Алжапқыш тағу - азаматқа сын

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 1512
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бұл мақаланы жазуға түрткі болған талантты қаламгер Сағат Әбдуғалиевтің «Ресторандағы піл» атты жыры еді. Ақынның алып денелі жігітке алдына тамақ көтеріп келгенде таққан айыбы бұл. Иә, мысық ойлардың санада мияулайтыны рас. Тепсе темір үзетін жігіттердің алжапқыш байлап алып, қызбикелерше қызмет көрсеткені қораш көрінеді. Қаранарлардың қиындықтан қашып, дәрменсіздікке дес бергені жанды уатады. Тәрелкені тазалап, ыдыс-аяқ жуғанша вокзалда жүк тиеп жүргені мың есе артық-ау.  

Ауқаттануға келген әйелдің алдында безек қағып жүрген даяшы жігітке «Замандас, сенің кәсібің, сұлуға шыққан мұрттай-ақ» дейді ақын өз өлеңінде. Ауыр сөз. Әйтсе де айтпасқа амал бар ма?! Ертеңгі күнімізді болжап біле алмаймыз. Заман алмағайып. Елге қорған болар азаматтарымыздың еңкіш тартып бара жатқаны ұят емей немене?
Еркек сұлу көрінбей ме еркімен, 
Еркіндіктің нұры ойнаған көркімен. 
Жалғандыққа күрес ашқан ісімен,
Сүйгеніне берген қайсар сертімен, 
және соны қорғай білген күшімен.
Ойлы әлемнің әйелдерсіз күні бар ма, көктеген?
Әйтсе де мен әйелге ұқсас еркектерді жек көрем! 
Бұл халық ақыны Мұхтар Шахановтың қоразайдар жігіттерге қаратып айтқан өкпесі әрі базынасы. Иә, қашанда әр жыныс өз мінезін сақтауымен бағалы. Сонда ғана ұлттың көсегесі көгермек.
Бала тәрбиесі, әсіресе ер баланың тәлімі – әке меншігінде. Тегінде «ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген тәмсіл соны аңғартады. Қамшыұстары қамшы ұстауға жараған сәтте қасына ерте жүріп, жігітке тән болмысты бойына сіңіру әкеге аманат. Бұл бабамыздың бабасынан қанына дарыған қасиет. Ұлттың ұстыны десек те жарасады. Ал, қыз балаға, керісінше, анадан көрген-білгені өміріне азық.
Әлмисақтан бері қазақ халқы дүниеге ұл келсе, тұқымының жалғасына, шаңырағының иесіне, түтінін түтетушісіне балайды. Әрине, әке үшін одан асқан сый жоқ. Ел ішінде бір кісі өмірден озса, «артында қалған тұяғы бар ма еді?» деген сауал қатады. Егер мирасына еге ер табылып жатса, «орнында бар оңалар» деп ақ батамен алқалайды. Бұл да азамат мәртебесінің асқақтығы әрі артылар сенімнің жоғары екенін меңзейді.
Жалпы ұлттың әдет-ғұрпына көзапара қарасаңыз ер жігітке айтылар сын, қойылар талап зор. Осындайда қазақ этнопедагогикасының негізін салушы Клара Қожахметованың «Бекзат болмыс» атты еңбегі еске еріксіз оралады. Онда көрнекті ғалым ердің кейпін екі негізгі бағытқа бөледі:  кескін-келбетіне қарай: еңсегей бойлы, өткір көзді, қара қасты, кең маңдайлы, торсық шекелі, қыр мұрынды, апайтөс, өткір тісті, жуан білекті, қынай белді, қапсағай денелі. 
Ал, қадір-қасиетіне қарай: қырандай алғыр, сұңқардай өр, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қасқырдай өжет, қабыландай сұсты, нардай төзімді, құландай сүйекті, жау жүректі, жылқы мінезді. Оқып отырсаңыз, бұл суреттеулер құдды бір бұрынғы батырлардың бейнесін нұсқайтындай. Біртүрлі қабылдай алмай тұрасың. Бәлкім, бүгінгі тепсе темір үзетіндей тектілердің табақ тасып мәз болғанынан ба екен? Шамданбасқа не шара?! Күлге шөккен түйенің тағдырын кешіп жүргендей күйінесің де күлесің. Қыздармен жағаласып қазан маңын торуылдауды тәуір көретін олардың қылығына қаның қайнайды. Кезінде әжем айтатын «Әйелдің ісіне араласпа, абыройыңнан айырыласың. Әрі отбасыңның берекесі тарқайды» деп. Шынымен де келіншегіңмен жарысып кез келген дүниеге кірісе берсең, шаңырақтың шайқалатыны кәдік. Ол енді бұйдасы бөлек әңгіме. Қайырылып келіп бір соғармыз.
