ҒАЛАМТОРДАҒЫ ҰСТАЗДАР

Уақыты: 28.01.2024
Оқылды: 3311
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазіргі жастардың басым көпшілігі сырттан кеңес алуға құмартып кетті. Неге десеңіз оларға мотивация жетпейді-мыс. Ал сол мотивацияны олар қайдан алады?

Бүгінде жастардың басым бөлігі «алма піс, аузыма түс» деп жатқанға шебер. Бұған олардың жалқаулығы, еріншектігі, енжарлығы себеп. Былайша айтқанда, оларды алға жетелейтін, қолғабыс болып, мақсатының орындалуына көмек беретін жандардың жанынан табылуы.    

Бүгінде әлеуметтік желіден қайсыбір аккаунтты ашып қарасақ коуч, мотиватор, рухани жетекші сынды сөздерге көзіміз бірден түседі. Біреуге қолдау көрсетіп, жұмысының алға басуына рухани тұрғыдан жәрдем беру, әрине, жақсы. Дегенмен, өзіңнің өміріңмен біреудің тағдырын бір арнаға тоғыстыру санаға сыймайды. Себебі, мына өмірде қанша адам болса, сонша тағдыр бар екенін естен шығармаған жөн. Өзгенің басындағы сынақты Алла басқа біреуге берер, бірақ, ол сынақты көтере алатын адамның қауқарының қаншалықты екені беймәлім. Біреу басына түскен қиындықты Алланың сынағы деп қабылдаса, енді бірі әлдененің есебінен берілген қиыншылық деп біледі. Осындай мысалдарға қарап отырып қазіргі таңда естіген затына иланып қалатын көп жастар мен тіпті білдей бір отбасының әкесі  мен шешесі болып отырған адамдарды байқаймыз. Расында, естісең қызық дүние. Үйде отырған аналар, жасөспірімдердің жоғарыдағы мотиваторларға қояр сұрағы мынадай: «Күйеуім маған көңіл бөлмейді. Не істесем болады? Қандай жігітпен жүруді ұсынасыз? Ата-анаммен қарым-қатынасым дұрыс емес? Не істеуге болады?». Қарап тұрсаң, үш қайнаса сорпасы бірікпейтін адамнан өзіңнің жеке өміріңе қатысты мәселеңді айтып, ақыл-кеңес сұрау миға қонымсыз. Әрине, керектісін алған жөн шығар. Дегенмен, сыртқа айтуға болмайтын дүниені ішіңде сақтаған абзал. Өйткені, әрбір бақытты отбасының ішкі сыры мен құпиясы болатыны анық. Көп отбасының арандауы да осы онлайн кеңесшілердің себепкерлігінен туындап жатыр. Біреудің басына келген ауыртпалық басқа біреуге дәл сол қалыпта келуіне ешкім кепілдік бере алмайды. Әрбір жеке тұлға өміріндегі кез келген жағдайды өзінше қабылдайды. Оны айтпасақ та түсінікті.

Неліктен жастар арзан сөз бен онлайн ақылға құмар? Себебі, сана төмендігінен шыңдағы дүниеге оңай қол жеткізсем деп ойлайды. Сондықтан да ғаламтордағы ұстаздарына жүгінеді. Ал олардың берері жай ғана логикамен ұштасып жатқанын бірі білсе, бірі білмес. Қарапайым ғана дүниені түйедей қылып, біреуден ақыл-кеңес сұрап, бірақ оған жай ғана өз өмірінен алған тәжірибесімен бөлісетін мотиваторларға сеніп қалатын жандарға жақындарымен сөйлесіп, ашық шүйіркелессе деймін. Өзін тану үшін кітап оқып, пайдалы кеңестермен ішкі дүниесін толықтырса көгілдір экрандағы арзан ақылдың артынан ермес пе еді?!

Айғаным АЙТМҰХАН
Фото: pintosevich.com