ТУЫСТЫҚ ТУЫН ҚҰЛАТПА

Уақыты: 08.10.2023
Оқылды: 2890
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Пенде шіркін әсілінде әлсіз, шыдамсыз жаратылыс қой. Шамына тисе шытынап шыға келуге дайын тұрады. Күн суыса «суық» деп назаланады, ысыса «ыстық» деп  шыжғырылады, титтей дүниеге шүйлігіп-ақ діңкелейді. Туыс-туғанмен қырғиқабақ болып жүргені де осы сабырсыздықтан және ит таласпайтын дүниеге ырылдасып қалатындығынан-ау.

Біз жолға шыққалы 10 сағат уақыт өтті. Беталысымыз шығыс аймақтағы шалғай жатқан Зайсан ауданы. Ол жерге автобус Алматыдан күніне бір-ақ рет жүреді. Діттеген межесіне 21-22 сағат дегенде зорға жетеді. Үлкен шаһар мен алыстағы елді мекен арасына теміржол түспеген. Пойыздың бармайтыны сондықтан. Тәулігіне тек 2 автобус қана жолға шығады. Оның бірі саудагерлердің жүгін жеткізсе, екіншісі адам тасымалдайды. Оған 50 жолаушы сыяды. Күні бұрын алып қоймаса, билет те тез таусылып қалатын.

Көлікке отырған адамдар әуелде бір-біріне жатырқай қарап, үрпиісіп, үн шығармайды. Ешкімнің ешкімде жұмысы жоқ қалыпқа түседі. Мұның бәрі уақытша құбылыс екендігін үнемі жол жүргендіктен бе, аңғарып қойғанмын. Ұзақ сапар мезі еткендіктен кейін үлкені үлкенін тауып, кішісі өз қатар құрбысын сөзге тартып аралас-құралас болып жатады. Сол жолаушылар аудан орталығына жеткенше туыстай болып кетеді. Қоштасар сәт жеткенде бір-бірін қимай қауқылдасатын еді.

Сол сапарымда қасымда бір қария отырды. Ойлы көзқарасы, домалақ жүзіне жарасымды сақал-мұрты, киген оюлы күртешесі қазақылығын айқындап-ақ тұр. Алғаш көлікке отырарда амандасқан едім, содан бері қаншама уақыт өтті, жөн сұрасып сөйлеспедік. Мұндай ұзақ сапарда әңгіме ғана жолды қысқартады. Ақсақалға қарап: 
– Ата, қай ауылдың тумасысыз? – деймін. 
– Саржыраданмын, балам. 
– Аа, көрші ауылдан екенсіз ғой, мен Жарсуданмын, –  дедім.
– Кімнің баласысың? 
Ол ауылдың бәрін танимын дегендей сыңай танытты. 
– Оканың ұлы, Жүкеңнің немересімін, – дедім. 
– Ее, кезінде мал дәрігері болған Жүкеңнің бе? – деп сұрағын қойды.
– Иә, сіздің ауылға талай мәрте барып едім, сізді бірінші рет көруім. Есіміңіз кім? Алматыға қыдырып барып келе жатырсыз ба?–деп сауалымды жаудырта жөнелдім. 
– Ақтан. 

Қарт алысқа көз тастап, ұзақ ойланды. Сөзін салмақты бастады: «Біз атадан екеу едік. Інімнің өмірден қайтқанына жылдан асып кетті. Ол менен  екі жасқа кіші болатын. Тату болып ержеттік. Бір-бірімізге қарайласып тірлік кештік. Қалаға 20 жасында аттанған еді, содан сол жақта қалып қойды. Жұмысы, баспанасы бола тұра үйлену тойын ауылға келіп жасаған. Тасы өрге домалап, ауқатты өмір сүрді. Үлкен кәсібі де болды. Кіндігінен алты бала тарады. Солар ержеткенде, енді қызығын көрем бе дегенде келін екеуі де келместің кемесіне мініп арғы өмірге кете барған. Пейіште нұрлары шалқысын, – деп күрсінді жанымдағы абыз жолаушы.

Терең тыныстаған соң әңгімесін әрмен қарай жалғап: «Інім қайтқан соң әлгі алты ұл атадан қалған мұраны бөлісе алмай дал болды. Алтауы алты жаққа тартты. Бір-бірін көрместей бүлінді. Туыстық атқа, қала берді, бауырмалдықтарына сызат түсірді.Тегінде қалада өскен балалардың «туыстық» ұғымнан алшақ жүретінін аңғаратынмын, сонысынан қорқушы да едім.Қазір, міне, соларды бітімгершілікке шақырып, татуластырып қайтып келе жатқан қалпым», – деп жөткірінді ақсақал.
– Оларға ілімі ілкі жұрттан да ілгері қазақтың бауырдан артық жан жоқ екенін ұғындырдым. Ел аузындағы есті әңгімелерді санасында сәуле болса ұғар деп айттым. 

Ертеде Төлек атты батыр болыпты. Қазақ-қалмақ арасындағы бiр қақтығыста қазақ жағы жеңiлiске ұшырап, Төлек батыр артына ұлын мiңгестiрiп қашып келе жатса, «Ағатай, бiздi қалдырма?», – деп Есенбай, Құлтан деген iнiлерi алдынан шығыпты. Соңынан дұшпаны өкшелеп, алдынан екi iнiсi шырқыраған Төлек батыр:
Көзiмнен аққан қанды жас,
Атаңды күнде жау қумас,
Әйелдiң ұлы, аттан түс,
Құдайым ұлсыз қалдырмас,
Емшектес болған қос бауыр
Төлекке қайтып табылмас, – деп баласын жауға қалдырып, екi iнiсiн құтқарып қалған екен, – деп тоқталды ақсақал.

Расында да туған аға-бауырдан асып түсер ешкімді де таппайтынымыз анық. Бұл заман ағайынның бірлігінен ақшаның тірлігін алға қойған кезең. Ол дәулет те бір күні таусылар, ал бауырлардың бірлігіне сызат түсіп, үзілген жіпті қайта жалғау оңай емес. Олай болса, туыстық туын құлатпайық, ағайын. 

Медет  ЖҰМАБАЙ