«Ел боламын десең, оқулығыңды түзе»

Уақыты: 23.04.2023
Оқылды: 1667
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бұрынғылар: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деуші еді. Заңғар Мұхтардан қалған бұл тәмсілді: «Ел боламын десең, оқулығыңды түзе» деуге тура келіп тұр. Осы мәселені жиі көтеремін деп талай адамның өкпесіне қалдым. Әлі күнге қырын қарап жүргендер де бар. Бірақ қырын қарады екен деп қырсыздықты көрмей кетсек, тағы да қынжыласың.

Бастауыш оқу бағдарламасының 3-сыныбына арналған «Әдебиеттік оқу» кітабын қолыма алған сайын көңілім жүдейді. Оқулық сапасыз деп айта алмаймын. Көңілді қинайтыны, осы кітаптың үш жерінде берілген Ілияс Жансүгіровтің көзәйнек таққан портреті. Ілияс көзәйнек тақпағанын өткен жылдары дәлелдеп берген сияқты едік. Мүмкін, көзәйнекке неліктен жабысып қалды дейтін шығарсыз. Бұл үшін кітап авторларын да кінәлап отырған жоқпын. Алдағы шығарылымда түзетілер. Бірақ Тәуелсіз қазақ елінің балаларына өткеннен қалған қолдан жасалған портрет емес, алыптардың нағыз қазақы бейнесіндегі тұлғасы керек. Өйткені, көз үйренген нәрсеге көңіл бейім болады. Айта берсек, тарихты да осыған дейін басқалардың көзімен танып келдік. Енді өз көзімізбен қарайтын уақыт келді.  Бабаларымыздың «Көре-көре көсем болады» дейтіні сол. Ол тек жақсылықты көрсе. Ал жамандықты көре берсе, одан туар қауіп көп.

 «Өз қолыңда жоқ болса, әкең де жат» деген нақыл бар. Басқанын боданында болған кезде олар салған сүрдекпен жүрдік. Енді өз даңғылымызбен жүруге құқылымыз ғой. Өз басым 1996 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан жұқалтаң ғана «Қазақтың байырғы қара есептері» деген кітапты қолымнан тастамаймын. Авторы Сәбетбай Елубаев туралы да көп білмеймін. Бірақ мен оның осы бір жұқалтаң кітабын қазақ баласына тән нағыз қазақша оқулық дер едім. Тіпті, осы кітапта қазақтың тарихындағы 30 математиктің баяны берілген. Біздің тарихымызда қандай дана адамдар болған. Мектеп бағдарламасындағы математика оқулықтарында олардың есімі аталмайды. Өзге жұрттың ақылмандары тұнып тұр. Қазіргі елімізде бір математикке ескерткіш қойылғанын көргенім жоқ. Басқасын қойшы, әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фарабидің еңбегін енгізуге болар еді. Биология, физика, химия саласы туралы айтып, сөзді созбайын. Ол жақтағы да барымыз бағаланбай келеді.

Бүгінгі дәуір – ғылым мен техниканың дәуірі. Ғылым адамдарын құрметтеуді, насихаттауды көбейткен жөн. Кезінде Мағжандардың дәуірінде жазылып, қазірде архивтерде жатқан оқулықтарды ақтарған сайын арманым ұшталады, дәрменім құриды.

Біздің білім беру саласындағы барлық қайшылықты туындатып отырған – дәл осы сапасыз оқулықтардың кесірі. Соның салдарынан ата-ана мен бала, бала мен мұғалім, мұғалім мен ата-ана арасында түрлі қайшылық туындауда. Ең қызығы, 3-сыныпта оқитын баламыздың математика оқулығындағы есептерді шығара алмай дал боласың. «Сосын апайыңнан сұра» дейміз де жібереміз. Осылай ата-ананың бала алдындағы беделі төмендейді. Ал мұғалімнің де барлық баланың мәселесін бірден шешуі мүмкін емес. Содан барып ата-ана мен мұғалім ортасындағы түсінбеушілік орын алады. Ең қызығы, бірі «Атамұра», енді бірі «Алматы», тағы да басқа баспа орындары тарапынан дайындалған оқулықпен оқыған балалардың конкурстарда парықталып жататынын түрлі байқауға әділқазы болып жүргенде жиі байқаймын. Сондықтан оқулықты «ТЕНДРДЕН» құтқарып, оқулық құрастыратын мемлекеттік комиссияны жаңадан жасақтау керек. Оның құрамына кабинетте отырған ғалымдар емес, тақта алдында сабақ беріп жүрген тәжірибелі мұғалімдерді тартқан жөн.

