ҮЙ БОЛУ НЕГЕ ҚИЫН?

Уақыты: 02.12.2023
Оқылды: 2858
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Мінезіміз жараспады. Бір-біріміз танып үлгермедік. Біз үшін ортақ ештеңе жоқ. Отбасы бола алмайтынымызға көзіміз анық жетті. БІЗ – АЖЫРАСАМЫЗ». Міне, бүгінгі екі жастың бір-ақ сәтте тоғысқан тағдырлары, көтерген шаңырақтары дәл осылай шайқалуда. Бұл – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналды.

АЖЫРАСУ – ШЕШІМ ЕМЕС

Қоғам ажырасқан әйелді, көзі жәудіреген жетім баланы бауырына баспайды. Өзекке теуіп өгейсіткеннен ары аса алмайды. Жәбірленген, зорлық-зомбылық көрген баланың көпшілігі ажырасқан я болмаса некесіз туған балалар екенін зерттеу нәтижелері анықтап берді. Демек, бір шаңырақтың шайқалуы сол отбасындағы әр баланың тағдырына тікелей әсер етпей қоймайды.

 Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті жүргізген сауалнама нәтижесінде «Азаматтар екі жақты келісім бойынша некені бұзуға өтініш білдірген кезде, өтініш берушілер некені бұзудың негізгі себебі ретінде көбіне «мінездің сәйкес келмеуін» көрсеткен. Демек, ажырасып жатқан жұп үшін айтарлықтай мәселе жоқ. Тек мінездің сәйкес келмеуі сылтау. Бұл жерде барлық жұптың мінезі сәйкес келмейді деген сөз емес. Әр отбасында әртүрлі жағдай орын алуы мүмкін. Алайда көпшілік осынау бір қисынсыз жауапқа жақын-ақ.

Екі жас үйленетінін айтса ата-ана да, ағайын-туыс та тек тойдың қамымен шапқылап кетеді. Құдалардың алыс-берісін түгендеп жүргенде ұлға да, қызға да отбасылық өмірдің қиыны мен қуанышы қатар жүретінін, отбасын қорғап, сақтап қалудағы ең басты міндеттер жайлы ешкім тіс жарып айтпайды. Үлкендердің мақсаты – құдаларды жоғары деңгейде күтіп, бір-біріне қымбат киіттерді беріп, бәсекелесіп, мақтанумен шектеледі. Ал жастардың отбасылық өміріне бас қатырып, балтыр сыздатып жатқандар шамалы. Нәтижесінде жастардың мінезі үйлеспей, өмір ұсынған тосын сыйларға төтеп бере алмайды. Асығыс шешім қабылдаған олар отбасының тұтқасынан да айырылып жатады. Екі жарты бір бүтін болған соң тек бір мақсатта ғана еңбек ету керек. Ажырасу – барлық мәселенің  шешімі емес.

*Оқырман ойы

Сыйластыққа сызат түсті

– Ұл ержетіп, қыз бойжеткен соң оларға отбасы, ошақ қасының әңгімесін жиі айтып отырған жөн. Отбасындағы береке мен бірліктің берік орнауы қыз балаға тікелей байланысты. Әйел адам қашанда өз орнын білгені жөн. Ер азамат бір саты жоғары тұруы керек. Бірақ бүгінгі жастар мұны мойындағылары келмейді. Жас келін өз ата-анасын қалай сыйлап, құрметтесе ата-енеге деген ізетін солай білдіргені дұрыс.  Сабырлы, пысық, кешірімді бола білген әйелдің бағы бес елі болмаса маған келіңіз.

«Төркіні жақынның, төсегі жиналмас» деген тегі рас. Қазір мына телефон дегеніңіз төркіннен де жақын болды. Келіннің көңілі құлазып қалса, телефон арқылы бәрін анасына жеткізіп, айрандай ұйып отырған отбасының берекесін қашырады. Қызына ана тоқтау салмаса, басқа тірліктің бәрі бекер.  Бұрындары ажырасу дегенді естімейтінбіз. Біз «ҰЯТ БОЛАДЫ» деген бір-ақ ауыз сөзге тоқтайтынбыз. Қазіргі жастарға қарап таңқаламын. Олардың қандайда бір шешімді жеңіл әрі шапшаң қабылдай салатыны көңілге көлеңке ұялатады. Жастық жалынмен бастан сөз асырмай, кішіреймей, бірін-бірі сыйламағандықтан қазіргі таңда ажырасу көп болуда. Жастарды шапшаңдыққа салынбай сабырлы, төзімді болуға шақырамын.

