Басыңыз орнында ма?

Уақыты: 04.02.2024
Оқылды: 2961
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Өміріңізде бассыз адамды көрдіңіз бе? Вашингтон Ирвингтің «Ұйқыдағы ойпат» шығармасындағы басты кейіпкер секілді бассыз жүрген салт атты болмаса да, көшеде не далада жүргендерді аңғармадыңыз ба? Әңгіменің әлқиссасын түсінбей тұрсаңыз баяндайық...

Жоғарыдан хат келді. Қара сияны аямай баттастыра басылған мөрлі хаттың мазмұны жиналысқа тіреледі. Маңайымдағыларды түп-тұқиянын қалдырмай жиып ертең азанда алаңға баруым керек екен. Бармаймын, бара алмаймын дегендер болмауы тиіс. «Балам ауырып жатыр», «Басым дызылдап, балтырып сыздап тұр», «Қолым тимейді» деген сылтау қабылданбайтыны нақ айтылған әлгі хатта. Басты ауыртпай бірден келістім. Қарамағымдағыларды да таңғы тоғыздан қалмай жиын орнына баруға үгіттедім. Бас сүйек ішіндегі мың қатпарлы миды қозғап әлекке де түскенім жоқ. «Айттым, бітті!» дегенге үйренгендер бас шұлғыды да соңымнан еруге уағдаласты. Шекесі тырысқандар да болмады емес. Оларға қарап қалар мен бе? Астанадағы «шатырым» сый еткен мамық креслоны сықыр-сықыр еткізіп орнымнан тұрдым. Байғұс менің салмағымнан бір жағына қисайған орынтағым жетпістің жетеуіне келген қариядай еріне менімен бір көтерілді де, шиқылдап зарына сала берді. Оған мән берген мен жоқ, зәрлі үнмен ақырып, аждаһадай ашуымды шақырып, Римді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған қаніпезер Нерондай қызыл ағаштан маған шақтап істелген үстелді жуан жұдырығыммен бір соқтым. Әмір деген қойсын ба, көп ішінен «бармаймын, сол жиында бола алмаймын» дегендер жынынан айырылған бақсыдай, жо-жоқ, суға түсіп кеткен марғаудай үрпиісіп, амалсыз бас шұлғыды. Мен кім? Олар кім? Астымдағы орынтағым тұрғанда масаның ызыңындай қарсы пікір айтылмауы керек. Іштей өзімнің қарекетіме сүйсініп те қоям. Апырмай, отар бастаған серке де қой мен ешкіні бұлай үйіріп әкете алмас, шіркін!

Уағдаласқандай орталық алаңға тайраңдай басып мен келемін. Жанымда итақайдай жылмаңдаған бірер орынбасарым мен жәркеленіш хатшым, ұжымымдағы саққұлақ итаршыдай сөз тасушым бар, олардан кейін әмірім үрейін ұшыратын қызметкерлер тағы бар. Әкем әперген келіншек екеуміз әрең таққан кастөмімнің түймелерін жаһаннамға жіберем деп тұрған қарнымды былтыр алған, биыл иығы шақ келгенмен белбеуге асылғанымды жабуға шамасы келмей тұрған пальтоммен қымтап қоямын. Өткен 40 жылдық мерейтойымда жамағайыным сый еткен құндыз бөрікті маңдайымнан сәл көтеріп маңайыма қарасам, орталық алаңға ағылғандар көп екен. Ана бастан «Дорстройдың» қожайыны Сәкең, мына жақтан «Горстройдың» иесі Мәкең, біздің ізді басып «Зеленстройдың» бастығы Жәкең келеді. Орталық алаңда құшақ жетпеген соң, құр қиықтан қапсыра құшақтап сауқаттасып, жай сұрастық. Кеңкілдесіп, той сұрастық. Жәкеңнің баласы күзде, Мәкеңнің баласы жазда үйленіп, Сәкеңнің қызы қыста ұзатылатынын білдік. Қауқылдасып тұрғанда микрофон түбіндегі бір итаршы әу деді. Жиынды бастайтын Көкүйден келген жуанқарын дәу деді. Таяқ жерге тасталды, мадақ жиын басталды. Екі жағынан екі талдырмаш жігіт жетектеген жуан қарын мінберге көтерілді де, Көкүйдің билеушісі биыл бізге арнаған арнауындағы әр тақырыпқа тоқталып, мазмұнын аша түсуге оқталып, қолын анда бір, мында бір сермеп, ашыла сөйлеп, көлгірсіді келіп. Даналық пен даралықты бір бойына құя салған, демократияны гректер ойлап тапса да, олардан оза шапқан күллі қазақтың осы уақытқа дейінгі хан мен билерінің жасамағанын қолға алып жатқан сарабдал саясат иесінің игілікті істерін жіпке тізген моншақтай баяндап, «ит бар, иттің үстінде бит бар, биттің құрылысы мынадай» дегендей жетемізге жеткізе сөйледі келіп. Ұлы даланың даңғайыр билеушісінің жоспарлы жеті жылдықтың жетінші кереметіне ойысты содан кейін. Күллі ғаламда жоқ, Күн жүйесі былай тұрсын, Құс жолы галактикасынан әрі Андромедадан бері тіршілік ететіндер ғұмырында көрмеген жоба жүзеге асады биыл. Қандай дейсіз бе? Күллі далалық пен қалалық жиылып алып тау тұрғызамыз. Тау болғанда шығыстан шыққан күнді батыстағылар көрмейтін, Джомолунгманың шыңы Эвересттен 10 есе, Килиманджародан 15 есе биік таудың атауы – «Мәңгілік тау». Етегінде бұлттар айқасқан таудың шыңы Стратосферадан әрі өтіп, Экзосфераның дәл ортасына жетеді. Осындай ғаламат жобаны таныстырған дала данышпанының үгітшісі сөз соңын ұранмен аяқтады.

