Тілек бата емес

Уақыты: 16.03.2018
Оқылды: 2196
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Той-томалақ, басқосуларда кейбір ата-ағаларымыздың бата бере алмай қипақтайтынын көріп жүрміз. Өткен жолы бір танысымның үйіне қонаққа барған болатынмын. Әлгі жердегі аста-төк тамақтан үстелдің белі қайысады. Қазақтың дастарқаны өз көңіліміздей таза әрі құнарлы ғой. Тамақ ішіліп болды. Бізде «рахмет» деп тұрып кету қанымызда жоқ. Үлкеннің рұқсатынсыз, тіпті сол кісілер жамбас көтермейінше, ошарылып отыра беретін едік. Жай кезде даладағы ойынға асығып отыратын бізге дастарқан басындағы үлкендердің әңгімесі қызығырақ көрінетін.

Сонымен не керек, ас ішіліп болды. Үйдің келіні сәлем салып, дастарқандағы табақтарды алып кетті. Батаның да кезегі келіп қалған еді. Бірақ бір қамыққанымыз, әлгі дастарқанда бата беретін аузы дуалы бір ақсақал болмай шықты. Отырғандардың бәрі бір-біріне сілтеп сен айт дегендей аяқтарын түрткілейді. Ақыры жасы үлкен қариямыз сөз құрап, тіл бұрап, тілегін жеткізгендей болды. Бізді осы мәселе қынжылтты.
Бата – халықтың қазынасы. Бата сұрау – ас қабылданып болған соң табақты жинап алудың алдында атқарылатын ғұрып. «Әмин» деп ас қайырып дастарқанға береке, шаңыраққа амандық тілеген батаның жасалуы кезінде үйдің жастары түрегеп тұрады. Бата ұйқасты, ырғақты өлең түрінде айтылады. Бата адамдарды лайықсыз, теріс қылықтардан сақтандырады, ол жастарды, ізгілікті әрі қайырымды істерге баулиды. Қандай да болсын бір іске кірісерде, дастарқаннан дәм татуға отырғанда немесе жол жүріп, алыс сапарға аттанарда ақсақалдардан бата алатын болған. Бата шаңырақ көтеріп, жеке үй-жай болғандарға да беріледі. Қазақтар өздерінің балаларына атақты кісілерден, құрметті қонақтардан бата алып қалуға тырысқан. Ислам дінімен біте қайнасқан бұл дәстүр бұрынғысынан да күшейе түсті. Бата бергенде  оның қабыл болуын Алла Тағаладан тілейді. Ерлер отырғанда әйел бата бермейді. Әйелдер арасында сөз білетін бір ер бала отырса, сол бата беруге тиісті. Міне, даламызда ұрпақпен бірге жасасып келе жатқан батамыздың осындай заңдылықтары бар. 
Әлеуметтік желілерден де, көзбен де көріп жүрміз. Жасамыс кісілер бата берсе құрғақ сөзбен тілек айтып кетіп жатады. Жоқ, бұл сөзімізбен тілекті жоққа шығарғымыз келмейді. Тілекті туған күнде, тағы да басқа кішігірім жиындарда айтқанның әбестігі жоқ. Дегенмен, той-томалақта қариялардан тілек емес, бата күтіледі.
Мейрамханада ас беріліп жатқан еді. Тамақ ішіліп болып, асқа бата сұрайды. Орта жастан енді асқан бір кісі сөзін аяқтап: «Ал, сол үшін алып қояйық», – дегенде отырған халық аң-таң күйде қалып, артынан наразылық білдірген еді. Иә, мұндай ұятты оқиғалар көптеп орын алып жүр. 
Бұрын елге келген ғалымдар, зерттеушілер  қазақ батасының маңызын жазып кеткен-ді. Мысалы, фольклорист-этнограф ғалымдардың бірі А. Васильев өзінің 1905 жылы Орынборда шығарған мақаласында: «Кімде-кім қазақ даласында болса, бата қазақ арасында ерекше назарда болатынын жақсы біледі», – деген. Бұдан аталарымыздың мұқым елге жақсылық тілеп, әр сөзін әрлі, нәрлі жеткізе білгенін көруге болады. 
Тойда сағаттап тілек білдіру бұл да орыстан енген салт деседі. Қазақтың дәстүрінде тойда жасы үлкендер бата беріп, былайға жұрт ән-күй тыңдап, балуандардың күресін тамашалап, түрлі ойын-сауық жасаған. Ал қазір тойда сағаттап тілек айтып, келесілері және қайталайды. «Бақытты болыңыздар» деген сөз бір тойда сан рет қайталанады. Қолына микрофон тимей, сөйлей алмай қалғандары болса, шу шығарғандарын тағы көреміз. Осы мың сан қайталау тілектердің орнына үлкеннің батасымен шымылдығын ашып, ақсақалдың құнарлы сөзімен жиын аяқтайтын болсақ, мұның өзі жастарға үлкен өнеге емес пе?!. Себебі, батаның өмірде қандай маңызға ие екенін халқымыздың: «Баталы құлға бақ қонар», «Баталы құл арымас», – дегенінен көруге болады.

Думан КЕҢШІЛІК