Қаныша ДҮЙСЕНБЕКОВА

  ОҢАЙ ОЛЖА  ЖОҚ

Отбасын құрған жастар ертең ажырасамыз деп ойламайды. Олар үнемі махаббат кемесінде тербеліп қызықты әлемде өмір сүреміз деп ойлайды. Алайда қызыл мен жасыл түстің арасында сарының барын ұмытып кетеді. Айрандай ұйып отырған отбасында сәл кикілжің бола қалса, қыз төркінінің есігін қағып, анасының бауырына тығылады. Егер ақылды ана болса: «Еті менікі, сүйегі сенікі» деп барған жеріне балдай батып, судай сіңдірер. Ал анасы «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деп ақыл айтудың орнына: «Есеңді жіберме. Сені көшеден алған жоқ. Іздеуің, сұрауың бар. Өзіңе мықты бол. Ешкімді басындырма» деп отырса, онда ол шаңырақтың шаттығы, босағаның берекесі ұзаққа созылмайды. Осындайда әр сөздің қадірі мен қасиетін терең ұғатын даналарымыздың «Қосағыңмен қоса ағар» деген бір-ақ ауыз сөзі дәл қазір жетпей тұратындай көрінеді.

Ажырасу бір ғана себептен тұрмайды. Айырылысудың себебі көп. Тұрмыстық өмірдің қиындығын көрмек түгелі сезінбей жатып оң аяқпен аттаған босағасынан сол аяқпен шығып кетуден тайынбайтындар көп. Психологтар ажырасудың басым бөлігі 40 жасқа дейінгі отбасыларда, оның ішіндегі ең көбі 25-29 жас арасындағы жастарда жиі орын алатынын айтып, дабыл қағуда.  

Берекесі мен бірлігі жарасқан отбасы болудың арнайы бір қағидасы я болмаса технологиясы жоқ. Мұнда бір ғана дүние бар. Ол – сыйластық.

Бейресми деректерге сенсек, соңғы уақытта қыз-келіншектердің жеке бастарының мақсаты үшін ауқатты, бай еркектерге күйеуге шығып, көп ұзамай қайта ажырасып кету оқиғасы да жиілеп кеткен. Сондағы арам пиғылды әйелдердің көздегендері – еркектің жиған-терген дүниесіне ортақтасып, заң шеңберінде мүлкін бөлісу. Сондай-ақ, перзенттің болмауы, діни көзқарастың сәйкеспеуі, тұрмыс тауқыметі, еріксіз үйлену және ене мен келіннің тіл табыспауы да жұбайлар арасына өз салқынын тигізеді. Кейде жастардың ажырасуына үлкендердің, көбінесе, екі жақтың аналарының араласуы да әсер етеді. Әрине, күйеуімен ренжісіп, келіспей қалған келіншек отбасы мәселесін анасына айтады.  Сонда «ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды, іздеусіз, сұраусыз деп ойламасын, бүйтіп сөз естіртіп, жылатып қоя алмаймын» деп анасы қызын қолпаштаса, іс насырға шауып, отбасында үлкен дау орын алады. «Кетсе жолы болсын. Ұлыма одан да жақсы әйел табылады» деп ене қуанып, ұлы мен келінін бір ымыраға келуге шақырмаса, айрандай ұйыған отбасының берекесі қашады. Отбасының бірлігі мен берекесін асырып, шаттығын еселеп отыру – ер азаматқа да, әйелге де, сонымен қатар ата-аналарға да тікелей қатысты. Бұл өмірде олжа ешқашан оңай келмейді. Жастар ашуға бой алдырса, көпті көрген үлкендер тоқтау айтып, жол сілтеп, бағыттарын айқындап берсе шаңырақтың берекесі артып, үлгілі отбасы болары ақиқат.

*ДЕРЕК пен ДӘЙЕК

«Wisevoter» мәліметінше, Қазақстан ажырасу саны бойынша әлемде 114 елдің ішінде 16-орында тұр. Ал ТМД елдері арасында Қазақстаннан жоғары рейтингтің 3-орнында Ресей, 4-орнында Молдова, Беларусь 5-орында,  Украина 9-орыннан көрінген.  Қырғызстанда, Әзербайжанда, Арменияда және Өзбекстанда ажырасу аз тіркелген. Ажырасудың көп дерегі Мальдив аралдарында. Гуамда және Ресейде.  Вьетнамда, Шри-Ланкада және Перуде ажырасу дегеніңіз жоқтың қасы.