Мүмкін, мәселе қоғамдағы азаматтарымыздың абыройының аласарып бара жатқандығынан болар. Өткенге көз жүгіртейікші. Халық тілінде отбасында ер-азаматтарды отағасы, арғы әжелеріміз аталарымызды «ерім, пірім» деп атаған. Яғни, еркектің мәртебесі жоғары болғанын бағдарлайды. Ал, қазір ше? Еркек беделі ептеп төмен сырғып келе жатыр. Бұған кімді кінәлауға болады? Қоғамды ма,  әлде ата-ананы ма? Мүмкін Еуропаға еліктеушілік шығар. Айтпақшы, Еуропа дегеннен шығады. Жігіттердің даяшы болуы ол жақта кәдімгідей өнерге баланады. Тіпті, кейбір атақты мейрамханалар мен тойханаларда бас аспаздың міндетін ер балалар атқарады-мыс. Жоғары оқу орындарында арнайы мамандықтар да ашылған. Оған қабылданушы студенттердің басым бөлігі ер балалар екен. Әлемде әлі күнге «Даяшы – ер адамға тән мамандық па?» деген тақырыпта пікірталас туып келеді. Кейбір адамдар келіспегенмен, көпшілік құп көруде. Әйтсе де, бұл іс түбірімен қазаққа жат. 
Дүрия дәстүрге үңілсеңіз, ежелден ерді елдің егесіне балап, отбасындағы ұсақ-түйекке араластырмайды. Үлкен жиында жақсы-жайсаңдарды жанына отырғызып, көсемдер мен шешендердің сүбелі сөздерімен сусындатады. Ол баланың салиқалы тұлға болып қалыптасуына, семсердей өткір болуына сеп. Үйге алыстан қонақ келсе, қол алып сәлем беру, мейманның атын байлау жігітке парыз. 
Көшпенділер заңы бойынша ұлды батырлық мектебінде тәрбиелеу қалыпты жағдай. Ата-бабамыз баласын 5 жасынан атқа отырғызып, жүйріктің жалынан ұстатады. Соғыс тәсілдерін үйретіп, мергендіктің құпиясын көрсетеді. Неге? Себебі, қазақтың жалпақ даласын сақтап қалудың жалғыз жолы ұрыста жеңіске жету еді. Сондықтан «ер жігітсің, еліңді қорғайсың, бізді асырайсың» деп балаға таудай жауапкершілік жүктеп отырады. Тарихтан аян, ата – балаға сыншы. Жаужүрек бабамыз Қабанбай батыр 16-ға толмай тұрып, Райымбек әулие 15 жасында ерекше ерлік жасап, ел шекарасын бекітті. Қазыбек би мен Абылай ханның аты асқан алғырлығының арқасында жасынан шартарапқа тарады. Құнанбай би Абай атамызды 13 жасынан бастап ел басқару ісіне араластырғаны мәлім. Уәлихан Шоқанды 3 жасынан хат танытып, 5 жасынан білімге баулыған. Ғұлама ақын Мәшһүр Жүсіп 8 жасында мәшһүр атанды. Мұның бәрі әкеден алған өнегенің шынайы көрінісі.
Қазақстан зайырлы мемлекет. Ешкім сіздің  қалаған мамандығыңыз  бойынша еңбек етуіңізге шекара қоя алмайды. Әркім еркімен тыныстап, қалаған ісімен айналысуға құқылы. Әрбірден соң заң көпке ортақ. Бірақ бәрін бір текшеге салып қарауға да болмас. Көпке топырақ шашудан да аулақпыз. Тек бізді алаңдататыны, кешегі атан түйенің арқасын майыстырған алып бабаларымыздың ұрпағының ұсақталып бара жатқандығы. Қай уақытта да әйел заты нәзіктігімен, ер адам батыл мінезі, қарышты қадамымен әдемі көрінеді. Қарауылға тұратын еңселі ерлердің қазан-ошақтың қасында жүруінің  ұлтқа опа әпермесі анық. Осыны ескерген жөн.
 
 

Тақырыпқа орай:
– Ауыл алыста. Жатақхананың жайы белгілі. Ата-анамыздан келетін көмек ішіп-жеуімізден артылмайды. Жас болған соң көше кезіп қыдырғың келеді. Оның бәрі артық шығынды талап етеді. Қатарыңнан қалмай әдемі киінуді де қалайсың. Сондықтан, ресторан, кафе, клубтарға даяшы болуға тура келеді. Бұл студент үшін ең тиімді жұмыс. Әрі жеңіл, әрі пайдалы. Сабақтан бос күндері немесе демалыста жұмыс  істеймін. Кейде түнімен жұмыста болып, оқуға бармай ұйықтап қалатын сәттер болады. Бірақ, барынша қалмауға тырысамын. Қайта өзіме жақсы болды. Бұрынғыдай әке-шешемнен көп ақша сұрамаймын. Өз табысым өзімде. Енді, әрине, ер адамның даяшы болып істегені дұрыс та емес шығар. Әйтсе де студент жастарға одан артық жұмыс жоқ.

Айдын
АЙДАРҰЛЫ,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік
университетінің студенті

 
Мұхтар КҮМІСБЕК