Балаларымыз қазір еңбекке қырсыз болып барады. Оның себебі – мектеп бағдарламасындағы еңбек пәнінің жүктемесін азайтып, сызу пәнін мүлдем алып тастағаны. Сондықтан қазіргі оқушылар бейнелеу өнерінің жанрынан хабарсыз өсіп келеді. Бұл туралы бірнеше мақала жариялап, өз пікірімді айтқанмын, өкінішке қарай, ешқандай нәтиже шықпады.

Мысалы, экономикасы күн сайын қарқынды дамып отырған Қытайдағы бастауыш сыныптарда бейнелеу өнері, еңбек, музыка пәндері 2 сағаттан өтеді. Ал 6-сыныптан бастап 9-сыныпқа дейін аптасына 4-сағаттан, 10-11 сыныптарда аптасына 6-сағаттан.  Ал 12-сыныпта бір сынып үш топқа бөлініп (қолөнер, компьютер жинау, кәсіптік мамандар) аптасына әрқайсысы 6-сағаттан білім алады. Міне, осындай еңбек пәнінің арқасында қытайлықтар өндіріс саласында ең белсенді болып отыр. Біз осы үрдісті мықты ұстамағаннан жұмыссыздық көбейіп, аталған пән мамандарының беделі түсіп кетті. Қазіргі кезде қарапайым дәнекерші (сварщик, газосварщик) мамандығы тапшы екені жасырын емес.

Сондықтан Көркем еңбек пәнін екіге бөлу керек.  9-сыныптағы үй жиһаздары оқушыларды қызықтырмайды, «Архитектура» туралы білім тарих пәнінің мәдениеттану бөліміне ауыстырылуы керек.  6-сыныптағы «Робот» тақырыбы көркем еңбек сабағына қатысты емес, 7-сыныптағы «Дизайн» туралы тақырыпты еңбек кабинеттеріне компьютерді орнату немесе компьютер сыныбына барып оқығаны дұрыс. 6-сыныптағы электр бұрғылармен жұмысты жоғары сыныптарға ауыстырған жөн. 8-сыныптағы үстел ойыны түкке кажеті жоқ.  Графика және жобалау пәнін «Сызу» пәні деп ауыстыру керек. Өйткені барлық техникалық мамандық – дизайн, сәулет  құрылыс, физика, геометрия, математика, т.б. сызу пәнімен тікелей байланысты. Жалпы, «Сызу» пәнін 9-10-сыныптарға міндетті компонент ретінде қайтарған дұрыс. 2000 жылғы технология және бейнелеу өнерінің бағдарламаларын 2013 жылғы бағдарламалармен толықтырып қайта қаралса деген ұсынысым бар. Бұрынғы «Технология» пәнін қайтарып, 2-9-сыныпқа аптасына 2-сағаттан бекітілсе,10-11-сыныптарға бұрынғы «Кәсіптік оқыту»,  «Өндірістік пайдалы еңбек» пәндері 2 сағатпен, бейнелеу өнерін  1-6-сыныптарда аптасына 2 сағаттан, «Сызу» пәнін 8-9-сыныптарға аптасына 2 сағаттан өткізсе, ұлдар мен қыздарды «Технология» сабағында бөлек оқытылса құба құп.

Қысқасы, қазіргі таңдағы білім беру саласында бала мен мұғалім, ата-ана мен мұғалім, бала мен ата-ана арасындағы барлық келіспеушілікті оқулықтағы олқылықтар туындатып отыр. Егер ол түзелмесе, осы кеткеніміз кеткен!

Қажет Андас