Зорлық-зомбылық: Сұрақ көп, жауап жоқ

Уақыты: 28.01.2024
Оқылды: 3235
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бүгінгі күннің өзекті тақырыбының бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бұл мәселе осы уақытқа дейін де талай көтерілген. Әлем дабыл қаққан тақырыптан біз теріс айналып кете алмадық.

Бейресми деректер бойынша, отбасындағы жанжал маскүнемдік, жұмыссыздық, тұрмыс жағдайының ауырлығы сынды әлеуметтік жағдайларға байланысты орын алады. Қазіргідей сананы тұрмыс билеген уақытта көп отбасының басты қажеттілігі қаржыға келіп тірелетіні анық.

Үйдегі жанжал тек еркек пен әйелді қажытпайды. Кішкентай баланы да шаршатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықты көріп өскен баланың болашағы туралы ойлау да қиын. Ертең ержеткен ұл мен бойжеткен қыз дәл осы жағдайды қайталамайды деп нық сеніммен айту қиын. Өмір бойы таяқтан көз ашпай, үреймен күн кешсе де «балаларым әкесіз өспесін» деген ананың қызы зорлыққа қарсы тұра ала ма? Әкесінің анасына қол көтергенін көрген ұл өзі үйленгенде күйеу болудың жөні осы деп, жұдырығын ала жүгіруге бейім болмасына кім кепіл? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Үйленіп, үй болғанша жігіттер қыздардың көңілін жаулау үшін барын салады. Өзінің оғаш мінезін толық көрсетпейді. Үйіп-төгілген уәдеге сеніп, көзсіз сенімнің құрбанына айналған қыздың ертеңі не болары тек өзіне аян. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп жазылмаған заңға амалсыз көнетіндер де жоқ емес. Бірақ көпке топырақ шашпаймыз. Алайда қоғамда мұндай көріністердің бары рас. Байқасаңыздар, бүгінде үйленгеннен тез ажырасқан жастар көбейді.

Біздің қоғамда «карьера» деп тұрмысқа шықпай қалған қыздарды жиі кездестіруге болады. Себебі үйдегі шешесі секілді әкесіне тәуелді болғысы келмейді. Үнемі жұдырық жұмсайтын күйеуіне аяушылық танытып, арызын кейін қайтарып алатын әйелдер өз өмірлерін, денсаулықтарын ойлауға келгенде тарылып қалады. Ондай әйелдер көбінесе психологиялық және материалдық тұрғыда күйеулеріне тәуелді болып келеді. Сондықтан да қыздардың көпшілігі бірінші материалдық жағдайын жақсартуға ден қоюда.

Зорлық-зомбылық – жалпыға ортақ мәселе. Келешекте өзі құратын шаңырақты шайқалтпасын десек, ұл мен қыздың тәрбиесіне бүгіннен көңіл бөлу қажет. Қоғамның дерті деп отырған жайт ғасыр дертіне айналмауына үлес қосайық, ағайын.      

Ботагөз НИЯЗХАНОВА,
Жетісу университеті журналистика
мамандығының 4-курс студенті
Фото: liter.kz