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ АУЫР

Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Кодексі ерлі-зайыптыларға тең құқықтарды пайдалануды, тең міндеттер атқаруды, кәсіп түрін, тұрғылықты жерді таңдауға тең дәрежелі ортақ құқық береді. Тіпті, ата-ана атанғанда бала тәрбиесіндегі  міндеттерді теңдей мойынға артады. Бірақ көп әке-шеше бұл жауапкершілік жүгін  бөлісіп жүрген жоқ. Заңда тайға таңба басқандай етіп жазылғанымен, іс жүзінде орындалып жатқаны шамалы. Отанның отбасынан басталатынын білсе де шағын мемлекетті сыртқы, ішкі жаудан қорғап, қалқан болып жатқан ер азаматтар аз. Тым аз. Үйленген сәтте «Үлгілі отбасы боламыз. Бізден асқан берекелі отбасы болмайды» деген арман табыстың төмендігінен, баспананың болмауынан, жұмыссыздықтың, несиенің кесірінен  күл-талқан болып, көкке ұшады. Осындай сынақ келсе, сынбай көтерудің орнына қолды бір сілтеп отбасын тастап кететін азаматтар саны артпаса кемімей тұр. Барлық ер азамат осындай деп шешім шығару біздің құзіретімізде емес. Дегенмен ерлердің ебедейсіздігінен қоғамда жалғызбасты көпбалалы аналар саны артты. Десе де, ажырасудың басты себебі – материалдық жағдайға келіп тірелмейді. Себебі табысы тасыған, тұрмысы жақсылар ажыраспайды деген заң жоқ. Олардың да отбасында кикілжің орын алып, екеуі екі жаққа кетіп жататын сәттер болады.

Ажырасудың салдары толық емес отбасы, жалғызбасты ана, жалғызбасты әке, тіпті, жетім балалар санының артуына алып келуде. Таяуда ғана алты баласы бар анаға меценаттар көмек көрсетті. Алты қызды бір өзі тәрбиелеп отырған жалғызбасты ананың негізгі кәсібі – таксист жүргізушісі. Шаңырақтың иесі отбасындағы аздаған қиындыққа шыдамай, бала-шағаға қолды бір сілтеп кеткен күйі кері қайтпаған. Бала деп жанын шүберекке түйген ана қыздарын қатарынан қалдырмай тәрбиелеп,  күндіз-түні еңбек етуде. Бір отбасының бар ауыртпалығын өз мойнына алып, жаны нәзік  болса да намысқа тырысып жүрген қазақтың қаншама қызы жауапкершілік жүгін өздері атрқалап жүр десеңізші?!

Отбасының жауапкершілігі – шаңырақ көтерген ерлі-зайыптыларға тікелей байланысты. Отағасы мен отанасы көз бен қол болып, бірге өмір сүруі керек. Көз жыласа, қол жасты сүртіп, бірін-бірі демеп, қолдап жүрген ата-ананың сыйластығын көрген балалар да дәл сол жолмен жүретіні анық.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:

«Қиын да емес, оңай да емес үй болу,

Ой бөлу үйге, қамқорлық жасап үйрену,

Көңілін табу, қабағын бағу жарыңның,

Екеу боп өмір сүрудің жолын игеру» деп жырлаған ақын Оразақын Асқардың өлеңіне құлақ түріп, сөз төркінін түсінетін жас болса қанеки? Қамқорлық жасап, көңіл бөлуден басталатын отбасылық өмірдің көзге көрінбейтін құпиялары мен ережелерін берік ұстанған жандар мына өмірде бақытты ғұмыр кешіп, соңына өшпес із қалдырады.  

Дамыған, көркейген, жайқалған елде алаңсыз өмір сүріп жатсақ та, түрлі техниканың тілін меңгеріп, талай қиындыққа төтеп берсек те біз ҮЙЛЕНІП, ҮЙ БОЛУДЫ ҮЙРЕНЕ АЛМАЙ ЖҮРГЕНІМІЗ ӨКІНІШІТІ-АҚ.   
 

Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: oprh.ru