ЖАЗЫ ЖАДЫРАМАҒАН, КӨКТЕМІ КҮЛІМДЕМЕГЕН 2020 ЖЫЛ: НЕ ТҮЙДІК? НЕ ТҮСІНДІК?

Уақыты: 31.12.2020
Оқылды: 1087
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Өткен жыл мен биылғы жылдағы сандарға уақыт өлшемімен қарасақ, бір минуттық айырмашылықты көреміз. Арқаны кеңге салған мамыражай шақта өмірдің сондай қысқа, уақыттың соншалықты жылдам екеніне аса мән бере бермейміз-ау. Ақиқатында өмір аттай тулап, оқтай зулап өтіп жатыр. Ғасырдың төріне шықсаңыз да қамшы сабындай өте шыққан өмір-ай дейді қимас көңіл. Тоқсанға келіп, жүзін  топырақ бүркегенде де «бес күндік жалған-ай» дейміз кейіп. Шариғатта айтылатын қиссаларға зер салсақ, адамзат қауымында ең ұзақ жасаған Нұһ пайғамбар 950 жыл өмір сүріпті. «Ең ұзақ жасаған адамның бірісіз. Бұл өмір қандай екен?», – деген сауалға: «Өмір – үлкен сарай сияқты, бір есігінен кіріп, бір есігінен шығып бара жатасың», – деген екен. Жоғарыда мысалға келтіріп отырған өмірдің бір-екі өлшемі осы қиссаның қазақы түйіні. Қасиетті Құран Кәрімнің Назиғат сүресінің 46-аятында: «Олар қияметті көргенде, дүниеде бір кеш немесе бір сәскелік уақыт қана тұрғандай болады», – дейді. Міне, өлместей көріп, өтпестей сүріп жүрген өміріміздің ауызекі айтып жүрген қас қағым уақытта аяқтала салатынын Алланың кітабы да ақиқатқа шығарып отыр. Тіпті, төрт жылға созылған қанды майданды қаһарман ақын Қасым Аманжолов: «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс», –  деп күркіреп өте шыққан күнге балапты. Жеңіс туы көтерілгенде сонша жылғы қиындықтың жүгі жеңілдеп, бұлт артынан шыққан күндей әсерге бөлегенін айтқаны ғой. Дәл осы диірменнің тасындай шыр айналып өте шыққан бір жылда елімізде не болмады десеңізші?! Басқасын айтпағанның өзінде жыл он екі айдың ішінде басымыздан өткерген індеттің өзі іргемізді шайқап, айналамызды біраз жайпап кетті.

КҮДІК ПЕН КҮМӘН! Өткен жылы «COVID-19» деген атпен Қытайдың Ухань қаласынан шыққан коронавирус індеті күні бүгінге дейін әлемді әбігерге салып, дүниені дүрбелеңге түсіріп отыр. Көзбен көрмесек, көңіліміз сенбейтін пенделікпен алғашында бұл індеттің шығуын сан-саққа жорыдық. Тіпті, Қытай жұртының Қазақстан халқына әдейі жасап отырған қиянаты деп те жорамалдадық. Осы бір індет әуелі жер бетінен қазақ деген ұлтты жойып жіберу үшін жасалып жатқандай пікірлер пішен-пішен айтылып жатты. Қытайдан Еуропаны жайлаған індеттің біздің елге келгеніне де бейғам қарадық.

«Қашайын деп тұрған киік еді, арқасына таяқ тиіп еді» дегендей, өзі әрі-сәрі күй кешіп жүргенде еліміздің сол кездегі бас санитар дәрігері Ж.Бекшиннің «наконец-то» деген бірауыз сөзі күлкіге ғана қалдырған жоқ, тіпті, ел күдігін күрделендіріп жіберді. Төтенше жағдай жарияланып, блок-посттар қойылып, арақатынас үзілсе де көпшіліктің сенбегені рас.