 – Біздің тау әлемдегі ең ғаламат жоба!

 – Ура, ура, ура!

 – Біздің жоба халқымызды мәңгілікке жеткізеді!

 – Ооо!

 – «Мәңгілік тау» мәңгілік ұлттың бағдаршамы!

 – Ғажап! Тамаша!

Жуан қарын екі сүйемелдеушісімен жерге түскен соң алып экранның жанынан секундомерді қосып кеп жіберді. 10, 9, 8, .... 3, 2, 1! Басталды.

Бәріміз жүгіріп жүрміз. Құр дабыра болған түгіміз жоқ. Тау тұрғызар тас тасып жатырмыз. Адамзат баласы мүлде көрмеген, мүлде білмеген «Мәңгілік тауымыздың» іргесін нығырлап, төбесін көкке жеткізуіміз керек. Солайша жер бетіндегі тас атаулыны теріп кеттік. Біреулер тау қопаруда, біреулер су кешіп, өзен құрғатуда. Судың тау тұрғызғанға пайдасы шамалы, ал өзен тасы аса қажет. Себебі біздің тау үшін бәрі құрбан. Маңайдағы тас атаулыны тауыстық. Өзендерді түгел құрғаттық. Жер астындағы қыртысты қырып алдық. Қалаларды қиратып, бетон, кесек, бәрін салдық. Құдай-ай, тасқа ұқсағанның бәрін үйдік тау үшін. Бірақ, қандай дүние қажеттілік қылса таусыла қалатын әдеті емес пе? Таудың шыңы стратосферадан әрі өтіп, ионосфераға жеткенде тас та бітті. Халыққа уәде етілгендей, ғасыр жобасы жолда қалмауы аса қажет. Көкүй билеушісінің әмірі осы. Бұрынғы әміршілердей бастаған істі жарымдап тастап кету ол кісінің табиғатына жат. Әрі бюджеттен де қыруар қаржы бөлініп отыр. Ай сайын жалақымыздың біршама бөлігін «Мәңгілік таудың» сәтті болуы үшін аударып жүрген біз үшін уайым көбейді. Не болса да, маңайды шола бастадық. Жер шұқылап, топырақ қыра бастадық. Жұмыр түгіл шымыр зат таппай әлек болдық. О, тоба! Құдай адамзатты топырақтан жаратты емес пе? Адамның жаны болмаса, тәні тасқа келеді ғой. Көп ойланбадым. Әрі әбден ойланудан ада болған басымды ауыз омыртқаның тұсынан жұлып алдым да, қолбырай өскен шашымнан ұстап тау үстіне лақтырдым да жібердім. Өзі ойланбайтын, ойлануды ар санайтын басты әрең жүрген денеме салмақ етіп қайтемін?! Бастысы, «Мәңгілік тау» үшін басым кәдеге асса болғаны. Мына тірлігімді көрген маңайымдағылар да ерлігімді қайталап жатты. Қайталап жатты. Айтқандай біздің тау бәрінен биік, бәрінен ғажап болып шықты. Өйткені ол – «Мәңгілік тау».

Көңілім алып-ұшып үйге келгем. Қалай дегенмен ұлы данышпанның ғасыр жобасына өз құрбандығымды бердім емес пе? Есіктен ене бергенім сол еді, алдымнан бес балам атып шықты. Басы жоқ мені көріп шошып кетер дегем. Жо-жоқ, таңданбады да. Ас үйден келіншегім көрінді. Балаларымның мені көргендегі күйін сонда түсіндім. «Мәңгілік тау» үшін келіншегім де басын беріпті. Төрге озып, төсекке жантайдым да, ғасыр жобасына бес баламның басын беруді неге ойламағаныма таңдандым. Айтпақшы, ойланатын бас жоқ екен ғой. Әрі олардың басы өз тұсындағы билеушісіне керек болар деп топшыладым. Бірақ, ойланбадым...

Құрметті оқырман, ал сіздің бас орнында ма?

Мағмар Мақсым
Фото: islam.global