ЖАҚСЫЛЫҚ ҮШКЕМПІРОВ ЖАЙЛЫ КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Уақыты: 09.06.2021
Оқылды: 2034

Сәрсенбінің сәтті күні Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сәуле Досжанның грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы,  Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров жайлы жазған «Біртуар» атты кітабының тұсауы кесілді. Жиынға облыс әкімі Амандық Баталов, кітап авторы және спорт саңлақтары мен Жақсылық Үшкемпіровтің жолдастары қатысты.

Күллі әлемге Алаштың атын танытып, қазақтың мақтанышына айналған ақ маңдай ұлы Жақсылық Үшкемпіров өткен жылы дүниеден озған еді. Тұңғыш чемпионның қазасы мұқым қазақ жұртының қабырғасын қайыстырып, әр жүректі сыздатқаны анық. Міне, бір жыл өткенде Сәуле Мағазбекқызының туындысы жарыққа шықты. 
Салтанатты жиын басталмай тұрып, облыс әкімі Амандық Баталов кітап көрмесін аралап шықты. Мұнда Жақсылық Үшкемпіров жайлы жазылған әр автордың кітаптары, жеңіс тұғырынан қол бұлғаған суреттері және жарыста ұтып алған медальдары қойылған.
Жиналысты жүргізіп отырған Амандық Ғаббаcұлы ең бірінші Жақсылық Үшкемпіров жайлы кеңінен әңгімеледі.
– Жақсылық Үшкемпіров бүтін қазақ халқының мақтанышы. Мәскеу Олимпиадасынан алтын алған кезінде қуанбаған қазақ болмады. 80-жылы дүниеге келген қазақ баласының есімдері Жақсылықтың құрметіне қойылды. Расымен де Жақсылық қазақтың жақсылығына айналды. Жақсылықтай чемпион боламын деген жас жеткіншектер, Жақаңның соңынан ерді. Қаншама балдырған спортқа аяқ басты.  Осының барлығы Жақсылық Үшкемпіровтің өзіне тән, бойындағы асыл қасиеттерінің арқасы. Үлкен спорттан қолүзгеннен кейін ауыл шаруашылығын дамытуға бел буды. Кәсібі де өрге домалап, елдің экономикасына өлшеусіз үлес қосты. Қажырлы еңбегінің арқасында Еңбек Ері атанды. Бұл нағыз іскер және батыл адамның ғана қолынан келеді. Олай болса, Жақсылық нағыз батыр адам.
Осындай жүрекжарды сөзін арнаған облыс әкімі келесі сөз кезегін мемлекет және қоғам қайраткері Сәт Тоқпақбаевқа берді.
Сәт Бесімбайұлы бала Жақсылықтан аға Жақсылыққа дейінгі аралықтағы біраз естеліктерді тілге тиек етіп, тұңғыш чемпионның асыл қасиеттерін айтып өтті. Оның жүріп өткен жолы кейінгі жас ұрпаққа өнеге екенін айта келе, бүгінгі туынды нағыз қазақ баласының жаттап оқитын асыл қазынасы болатынын айта кетті.
Одан кейінгі сөз алған ардагер спортшы, грек-рим күресінің бапкері Таңат Сағындықов, ақын Бауыржан Жақып чемпион Жақсылық Үшкемпіров жайлы жақсы естеліктер айтып, кітаптың авторына және қолдау білдірген облыс әкімі Амандық Баталовқа алғысын білдірді. Жиын соңында Амандық Ғаббасұлы және Жақсылық Үшкемпіровтің зайыбы  Күлпан және ұлы  Елдос, ақын Бауыржан Жақып, кітап авторы Сәуле Досжан мен Сәт Тоқпақбаев лентаны қиып, жаңа туындының тұсауын кесті.
Кітапта автор Жақсылық Үшкемпіровтің балалық шағынан бүгінгі күнге дейінгі кездерін әңгімелеп шыққан. Кітап бес бөлімнен тұрады, қазақ және орыс тілдерінде жазылған.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