Індеттен көз жұмғандар саны күн санап көбейіп жатқанда Денсаулық сақтау министрлігіне шүйліктік. «Кім қандай жағдайда өліп жатыр? Олардың аты-жөні неге ашық айтылмайды? Неге көрсетілмейді?» деген ауандағы сауалдарды әлеуметтік желі арқылы қарша бораттық. «Бұл үлкен саяси ойын, қолдан жасалған. Біздің билік алып елдердің айтқанынан шықпайды. Әдейі дәрі сеуіп, халықты қырып жатыр»... Не керек, әйтеуір, санаға келген сан сауалды сан-саққа жорыдық. Әсіресе, бұл індет белгілі бір топтың халық санын азайту үшін жасап отырған қиянаты дегенге де ере бастадық. Бұл індетті біреулер шынымен қолдан жасап отырғанымен, бәріміздің басымызға бір күні келетін қияметтің уақыты Алланың ғана құдірет күшінде екенін, адамның есебінен Алланың айласы әлдеқайда күшті әрі нақты болатынына иланғымыз келмеді. Соның нәтижесінде көптің көңіліндегі КҮДІК пен КҮМӘН әлі де басыла қойған жоқ.

ОЛАРДЫ ЖОҚ ДЕУГЕ КӨҢІЛІҢ ҚИМАЙДЫ! «Ашынғаннан  шығады ащы даусым». Ашуға беріліп жүріп: «Өлгендердің ішінде қане, кімнің танысы бар? Кімнің туысы, кімнің жақыны бар?!». Осылайша айғайлап жүріп жамандықты шақырып алғандаймыз. «Абайлап сөйле аузыңа, дұшпанның бірі тіл деген» аталар сөзін ақылымызға алмадық, санамызға салмадық. Нәтижесінде біреу анасынан, біреу әкесінен, біреу баласынан, біреу көкесінен, енді бірі ағасынан, біреуі тәтесінен, бірі досынан айырылып, тосыннан келген ажалға қайғырып үлгере алмай қалдық. Әсіресе, күнде таңертең ФБ парақшасын үреймен ашатын жағдайға жеттік. Біреудің суреті шыға келсе, жазбаны оқығанша көңіліміз астаң-кестең күйге түсті. Бүкіл парақшалар көңіл айтуға толып кетті. Арасында қол жетіп, көз көріп жатқан жетістіктерімізді жариялауға қорықтық.

Анығында ыңғайсыздандық. Қаншама жұрт қара жамылып жатқанда несіне жетісіп отыр екен деп сөз естіп қаламыз ба деп қаймықтық. Әр өңірден танымал тұлғалар мен қоғам қайраткерлері, өнер майталмандарының індеттің кесірінен өмір шырағын өшіріп жатқанын оқып, жанымыз күйзелді. Басқа аймақты айтпағанның өзінде жұмақ мекен деп әспеттелетін Жетісу жерінің қаншама жайсаңдары өмірден өтті. Кеңестер одағы кезінде ұлттың рухын асқақтатқан дала пейіл, бала көңіл Жақсылық ағам Үшкемпіров шапқылап-ақ жүр еді ғой.

Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров ағамыз да аттан түсе қоймаған. Індет басталған күннен елді сақтандырып, екі күннің бірінде телеарна мен газет беттерінде жанашырлығын білдіріп, жанайғайын айтқан облыстың бас санитар дәрігері Қайрат Баймұхамбетов те күтпеген жерден мәңгі өмірге кете барды.

«Омыртқа ішіндегі жұлындаймын, қыз да болсам, әкемнің ұлындаймын» деген қара өлеңнің кейіпкеріндей болып, ерлермен қатар жүріп, бар ғұмырын саясатпен байланыстырған Гүлжиян Мағданқызы да ұзақ жасайтындай көрінетін.

