Лудомания: Қызыққа емес, қарызға батқан

Уақыты: 21.01.2024
Оқылды: 1643
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Адам өзінің бүкіл өмірінде көптеген қиындықты бастан өткеріп, күреседі. Оның көбі саналы түрде немесе белгілі бір жағдайға байланысты өз тарапынан болып отырады. Оған адам бойындағы құмарлықты жатқызамыз. 

Қоғам ұзақ жыл маскүнемдікпен күресті, одан кейін ол нашақорлыққа ауысты. Заман дамып, өзгерген сайын оның алдындағы мәселелер де жаңа үлгі, жаңа мазмұнға ие болып, лексикамызға бүгінде құмар ойын, оған тәуелділік деген сияқты тіркестер енді. Соның бірі – лудомания. Яғни, бұл қаржылық жеңіске жету мүмкіндігі бар құмар ойындарға тәуелділік. Осындай қызықтың шыңынан көрінгісі келетіндер бұған өздеріндегі барын салуға дайын. Өкінішке қарай, мұның қаншалықты алдамшы екенін олар кеш түсінеді. 

Жан қинамай жеңіл табысқа кенелемін, қиялдап сәттілікке жетемін деп жүргенде қалай қарызға батып, туыстарымен байланысты жоғалтып алғанын да білмей қалады. Сөйтіп, тұзаққа түскен ойынқұмарлар одан шығудың жолын табуға тырысып, әлекке түседі. Осындай құмар ойынның жетегінде кеткен азаматтың бірі Жансерік (есімі өзгертілген) есімді азамат. Ол бұл ойыннан алғаш рет өзгеше әсерге бөленіп, өзін керемет сезінгенін айтты. Оның қызығушылығы ойын автоматтарынан ұсақ-түйектер ұтып алудан басталған. Тіпті, осындай ойындар арқылы қалта шығындарына дейін жабатын болды. Бұл бірте-бірте әдетке айналып, барған сайын қызығушылығы оянды. 

Кейіннен букмекерлік кеңселерге барып жүріп, қомақты қаражат ұтысын иеленіп, үлкен қуанышқа кенелген. «Міне, осыдан кейін тәуелділік басталды», – дейді Жансерік. Жеңіл жолмен табылған ақшаның еш құны да, берекесі де болмады. Қолда тұрмай, су сияқты ағып кете берді. Қызыққа батқан кейіпкеріміз қарыздарға қалай кіргенін де аңғармады. Оны тек ата-анасы ғана байқаған. Жан-жақтан қысқан қарыздар жас жігіттің түн ұйқысын төрт бөліп, маза бермеді. Қиналғаны сонша, енді ойнамастай әке-шешесіне ант та берді. Бірақ, бұл уәде тек уақытша болатын. Құмар ойынды бір-екі жылға тоқтатып, туыстарының көмегімен қарыздарынан да құтылды.     

Біраз уақыттан соң ол ақша тапшылығына ұрынып, қайта ойынға кіріскен. Сөйтіп жүріп, бірнеше миллиондаған қарызға белшесінен батты. Бұл жолы ол бәрін жоғалтты. Тіпті үйден де, көліктен де айырылған. Бір сөзбен айтқанда, ештеңесі қалмады. Осы уақыт ішінде Жансерік үйленіп, балалы болып та үлгерген еді. Ерлі-зайыптылар қарыздарымен есеп айырысу үшін несие де алды. Осылайша кейіпкеріміздің отбасында жанжал басталып, соңы ажырасуға әкеп соқты. Жансерік құмар ойындардан басқа, ішімдікке де әуес болды. Кейіннен ол бұрынғы өмірін қайтарып алудың мүмкін емес екенін түсінген еді. 

Қазір ол басқаларға қателеспеу керектігін, ақшаны оңай жолмен емес, еңбектеніп табуға тырысу қажет екенін айтады. Адам құмар ойындарға тез тәуелді болатынын және оның жетегіне қалай тез кететінін түсінбейді. Енді ол арнайы орталықта ем қабылдауда және мұндай ойындарға қайта ораламын деген ойдан аулақ. Ал мамандар кез келген тәуелділік, оның ішінде ойын тәуелділігі адамның ішкі күйінен туындайды деп санайды. Бұған балалық шақтағы травматикалық жағдай, жұмыстағы күйзеліс, отбасылық жанжал, тағы басқалары әсер етеді. 

Жалпы, адам  өміріндегі проблемалардан қашады және онымен күресудің орнына құмарлыққа бой алдырып, қиял әлеміне кіреді. Ойын ол үшін «анестезия» қызметін атқарады. Көптеген ойыншы ойын орындарынан «басқа әлемнің» дәмін татады. Ойын кезіндегі қиял мен белсенділік өзінің де, өзгенің де қайғысын сездірмейді. Ерте ме, кеш пе, шешімін таппаған мәселелер ауқымының кеңейе түсетіні сонша, оны байқамай жүре беру мүмкін болмай қалады, сол кезден бастап адам көмек іздей бастайды немесе өзіне-өзі қол жұмсайды. 

Маман ересектерге, қалыптасқан адамдарға тәуелділік проблемаларын жеткізу қиын екенін айтады. Өйткені, олар көбіне емделудің аса маңызды екенін түсіне бермейді. Қалай десек те ойынқұмарлықтың ойланарлық маңызды мәселе екенін естен шығармаған жөн. Егер өз туыстарыңыздың, достарыңыздың бойынан осындай жағдайларды байқасаңыз бірден шара қолданғаныңыз абзал. Әйтпесе оның соңы үлкен өкінішке әкеп соқтыруы мүмкін.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Фото: cripo.com