Алаяқтардың айласы емес пе?

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 1343
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бүгінде оңай ақша табу жолын іздейтіндер, көп күш жұмсамай баюды көздейтіндер көбейіп барады десек артық айтпағанымыз. Бұған себеп, қазіргі таңда «Oriflame», «Faberlic», «Avon» компанияларына кіріп, ірілі-ұсақты тауарлардың өтуіне ықпалды адамдарды көптеп байқаймыз. Сырт көзге еш зардабы жоқ саудамен айналысатындар өзі тіркелгенімен қоймай, өзгені де тартып, тағы бірін үгіттеп үстінен ақша көрмек. 

Бүгінде қандай зат болса да бағасы шарықтап, халықты шаршатқандай. Жылдан-жылға жоғарылаған оқу ақысының салдарынан ата-анамен бірге білімгер де қиналысқа түсуде. Әке мен шешеге аз да болсын көмектеспек ниетте сабақпен қатар жұмыс та істейтін қатарластарымды көптеп көремін. Артығырақ ақша табуды ойлап, ауыр істен тайсалмайтын ауылдың жігіттері вагондардан ұн қаптарын түсіреді. Енді біреулері түн ұйқысын қиып, даяшы болып қызмет атқарады. Қысқасы, әркім қабілетіне орай азын-аулақ табыс тауып жатады. Бір қызығы, мен жазған адамдардың көпшілігі тек сабақтан бос уақытында осындай істермен шұғылданатын. Бастысы, еңбекпен келген заттың берекесі болатыны анық. Бұдан бөлек ұзақ уақыт талап ете бермейтін жұмыс болғандықтан каталог деп аталатын жарнама кітапшаларындағы әшекей, әтір, киім сынды бұйымдарды сатып жүрген студенттерді де кезіктіруге болады. Қасындағы құрбыларын қызықтырып, жарқыраған жақұттарын көтерген бір қарындаспен тілдесудің реті келіп, бұл кәсіп жайлы санамдағы сансыз сұрақтарды жаудыра кеттім. 
«Барша нәзік жандар сәнденіп боянып, сұлулығын сақтап күтіну үшін көптеген опа-далап, жақпа май, иіс-суларды сатып алатын болғандықтан бұл жұмыс қиындық келтірмейді. Қашан болмасын осындай тауарларды іздеп келетіндер табылады. Ал, әр сатылым сайын маған түсетін пайыздың көлемі де артып, ақша мен сыйлықтарға ие боламын. Дос-жарандарымды да осы іске тіркеп, үйретсем деген ойым бар», – деп өзінің жұмысы жайлы қысқаша баяндады. Сондай-ақ, бұл кәсіптің сойылын соққанға студент қыздардан бөлек, тұрақты жұмысы бар ақжаулықтылардың табыла кететінін аңғардым. Олардан да осыған ұқсас әңгімелер естідім. Айырмашылығы – қосымша жұмыс ретінде қарастыратынында ғана. Міне, бұл шетелдік компаниялардың айламен ойластырып, шығындалмай-ақ жарнама кітапшаларын шығарып, бір-бір қолға тапсырып қойып, тып-тыныш өнімдерін сатып отырудың ең оңай тәсілі. Ұсыныс пен сұраныс дейтін екі тараптың талаптары таразыда тең түсіп, пайдаға кенелсе, әрине, жақсы. Алайда осы қарапайым бастамалар ел арасында кеңінен таралған, бірін-бірі жетелеп, ақшасын алаяқтарға ұстатқан  айлалы ойындарға жеткізбесе болғаны.

Мадияр ТОҚАН,
ЖМУ-дің білімгері