Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

КОРОНАВИРУС: БІР АДАМНЫҢ ЖАУАПСЫЗДЫҒЫ БҮКІЛ ҚОҒАМҒА НҰҚСАН КЕЛТІРЕДІ

Уақыты: 05.04.2021
Оқылды: 350
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты еліміз наурыздың соңында қайтадан "қызыл аймаққа" өтті. Қазір вирус жұқтырғандар саны күрт артып, жаз айларындағы қауіпті деңгей қайтадан байқалып отыр.

Елімізде коронавирустың таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ақпаратына сүйенсек, 2020 жылдың наурыз айынан бері Қазақстанда 255 мың адамнан коронавирус анықтылып, 3110 адам қайтыс болған. Бұл көрсеткіш күннен-күнге өсуде. Соңғы кезде вирус жұқтырғандар саны тәулігіне 2000-нан асты.

Бұл – өткен жылғы індеттің шарықтау шегінен соң алғаш байқалған қауіпті көрсеткіш. Денсаулық сақтау саласының мамандары аурудың бұлайша тез қарқынмен күш алуын адамдардың сақтық шараларын босаңсытып алғанымен байланыстырады. Яғни, қатаң шектеулерден соң, күзде індеттің біртіндеп саябырлап, қысқа қарай тұрақтала бастауымен бірге ел тұрғындары да белгіленген санитарлық ережелерді ұмыт қалдырды. Індеттің қайта өршуі Жаңа жылдан соң байқалды. Көктем мерекесінен кейін тіпті ушығып кетті. Себебі, айтпаса да түсінікті.

Індеттің адамнан-адамға ауа арқылы өкпеден шыққан демнен таралатынын ескерсек, тазалыққа мән берудің, бетперде тағып, арақашықтықты қатаң сақтаудың және көп адам жиналатын әлеуметтік шаралардан бас тартудың маңызы зор.

Қаламасақ та, ковид вирусы біздің өмір дағдыларымызды өзгертуде. Қазір тұтас әлем елдері аурудың қауіптілігін ескеріп, қатаң тәртіпті саналы түрде орындайтын қоғамдық ұстанымға айналдыруда. Тәжірибелі дәрігерлер, ғалымдар вирус қаншалықты көп таралса, соншалықты тез мутацияға ұшырайтынын, бұл індеттің бастапқы белгілерін өзгертуі, таралу жылдамдығын арттыруы және қауіптілігін еселеп жіберуі мүмкін екенін ескертуде.

Айталық, құрғақ жөтел, дене қызуы, иіс пен дәм сезбей қалу – «Ковид-19» вирусының белгілері ретінде қаралып келеді. Алайда басқа мутацияларға қарағанда адам өміріне қауіпті деп саналған британиялық штамға жөтел, қатты шаршау және бұлшық еттердің ауруы сынды симптом тән. Ал дәм мен иіс сезудің жоғалуы онша біліне бермейтін көрінеді. Жаңа штамдардың тағы бір ерекшелігі – репродуктивті және жұғу көрсеткіші жоғары.

Вирустың мутацияға ұшырау ықтималдығы жұқтырған адамдар жиілігінің артуына байланысты. Сондықтан, алдын алатын барлық қағидаларды қатаң сақтауымыз, сонымен бірге, вакцинациялау науқанына белсенді атсалысуымыз керек.

Әрине, вакцина салдыруды әрбір азамат өз еркімен қабылдайды. Мамандардың пікірінше, қауіпті індетке қарсы қалқан – әлеуметтік иммунитет. Ол үшін екпе алуы тиіс халықтың ауқымды бөлігін қамтуы керек. Бұл бәрімізге ортақ жауапкершілік жүктейді.

Бүгінде қалалық мониторинг топ мүшелері халыққа қызмет көрсететін орындарды, дүкендер мен дәмханаларды аралап, санитарлық талаптарды сақтаудың маңыздылығын еске салады, ережелерді елемегендерге ескерту жасайды. Десе де, өзінің және отбасының, көптің денсаулығына немқұрайды қарайтындар әлі де табылады. Бір адамның жауапкерсіздігі көптің мүддесіне селкеу түсіретінін естен шығармауымыз, індетке қарсы барлық қажетті қағидаларды тұтас қоғам болып саналы түрде қолға алуымыз керек. Ол үшін әрбір адам өзіне жауапты бола білуі тиіс. Сонда ғана берік қалқан қалыптасады. 

Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ

Текелі қаласы әкімінің баспасөз хатшысы

Сурет - ғаламтордан