесіне өлім тілеп тұрғанын айтса керек. Қазіргі қоғамда оюды оқымақ түгілі, оның мәніне үңілер адам жоқ. Ал шапан дегенің зейнетке шыққан кісіге жабылатын тарту ғана болып барады.

Есесіне қазіргі шапандар әбден оюмен көмкерілген. Ондағы оюдың сырын аңғарып жатқан ешкім жоқ. Мәселен, шапанға салынатын өрнек шалбарға не етікке бедерленбейді. Ал белден төменгі киімдерге орналастырылатын оюларды кеуде және бас киімге салмайды. Көп жылдан тігіншілікті кәсіп етіп жүрген Сайлаукүл Әліқұлқызының айтуынша, оюға мән беріп жатқандар сирек.

 – Әр оюдың өз мәні болады. Балаларға арналған оюлар, ерлер мен әйелдерге тән ою бар. Қыз балалардың бешпетіне, көйлегіне гүл тәрізді немесе қанатты қарлығаш секілді өрнектерді бейнелеген. Ер баланың киіміне найзаның ұшы, бүркіт, қошқар мүйіз секілді өрнектерді батыр, алғыр болсын деген ырыммен салған. Бас киімге, камзолға, шапанға салынатын ою бөлек. Мәселен, қазір баскиімге салынатын оюларды балаққа немесе етікке салып қояды. «Ит құйрық» аталатын өрнек ешқашан баскиімге қолданылмаған. Мұның астарында «дұшпаның кеудеңнен жоғары өрлемесін» деген ырым жатыр. Ол өрнек «дұшпаның төменде болсын» деген ниетпен көбінесе ер адамдар шалбарының жырық балағына салынады, дейді тігінші.

Жалпы, ою дегеніңіз бабадан балаға мұра болып келе жатқан таңба ғой. Қазақ өзі рулық-тайпалық құрылымнан тұрады. Әр рудың өз таңбасы бар. Әр таңба өзінше үн қатып тұр. Демек, кез келген оюды қалаған жерге жапсыра беру ұлттық мәдениетімізді асқақтатады деу қате түйсік. Есесіне, оның мәнін түсініп, мағынасына қарап орналастыру қажет-ақ.

Бабаларымыз өз кеңістігін ХХІ ғасырға жеткізді. Яғни, бізге. Ендігі енші бізде. Қайтпек керек? Мақұл, мына дәуір жаһанданудың, жаңаша лептің кезеңі дейік. Шапан мен қамзолды ескішіліктің белгісіне балайық. Бірақ, уақыт талабына сай киімдерге қазақтың белгісін, қазақтың оюын бедерлесек, ұлттық мәдениетіміздің уақыт талабымен орайласқанын байқатпай ма? Ұлт ұстазы Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның әкесі» деген еді. Біз де бала заманның еншісіне баба заманның дәстүрін осылай жеткізсек, нұр үстіне нұр болар еді. Ұрпағымыз ұлттық кеңістігіміздің бір бөлігін мұражайдан ғана тамашаламас еді.

Дастанбек Садық