"БЕЙҚАМДЫҚ БАСЫМ": ТАЛҒАРДА КОРОНАВИРУСҚА БАЙЛАНЫСТЫ РЕЙД ЖҮРГІЗІЛДІ

Уақыты: 06.06.2020
Оқылды: 1229
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талғар ауданында індет жұқтырғандар саны 30-дан асып кетті. Карантиндік шаралардың жеңілдетілуіне байланысты бірқатар нысан қайта іске қосылып, жұмыстарын бастады. Осыған орай, құрамында Талғар аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау мекемесінің, әкімдік пен кәсіпкерлік бөлімінің және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері бар мониторингтік топ халық көп шоғырланатын нысандарға рейд жүргізді.

Жалпы, өңірде 130-ға жуық кәсіпкерлік нысан халыққа қызмет көрсетеді. Солардың бүгінде 30-дан астамы өтінім беріп, олардың 13-і іске қосылғаны жайында Талғар аудандық бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Бексұлтан Манарбекұлы баяндады.

- Пандемияның салдарынан 2 айдан астам уақыт жұмысын тоқтатқан азық-түлік дүкендері, базарлар мен спорттық кешендер қайта қызметтеріне кірісуде. Алдын ала өтінімдер қаралып, дайындықтары кезек-кезегімен тексеріліп, санитарлық-эпидемиологиялық шаралары сақадай-сай болғанда ғана жұмыстарын бастауға рұқсат етіледі. Санитарлық нормалар қатаң сақталмаған жағдайда жабылады. Бұл күнде «Ақбұлақ», «АИВА» спорттық-сауықтыру кешендері, орталық «Тәуіп» әмбебеп базары, 2 сұлулық салоны мен азық-түлік дүкендері жұмыстарын бастады. Олардың барлығы карантиндік талаптардың сақталуына баса назар аударуда. Десек те, тұрғындар арасында әлі де болса бейқамдық басым, – дейді.

Мониторингтік топ құрамымен бірлесіп, біз де біраз нысанның жұмыстарын бақылап көрдік. Алғашқы болып «Қазпошта» бөлімшесіне бас сұққан едік. Мекеме ауласынан 1,5 метрлік ара қашықтықты сақтау сызбаларын көзіміз шалды. Ғимараттың табалдырығын аттаған бойда қолымызды залалсыздандырып, одан соң аталған мекеменің басшысы Ерболат Сарқұловтың өзі арнайы құрылғымен дене қызуымызды өлшегеннен соң ішке ендік. Тұтынушыларға 7 касса қызмет көрсетуде. Мамандар мен тұтынушылардың барлығы да бетберде киген. Залда карантиндік нормалардың сақталатыны бірден байқалады.

Нысандарды мобильдік топ күнделікті кесте бойынша аралап, санитарлық талаптардың сақталуын қадағалайды және талапқа сай нысандардың жұмысын жалғастыруына рұқсат береді. Аталған нысандардың барлығы сертификаты бар санитайзер, дизтөсеніш, арнайы қоқыс жәшіктерімен қамтылған. Сондай-ақ, қолды залаласыздандыру, қорғану, бетперде тағу, ара қашықтықты сақтау сынды сақтық шараларының нұсқалары ілінген.

Жалпы аумағы 2.75 га жерді алып жатқан «Тәуіп» әмбебап базарында 300-ге жуық кәсіпкер нәсібін тауып отыр. Карантиннің жеңілдетіліп, жұмыс орнының ашылғанын асыға күткен саудагерлердің жұмыстары да қыза түскенге ұқсайды.

Талғар қаласындағы орталық базарға ағылған адам қарасы қалың. Бірақ оларға шектеулер қойылған. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай тұтынушылардың ара қашықтықты сақтап, температураларын бақылау жолға қойылған. Бұл мақсатта базар әкімшілігінің он шақты қызметкері тікесінен-тік қызмет көрсетуде.

- Екі-үш ай үйде отырып қалған халықтың базарға келіп, керек-жарағын алып, қалыпты жағдайға кіріскеніне аз уақыт өтті. Санитарлық шарала қатаң бақылауда. Базар аумағына кірген адамадардың барлығының температурасы жіті қадағаланады. Жұмыс басталғалы қызуы көтерілген адамдар кезікпеді. Сауданың жүруіне, халықтың нәпақа табуына жағдай жасалуда. Осыны сезінген сатушы да, сатып алушы да ескертпелерді оқып, тәртіпке бағынып жатыр, - дейді «Тәуіп» әмбебап базарының мал дәрігерлік меңгерушісі Болат Қапизұлы.

Бүгінде «SMАLL» сауда орталығы мен сұлулық салондарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында да талапқа сай жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар, аудандағы 97 балабақшаның 53-і ашылып, балаларды қабылдаған.

Ұлбосын ИСАБЕК

Фото - автор

Талғар ауданы

Алматы облысы