Жастық жігерін туған халқына арнап, облыста басқарма басшылығында шыңдалып, «Халқымның бақыты – менің бақытым» деп Аспантау аясындағы екі ауданды басқарып келіп, көпұлтты, айғай-шуы басым, күрделеніп қалған мәселелері көп Талғар ауданын аяғынан тік тұрғызып келе жатқан Жолан бауырым Ыбырайақынұлын аяқ асты жоқтап қалатынымызды білген де жоқпыз.

Театр мен кино өнері арқылы сахна мен экранның бекзадасына айналған, әзілінің астарында зіл жататын Дархан Дайырбек ағамды өтерінен аз күн бұрын "Ю-туб" каналының тікелей эфирінен көріп қалып едім ғой. Кешегі Біржан сал мен Ақан серінің сарқытындай, үкілі домбырасымен сахна төріне көтеріліп, Арқаның әніне салғанда арқаланып кететін Ерлан Стамғазиев ағамнан айырылып, ұстазы Қайрат Байбосынов сыйлаған домбырасын музейге өткіземіз деп пе едік?!

Осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын Талдықорған театрының уығы болып қадалып, аумалы-төкпелі уақытта жайлы жер іздеп кетпеген, өмірінің соңына дейін осы өнер шаңырағының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген Азат ағам Базаркелдіден көз жазып қалу ойымызда болса қанеки?! Іргемізден шыққан індеттің ішімізге дендеп енгені де сол уақыт болатын. Амал қанша, небір асылдарымыз бен талай жақындарымыздан айырылып қалдық. Мейірімді Алла жайсаң жандарды панасына алып, рахым етсе екен.

ҚҰДАЙДАН ҚОРЫҚ, АДАМНАН ҰЯЛ! Данышпан Абай атам-ай, дәл осы ақылыңызды тыңдап, амалына айналдырып жатқандар жоқтың қасы күніне қырық құбылған мына қоғамда. Елді дүрбелеңге салған індетке төтеп бере алмай, медицинамыздың арты ашылған тұста біраз пенденің беті ашылды. Адамгершілік, жанашырлық, қамқорлық сияқты ақыл-есі дұрыс адамның бойында кездесетін ізгі қасиеттен жұрдай жандар көршісінің үйі өртенсе, қойының басын ұйтып алғысы келетіннің керін келтіріп, ауадан ақша жасап, дәніккеннен құныққанның жаман екенін көрсетіп берді. Әлеуметтік желілерден сарымсақ, лимон, хрен, имбир, қойдың құйрық майы дейсіз ба, әйтеуір, «бұл дертке мынау ем екен» дегеннің бәрінің бағасы сол күні-ақ аспандап шыға келді. 

Қадағалау органдары ай қарап, жұлдыз санап жүрді ме, сатушылардан бастап, дәріханалар түгелге дерлік бет-бетімен кетті. Арғы тарихты қозғамағанның өзінде кешегі қырық бірінші жылы басталған соғыста баласының аузынан жырып жүріп, бір түйір бидай болсын майдан даласына жіберіп, ауылдағылар бір үзім нанын бөлісіп, өздері ғана емес, тағдыр тәлейімен жер аударылып келген өзге ұлт өкілдерін төрге оздырып, өздері төменде отырып-ақ бұйырғанын жеген жүрегі мейірімге, жаны жанашырлыққа толы ата мен апалардың ұрпағы емес пе едік?! Үлкендеріміз қиналғанның қасынан табылып, жылағанды жұбатып, құлағанды сүйеуді үйретіп-ақ кетіп еді ғой!

