Алғашқы медициналық көмек жақсарады

Уақыты: 27.09.2023
Оқылды: 876
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі  Әлихан СМАЙЫЛОВТЫҢ төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыру жайы айтылды.

Селекторлық жиында Үкімет басшысы денсаулық сақтау нысандарын  медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету  84%-ды құрайтынын, олардың жартысынан көбі тозғанын айтып, болашақта алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарын талапқа сай жақбдықтау керектігіне тоқталды.

Отырыста медицина саласын цифрландыру, соның ішінде аудандық, ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарын жоғары жылдамдықты интернетке қосуды жылдамдатуды тапсырды.

Өз кезегінде сөз алған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният соңғы 3 жылда амбулаториялық деңгейде қаржыландыру өскенін, консультациялық-диагностикалық көмекпен қамту 7 есеге, қымбат КТ қызметтерінің қолжетімділігі 9 есеге, МРТ қолжетімділігі 6 есеге ұлғайғанын айтты.

Бұл орайда біздің облыста 361 денсаулық сақтау мекемесі бар. Оның 279-ы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Облыстың шалғайдағы елді мекендерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету үшін  8 жылжымалы медициналық пункт жұмыс істейді. 2023 жылы жоспарланған ауылдық елді мекендердегі 27 блок-модульдік кешендердің 11-і орнатылды. Қалған 16-сы жылдың соңына дейін орнатылмақ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, 2025 жылға дейін 40 блок-модульдік кешен мен медициналық пункт орнату жоспарлануда. Сонда халықты алғашқы медициналық көмекпен толық қамтуға мүмкіндік туады.

Селекторлық жиында стихиялық қоқыстарды жою шаралары талқыланды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ғарыш арқылы жасалған мониторинг көмегімен анықталған стихиялық қоқыс үйінділерінің 77%-ы жойылғанын баяндап, стихиялық қоқыс үйінділері пайда болмас үшін кәсіпкерлік нысандарын қадағалауға күш салынып жатқанын, оларға заңнамалық деңгейде лицензиялау мен хабарлама жіберу тәртібі енгізілгенін жеткізді.

Қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін айыппұл көлемі өскендігі, қалдықтарды тасымалдауды анықтау мақсатында ведомствоаралық мобильді топтар рейд жүргізетіні баяндалды. Баяндамашының сөзінше биыл жыл басынан бері 63 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

Осыған орай Үкімет басшысы Әлихан Смайылов:

«Осы жылдың наурыз, қыркүйек аралығында ғана 5,5 мың рұқсат етілмеген жерлердегі қоқыс орындары табылды. Бұл ретте, әкімшілік айыппұл салу жағдайды жақсартпай отыр. Яғни, қоқысты полигонға апарып тастағаннан гөрі, айыппұл төлей салған тиімді болып тұр. Мұндай тәсілді өзгерту керек. Қалдықтармен жұмыс істеудің және оны кәдеге жаратудың нақты жүйесін қалыптастыру қажет», – деп атап өтті.

Жетісі облысының аумағында 7 полигон және 182 тұрмыстық қатты қалдықтарды уақытша сақтауға арналған орын бар. Жыл сайын 220 мың тоннаға жуық қалдық шоғырланады. Жыл басынан бері облыс аумағында анықталған 177 қоқыс орнының 152-сі жойылды. Қалғандарын жою шаралары жүргізілуде. Селекторлық жиын соңында жауапты министрліктерге айтылған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді. Жергілікті әкімдіктерге нақты деректер дайындап беру ұсынылды.

Гүлжан ТҰРСЫН