Қарабұлақ ауылында блокты-модульдік медициналық стансы пайдалануға берілді

Уақыты: 23.09.2023
Оқылды: 794
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Елімізде алғашқы болып Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында блокты-модульдік конструкция технологиясы бойынша салынған алғашқы жедел медициналық жәрдем қосалқы стансысы пайдалануға берілді. Заман талабына сай салынған ғимарат алғашқы медициналық көмек көрсету құрылғыларымен толық жабдықталған.

 – Денсаулық саласы бойынша ауданда жұмыс жүйелі жүріп жатыр. Медициналық қызметтің жаңаруы – білікті мамандардың шоғырлануына, сапалы жұмыс түрін ұйымдастыруға барынша серпін береді. Облыс тарапынан қаржы бөлініп, Қарабұлақта осындай ғимарат салынды,– дейді аудан әкімі Елдос Ахметов. Артынша аудан әкімі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров ғимаратқа кірер тұстағы қызыл лентаны салтанатты түрде кесіп, қызметкерлерге сәттілік тіледі. 

Ғимараттың жалпы ауданы – 100 шаршы метр, 6 бөлмеден тұрады. Тәулігіне қосалқы стансы да аға фельдшер, аға жүргізуші және құрамында 4 фельдшер мен 4 жүргізуші бар 4 бригада жұмыс істейді. Құрылысты жүргізген – «Qaz damu constrution». Бұған дейін әкімшіліктің жертөлесінде жұмыс істеп келген «Жедел жәрдем» қызметіндегілер көлік қоятын арнайы орынға дейін ойластырылғанына алғыс білдірді. 

Жалпы, Ескелді ауданында медицина бағыты бойынша көптеген игі іс жүзеге асып жатыр. Мәселен, 2021 жылы Биғаш, 2022 жылы Абай, Теректі, Қоржымбай ауылдарында блокты-модульді медициналық пункт ашылды. Биыл Бөктерлі, Өтенай, Жеңдік ауылдарында жаңа медициналық пункттердің құрылысы қарқын алды. Ал Жетісу ауылындағы амбулаторияға күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі.

Серік ҚАНТАЙ