Жығылғанға жұдырық болатындай неге соншалық азғындап кеттік?! Жақынына жаны ашығандар жердің шалғайлығына қарамай төрт тараптағы туыс-таныстарына хабарласып, дәрі іздеп, сарсаңға түсті. Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрдік. Болары болып, бояуы сіңуге жақындағанда «СҚ-Фармацияның» қоймасында ел іздеп, емге таппаған қарапайым дәрілердің самсап тұрғанын көрсетті. Өзі туған ұлтына, өзінің айналасындағы жұртына осындай қастық жасаған пенденің әрекетін көргенде марқұм әжемнің қатты ашуланғанда айтатын сөзі есіме түсті: «Құдайдан жетсін!» Менің де бұдан басқа айтатын сөзім болмады және құдайдан жететініне сендім. Соншама елдің қарғысы дәл осылай қиянатты жасағандар мен соларға мүмкіндік бергендерді жібермейді.

Мына дүниеде «Құдайдан қорықпаған, адамнан ұялмаған» пенделердің Алла алдында бәрібір сұралатынын ойлағанда көңілім жай тапты. Бұл індетте көп адам дәрінің тапшылығынан көз жұмса, біразы қайырымды адамдардың жақсылығынан аман қалып жатты. Үкімет болса халыққа берген 42 500 теңгесін қанағат тұтып, қалғанын үнемдеп отырғанда қайырымды жандар тиыннан теңге құрап, алыс-жақын шетелдерден жасанды тыныс алу аппараттары мен дәрі-дәрмек жеткізіп, жұмыла көтерген жүктің жеңіл екендігін, бірлік бар жерде тірлік бар екенін дәлелдеді. Былайғы уақытта атаға бөлініп, өз руының аты шыққанын мақтан тұтқанымен, ел басына екі талай күн туса жұдырықтай жұмылатын қасиетіміздің қанымызда әлі бар екенін көрсетті. Құдайым осы қасиетімізден айырмағай!

САҚТАНСАҢ – САҚТАЙДЫ! «Той десе, қу бас домалайды» деген сөз өміріміздің өзегіне айналғандай. «Ертең тас жауады десе, жауған кезде көреміз» деген бейғамдығымыз тағы бар. Індет алғаш дүрліктіріп жатқанда Еуропа елдерінен Италия халқы қатты зардап шекті. Оған негізгі себеп – италяндықтардың сауықшылдығы екенін жарыса айтты ақпарат құралдары. Біз де сондай халықпыз. «Ұят болады!» деп құдамыздың құдалығына барып, ағайынның асына қатысып, сол жерде жабысқан вирусты өз ошағымызға әкеліп, індеттің таралуына ғана емес, жақындарымыздың өмірден өтіп кетуіне себепші болып жаттық. Қой десе – қоймаймыз, той – десе тойлаймыз. «Құдай сақтасын!» деген сөз жанымызға демеу. Құдай тағаланың сақтанғанды ғана сақтайтынын біле тұра, тәуекелшілміз. Мейрамханалар мен кафелердің алдына құлып салып, артқы есіктен кіріп алып, басқосуымызды жасап жатырмыз. 

Бақсының жыны болмаса да, баланың ойыны сияқты әрекетіміз. Миллиондап айып салынып жатқанымен «атам жаудан қайтпаған» деп қайтатын түріміз жоқ. Бұл жаудың беті күшті. Кез келген бекіністі бұзбай-ақ кіре береді.  Құдай тойдан айырмасын-ау! Бірақ сол тойға жету үшін қазір бізге сабырлық қылып, сақтық шараларын берік ұстанғанымыз жөн. Тышқан жылы інімізге бір-ақ тықты. Біз үшін жыл басы Наурызда дегенімізбен әлемдік күнтізбеде бір жылды аяқтадық. Сиыр жылы аузымыз ақтан арылмай, уызымызға жарып, сүті мол болып, айраны дертке шипа, қатығы бойға қуат, құрты індетті құртып, еңсесі биік еркін елде, басшысы Құдайдан қорқып, адамнан ұялатын мемлекетте өмір сүруімізді нәсіп етсін. Іргеміз берік, ел іші тыныш болғай, жерімізге ырыс толғай! 

Жұматай ОСПАНҰЛЫ