Өз қызымен жыныстық қатынаста болған әке туралы бағдарламаны неге көруіміз керек - Зайытов

Уақыты: 01.12.2023
Оқылды: 2572
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Депутат Ринат Зайытов отырыста «Масс-медиа» заңына қатысты пікірін айта келіп, жекеменшік БАҚ-тағы қоғамның наразылығын тудырған бағдарламалар көп екенін тілге тиек етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазір қоғамның наразылығын тудырған бағдарламалар көп. «Қосылайық», «Қалаулымды» айтпағанда, одан басқасы да бар. Оның зардабын да халық тартып жатыр. Жаңағы анау-мынау бағдарламадан танылып алған жастар онлайн ойын платформаларын жарнамалайды. Дәлел бар оған. Оның сыртында неше түрлі ток-шоулар бар. Өз қызымен жыныстық қатынаста болған әке туралы бағдарламаны теледидардан неге көруіміз керек? Жынысын ауыстырғандарды көгілдір экраннан неге көруіміз керек? Оны тоқтатайық деп ұсыныс бердік. Мониторинг жасайық.  Мына заңның аясында басқа бір тетік бар ма, осыларға мониторинг жасап, тоқтата алатын немесе екінші оқылымда мұны қарастыра аламыз ба? – деп мәдениет және ақпарат министріне сауал тастады.

Аталған сауалға қатысты Аида Балаева:

Ана ретінде, мемлекеттік қызметші ретінде сіздің жанайқайыңызды түсініп отырмын. Десе де мемлекеттік орган ретінде біз ондай бағдарламаларға қаржы бөлмейміз. Оған мен кепілдік беремін. Ақша төленбейді, – деді министр.

Сондай-ақ министр мұндай бағдарламаларды БАҚ өздерінің табысынан түскен қаржыға жасап отырғанын айтты.

Десе де бұл мәселе қоғамның және еліміздің болашағына кері әсер ететін болғандықтан, мен осы мәселені екінші оқылымда қарауға дайынмын. Сол БАҚ құралдарының жетекшілерін шақырып, аталған мәселені талқылауға дайынмын, – деді Аида Балаева.

Фото: azattyq-ruhy.kz-тен алынды